№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Ізгі мақсат иесі


Аудандық перинеталдық орталықта 13 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан Дүрдана бала кезінен ақ халатты абзал жан болуды армандады. Сол үмітін үкілей білген кейіпкеріміздің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында перзентхана есігін ашып, осы салаға келу тарихы, жұмысының қиындығы мен қызықшылығы жөнінде сыр тарттық.

Перзентхана тіршілігі қа­шан­дағыдай қабағы ашық, көңілді қарсы алды. Десте-десте гүл, айқасқан құшақ, ақжарма тілек, көңілді ел-жұрт. Бұл қуаныштың артында тоғыз ай, тоғыз күнгі үкілеген үміт жатыр. Табалдырықтан ішке енгеніміз сол екен, дәлізде зыр жүгірген дәрігерлер мен қабылдау бөліміндегі абыр-сабыр лек өмір үшін күрестің бір көрінісін көз алдымызға әкел­ді.
Фонендоскопын тағынған дәрі­герлер мен мейірбикелер енді келіп түскен жас босанатын ананың жағдайын талқылауда: «Жүрек соғысы мен тынысы бірқалыпты, бала бірінші пози­цияда басымен орналасқан. Сондықтан өздігінен босануға толық мүмкіндігі бар. Ананың да, баланың да жүрек қағыс ритмі жақсы» деп жатты бір-біріне.
Жалпы мұндағы жұмыс жиырма төрт сағат толастамайды. Түнгі кезекшілер таңғы сегізде ауы­сымды күндізгі кезекшілерге өткізеді. Одан кейін қабыл­даулар басталып, жарты са­ғаттан соң дәрігерлердің жал­пы отырысы өтеді. Онда бөлім­шелердің тәулік бойғы, түнгі кезекшілік барысындағы атқарылған жұмыс реті баян­далып, нақтылы шешімдер қа­былданады.
Кейіпкеріміз Дүрдананың айтуынша, перзентханаға жүкті әйелдердің ең көп түсу жиілігі әсіресе жаз айларында күрт артады.
Мысалы, 2021 жылы шілде айында бір кезекшілікте 10-нан аса  әйел босанған. Жұмыс қауырт сипат алғанда кезекшілікке үстеме бригада шақыртылады. Жарық дүние есігін ашуға асыққан сәбилер сағатқа қарамайды. Сондықтан мереке уағын­дағы, сенбі, жексенбі күндеріндегі демалыс ақ халаттылар үшін арман десем жаңылыспаймын, – дейді ол күліп.
Мұнда бір минут та дамыл тауып, қарап тұру деген жоқ. Екі қолға – бір құрал. Адам тағдыры қыл үстінде тұрған мұндай жұмыстың жауапкершілігі өз алдына, орасан физиологиялық күшті қажет етеді. Мұны Дүрдана Бегалиева жақсы түсінеді.
Аудан орталығындағы №125 мектепте білім алып, Түркістандағы медициналық колледжде акушер ісі мамандығы бойынша қиялына қол жеткізген білікті маман осы күні  өзі де үш сәбидің анасы. Жұмыстың қиындығына қарамай отағасы Бердібектің де жағдайын жасап, ағайын-туыс ортасында үлгілі келін бейнесін қалыптастырып келеді. 
– Шынын айтсам, менің отбасым да, достарым да менің осы саланың маманы  болатыныма сене қоймады. Оны  мінезімнің сәл тіктеу болғанынан шығар деп ойлаймын, – деп қуақылана жымиды сұқбат барысында.
– Мен бұл жұмысты «Үздіксіз қоңы­рау» деп атар едім. Түнгі кезекшілікте ауыр науқас түскен жағдайда бас дәрігерге, бас дәрігердің орынбасарына кез келген уақытта хабарласып, 10 минут ішінде керекті мамандарды шақыртып аламыз. Келген бетте операцияға кірісіп кетеді. Үнемі байланыста болғандықтан, бұған ұжыммен атқарылатын жұмыс ретінде қарауымыз керек. Дүрдана болса осы қағидатпен жұмыс істейтін нағыз өз саласының маманы,  – дейді перзентхана бөлімінің меңгерушісі Руслан Садықов.
Жұмысы қанша ауыр болса да ұзақ уақыт сәби сүйе алмай келген отбасылардың кішкентайлы болған  қуанышына куә болған сәтінде ол өзінің қасиетті мамандық иесі екенін түсінгендей болады екен. Осы сөзіне қарап-ақ кейіпкеріміздің бойынан кісіліктің биік өлшемін байқадық. Сондай-ақ ізгі мұрат жолында мамандықтың кісі таңдамайтынына кезекті рет куә болдық. Олардың бұлжымас бір ғана мақсаты бар, ол өмір мен өлім алдында дәрмені жоқ қос бірдей жанның өміріне араша түсу.
Лаура БИБАСАРОВА
17 сәуір 2022 ж. 413 0