№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Бақытқа бөлейтін мекен

Бақытқа бөлейтін мекен


«Еңбексүйгіш елдің еңсесі биік» дейді халық даналығы. Бұл тұрғыдан келгенде біліктілік пен шыдамдылықты қатар талап ететін жауапты мамандық иелерінің бәсі тіпті биік. Әсіресе жиырма төрт сағат бойы тынымсыз еңбек ететін перзентхана бөлімінің атқарар жүгі ауыр. Бұл мамандықтың ерекшелігі сол дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Өйткені дүние есігін енді ашқан сәбиді аман-сау ана құшағына табыстау – мұндағы әр қызметкердің асыл міндеті.  Міне, осы мақсатта бүгінгі перзентхана бөлімінің тыныс-тіршілігін білу үшін бөлім меңгерушісі Руслан Садықовты әңгімеге тартқан едік.

Өз міндетіне жауапкершілікпен қа­рай­тын бұл бөлімнің қызмет­керлерінің әр күні шырылдаған нәрес­тенің дүниеге келуімен байланысты. Мұны өздеріне ең қуанышты, ең ғажап құбылыс деп қабылдайтын олар еміреніп бала сүйіп, ана болу бақытын сезінудің қандай екенін жақсы түсінеді. Өмірге ұрпақ әкелу, оңай іс емес. Сондықтан жүкті әйелдің басынан өтетін сынақта солардан кем қиналмайтын, уақытпен санаспай ана мен бала күзетінде қырағылық танытып, қос тағдырдың өмірін сақтауда бірден бір жауапты сала мамандарының еңбегі өлшеусіз.
– Ана мен бала денсаулығын нығай­ту жолында мемлекетімізде барлық жағдайлар жасалып келеді. Әйел жүкті болғаннан бастап есепке алынып, дәрігерлердің қарауында болады. Егер барлық жүкті келіншектер дәрігердің нұсқауларын мүлтіксіз орындап, ақыл-кеңесін дер кезінде пайдаланып отырса, дені сау бала дүниеге келеді. Мұнда жұмыс жасағаныма он алты жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында қаншама сәбидің кіндігін кесіп, өмірге келуіне септігімді тигіздім. Бұл мен үшін зор мәртебе, – дейді перзентхана бөлімінің меңгерушісі Руслан Бақытбекұлы.
Сондай-ақ меңгерушінің сөзінен бөлімде шала туған нәрестені күту, ертерек емізу, ана мен баланың бірге болуы, талап бойынша тамақтандыру, босануға психопрофилактикалық дай­ындау, серіктес босанулар, босануда және кесар тілігі операциясы кезінде жансыздандырудың заманауи жаңа әдістерін сауатты іске асыру жолға қойылғанын білдік. Ол үшін мамандар үнемі тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болады екен.
Дәрігер Русланның сөзінше, күн сайын сәбилер дүниеге келетін құтханада осы күнге дейін босанған аналар үшін үлкен мәселе болып келген ыстық судың жайы да шешіліп, бүкіл қажетті деген жағдай жасалған. Бұл жайт аурухана басшылығының тікелей бақылауында. Өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын сала мамандары сапаға негіз қалауда.
– Өмірге ұрпақтың келуі маңызды үрдіс. Болашақ мемлекет иелерінің саулығы бүгінгі ананың саулығымен тікелей байланысты. Бұл бөлімнің мамандары сол үшін жаңалықты жатсынбай қабылдап, жаңа технологияларды мең­геріп, ана мен баланың амандығы үшін еңбек етуде. Ал олардың басты мақсаты – балапанын бауырына басып, қуанған ананың жымиған жүзін көру,– деп жұмыс барысындағы миссиясымен бөлісті меңгеруші.
Оның сөзінше, 2020 жылы 1845 әйел босанса, бұл көрсеткіш 2021 жылы 2130 балаға өскен. Оның 8-і егіз бала болса 131-і кесар тілігімен босанып, 4 бала өлімі тіркелген. Ал биылғы жылдың үш айында 557 бала дүние келсе, оның 2-еуі егіз бала. Соның ішінде кесар тілігімен 41 бала өмірге келіпті.
Қандай да бір қиын жағдай бола қалса, бірнеше дәрігер консилиум жасап шешетіні белгілі. Осы ретте дәрігерлер әр болашақ ана балаға да көп нәрсенің қажеті жоқ екенін, оған тек қалыпты жайлылықтың сақталуы қадағаланса дейді.
Енді өмірге келетін сәбиімен қауышар аналар үшін перзентхана бөлімінде қандай жағдай жасалған, олар қиналмай босану үшін қандай  әдіс-тәсіл қолданасыздар деген сауалымызға жоғары білікті дәрігер Руслан Ба­қытбекұлы былайша жауап қатты.
– Біздің апа-әжелеріміз қолданған көне әдістер, бүгінде жаңа әдіс ретінде қолданылып келеді. Бірақ оны тым жаңа деп қабылдауға әсте келмес. Өйткені бұрынғы аналарымыз «Жаратқан Иеміз өзі түйген түйінін өзі шешеді» деп керегеге асылып та, кереуетке таянып та дүниеге ұрпақ әкелген ғой. Қазір сол әдіс кеңінен қолданыста. Бұрынғыдай әйелдерді креслоға жатқызып босандыру жоқ. Бүгінде босанатын бөлмеде қажетті деген жағдай жасалған. Мұның бәрі ананың табиғи босануына қызмет жасайды. Өйткені дүниеге ұрпақ әкелу физиологиялық үрдіс. Босану кезіндегі серіктестің қатысуы қиналған әйелге психологиялық жағынан да, күш-қуат жағынан да үлкен көмек. «Қауіпсіз ана» жобасының басты қағидаты да артық дәрі-дәрмекті қолданбай босандыру. Осы жағдайдың бәрі дені сау баланың өмірге келуі үшін жасалған, – деді ол.
Иә, адам баласы үшін тіршілік арнасының алтын табалдырығындай перзентхананың бүгінгі жағдайы осындай. Сондықтан жас аналарға мемлекет пен дәрігерлер тарапынан қамқорлық көзқарасты арттыра түскен жөн.

                                                                                                                                      Лаура БИБАСАРОВА
01 мамыр 2022 ж. 239 0