№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өткен дәуірді өнер тірілтеді

Өткен дәуірді өнер тірілтеді


Әдеби, тарихи шығарманы сахналық қозғалыспен, өзіне ғана тән театрлық бояумен жаңа күйге енгізіп, ондағы өзара қарым-қатынастарды тірілту үлкен еңбекті қажет етеді. Ондағы әрбір іс-қимыл, ашу-ыза, сезім дірілі, шаттық-күлкі, қуаныш пен қайғы тікелей көрерменге әсер етіп, түрлі күйге түсіреді. Осыдан көрерменнің өмірге, коғамның тыныс-тіршілігіне деген өзгеше көзқарасы қалыптасады. Осыны сезіну үшін жан дүниемізді күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәтке болса да арашалап, рухани дем алу үшін аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері сахналаған «Хисамеддин» пьесасын тамашалауға біз де барған едік.

Аудан тұрғындарының танымы мен талғамына сай жұмыс істейтін өнер ұжымының әрбір сахналаған көрінісі ерекшелікке толы. Сомдаған рөлдерінен сол кезеңнің әділетсіздік жаулаған түйткілді мәселелері мен әлеуметтік шындықты көрдік. Оқиғаға арқау болған жан тебірентерлік көріністен қасіретке толы қазақ тарихын көріп, режиссердың зерделеу жұмысына,  артистердің ойнау шеберлігіне тәнті болдық. Рухани кешке жи­налған қауым да кейіпкерлермен бірге мұңайып, қосыла күліп, сахнадағы көріністі жан-жүрегі­мен жылы қабылдап отырды.
Жал­пы алғанда, Роллан Бақтыбаев режиссерлік ететін Жаңақорған халық театры сахналаған Дін­мұхамед Әбжаппаровтың «Хиса­меддин» пьесасы көп­шіліктің көңі­лінен шықты. Пьесада ХІ ғасырдың ортасында Дешті Қыпшақты би­леуші Қадыр Бөке Алып қыран қаған мен Хорезм шахы Алаеддин Текештің арасындағы теке-тірес, елдің, жердің амандығы үшін жанын шүберекке түйген діндарлар, Қожа Ахмет Яссауи мен Хисамеддин бабалардың екі ел арасындағы жаугершілікті тоқ­татпақ болған ерлігі баяндала­ды. Қойылымның астарында ұлан байтақ қазақ жеріне көз салар жаудың қашанда болғанын, сол жерді бабалар қасық қаны қалғанша күресіп қорғағанын жеткізіп, көпшілікке патриоттық сезім мен ұлттық рухтың дәнін себу жатыр. Міне, осындай тарихи құндылыққа тұнып тұрған пьесаны жазуда автордың бойында отансүйгіштік қасиетінің басымдығы байқалады.
– Біздің елдің  Ұлы жібек жолы­ның күре тамыры болғандығы, Дешті Қыпшақтың астанасы Сығанақтың маңында өмір сүргеніміз маған қатты әсер еткен болса керек, «Хисамеддин» пьесасын жазуды мақсат еттім. Туындыны жазар алдын жылға жуық ізденіп, орта ғасырдағы көне тарихты бейнелейтін құнды кітаптарды түгел ақтардым. Жалпы, қандай тарихи қойылым болмасын көп ізденістен, ұшқыр қиялдан туындайды. Кітапхана жағалап, оқиға желісіне қатысы бар деген бүкіл ақпаратты саралап, ел аузындағы аңыз-деректерге де құлақ түрдім, – дейді пьеса авторы Дінмұхамед Әбжаппаров.
Расында, өз Отаны үшін жанын пида еткен бабалар жайлы тарих пен аңыздың туған жер сахнасында көрініс тапқаны біз үшін үлкен жетістік. Құптарлық іс. Себебі кең байтақ қазақ даласының қақ ортасынан орын алған біздің өлкенің өткенінен сыр шертетін тарихты өзіміздің дәріптегеніміз дұрыс-ақ. Өйткені осындай тарихи қойылымдар көрерменнің көкірегіне ой салып, тағылым тамырын кеңейтеді.
Иә, халқымыз өткерген қасіретті кітаптан оқып, көнекөздің аузынан алыс күнде қалған аңыздай салқын қабылдайтын салатын әдетіміз бар. Өлгендер тіл қатпайды, арамызға оралмайтыны да аян. Осынау қасіретпен бетпе-бет келіп, жете сезіну үшін қандай әдіс-айла қонымды?  Аудандық Манап Көкенов атындағы өнер ұжымының алдында осы мақсат тұрды. Нәтижесінде, өзіміз куә болғандай тарихтың қанға боялған сәттері мен туған перзентін елі, жері үшін жауына өз қолымен құрбан еткен жанкешті әкенің сахналық тұлғасы көрініс тапты.
– Режиссер өз спектакльдерінде адамның жан дүниесі мен тағдырын терең зерттеуге тырысады. Қай қойылымда да актер мен көрермен арасында шынайы рухани байланыс орнатуды көздеп, сахнадағы ойынның пафоссыз, барынша табиғи болуын жіті қадағалайды. Қойылымда тарихи тұлғалардың өмірі арқылы жалпы қоғам мәселесі көтеріледі. Қойылым авторларының көрерменге айтқысы келгені осы болса, әртістер де өз кезегінде діттеген мақсатына жетті, – дейді мәденеиет үйінің директоры Зульфия Шалабаева.
Сахна өнерінің негізгі мақсаты – қоғам мен әлеумет өмірінің көркем бейнесін өз уақытымен үндестіре алу болса керек. Бүгінгі күнмен үңдестік тапқан «Хисамеддин» осы мақсат үдесінен шықты. Қойылымда режиссердің, сондай-ақ, актерлердің де ой-толғамы, берілген тапсырманы шынайы орындағаны айшықталды. Ханшайым рөлін халықты өзінің өнерімен тәнті еткен актриса Кенже Әкімбаева сомдаса, актерлік құрамда өнер көрсеткен Сайрам Ділманов, Абай Камалов, Балмұхаммед Әбжаппаров, Жасдәурен Сабырхановтар да  көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Осы ретте аудан жұртшылығы өнер ұжы­мының кезекті қойылымын алдағы уақытта да  асыға күтетінін айтқымыз келеді.
Лаура БИБАСАРОВА
24 сәуір 2022 ж. 474 0