№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Мерейлі маман


Күн сайын перзентханада қаншама сәби дүние есігін ашады. Акушер, гинекологтер сәбиді алғаш қолға алып, кіндігін кесіп, босанған ананың қолына ұстатады. Бұл бір жағынан, аса жауапты, әрі сауапты іс. Осындай мндетті абыроймен атқарып жүргеннің бірі – Жұлдыз Абсаттароваға арнайы жолықтық.


Жастайынан дәрігер болуды мұрат етіп, Қызылорда медициналық колледжіне оқуға түсіп, білім алады. Алғашқы еңбек жолын Сүттіқұдық елді-мекенінде акушер қызметінен бастайды. 2006-2012 жылы Ханзада Байниязова басқаратын балалар бөлімінде мейірбике болады. 2012 жылдан перзентхана бөлімінде аға мейірбике қызметіне ауысып, абыроймен атқарып келеді.
Адам мамандығын жақсы көруі тиіс, сосын ізденіспен ұштап, еңбектенуі тиіс. Сонда ғана кәсіби маманға айналады. Жұлдыздың ізденісінен осыны аңғаруға болады. Білімін жетілдіру үшін әлемнің озық акушер-геникологтарының еңбектерін оқып, соңы тәжирибемен ұштауды әдетке айналдырды. 2017 жылы Қорқыт ата атындағы университетіне оқуға түсіп, деффектолог, психолог, логопед мамандығын игерді.
– Әйел бақытының ғажабы – бала сүйіп, ана атану. Ал, қазақ бала тәрбиесіне қашанда құрсақтан мән беріп, өмірін ұзартатынына қуанған. Перзетханада осындай қуанышты сәттерді көріп, өзіміз де рухани серпіліп қаламыз. Біз үшін ең маңыздысы – орталыққа бар үмітін артып, тоғыз ай, тоғыз күн көтерген перзентімді аман-есен өмірге әкеліп, бауырыма бассам деген аналардың ақ тілегінің орындалуына дәнекер болу, – дейді кейіпкеріміз.
Ол өз қызметінің басты өлшемі – ана мен баланың өмірін сақтау екенін жан-жүрегімен түсінеді. Дәрігерлер үшін мұнда жүкті әйелдер келіп түскеннен бастап, олардың өмірге сәби әкелетін алғашқы минуттары өте маңызды. Себебі баланың өмірге келуі күрделі процесс. Сондай-ақ орталықтың әрбір бөлімшесінде диагностика және емдеу алгоритмі бойынша жұмыс жүргізіледі. Егер жүкті әйел ауыр жағдайда түссе, дәрігерлер шұғыл медициналық көмекке кіріседі. Ең бастысы акушер-гинеколог дәрігер ана мен баланың денсаулығын басты назарда ұстайды.
Перзентхана – адамға өмір сыйлайтын құтхана десек, онда қызмет етуде бойыңа адамдық, адалдық қасиеттерін сіңіруің қажет. Себебі, дүниеге бейкүнә перзент келетін жерде адал жандар ғана өзгелерге қуаныш сыйлай алады. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына бағынбайтын қызмет түріне тек өз ісін құрметтейтіндер ғана төзе алады. Ал, қызмет бабында кездескен қиындықтар мамандарды кәсіби шыңдай түсетіні ақиқат. Осындай тәжірибе алаңында шыңдалған перзентхана бөлімінде соңғы жылдары ана мен бала өлімі тіркелген жоқ. Әрине, мұндай еселі еңбекте Жұлдыз Амзеханқызының да еңбегі бар.
– Перзентханада істеген жылдары көп нәрсені үйрендім. Ауруы асқынған аналарға көмектесіп, отадан кейін түзеліп кетуі үшін көмегімді аямадым. Ол уақытта медицина қызметкерлерінің барлығы алдымызға келген науқасқа жаны ашып, оның сауығып кетуі үшін бар күшімізді саламыз. Өмірге дені сау ұрпақ әкелу бірінші кезекте анаға байланысты. Әйел бақыты ана атану болғанымен, ауру әйелден сау сәбидің тумайтынын да ұмытпаған жөн. Болашақ аналарға айтарым, баланың өмірге келуі – бұл тек қуаныш қана емес, үлкен отбасылық жауапкершілік. Жүктілікті алдын ала тексеруден өтіп, денсаулығын түзеген соң жоспарлаған дұрыс, – дейді тәжірибесі мол медбике.
Қазір медицина мамандары коронавируспен күресіп жатыр. Біздің кейіпкеріміз де осы майданда қызмет етуде.
– Біздің мойнымызда үлкен жауапкершілік бар. Ол халық денсаулығы үшін міндетті адал атқару. Осы ретте індет ошағында жұмыс істеп жүрген барлық медицина мамандарына сарқылмас төзім тілеймін. Бұл – уақытша құбылыс. Бір жұдырықтай біріксек, бәрін жеңеміз, – дейді Жұлдыз Амзеханқызы.
Кейіпкеріміз қызмет орнында білікті, еңбекқор маман болғанымен қатар, шаңырағында бір үйдің ұйытқысы, аяулы ана, асыл жар екенін естен шығарған емес. Жолдасы Ғалымжан Сабырханұлы да аудандық ауруханада рентгенолог-дәрігер. Екеуі екі ұл, бір қызды тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Үлкен ұлы Олжас мұнай саласын таңдаса, екінші ұлы Досымжан тіс дәрігері, ал кенжесі Іңкәр анасының жолын жалғап акушер-гениколог болуды мақсат етіп отыр.

Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ

12 мамыр 2021 ж. 481 0