Дәстүрлі «Дала күні»
«Ақмая» алқабына дән себілді
Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Шиелі ауданында болды. Облыс әкімі алдымен Шиелі кентіндегі үш қабатты 18 пәтерлі тұрғын үй құрылысын көрді. «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында қолға алынған құрылыстың келісім-шарт құны 710 млн теңгеге жуық. Бас мердігер – «Жабдықтау» ЖШС. Үш қабатты, 72 пәтерлі тұрғын үй құрылысы 2020 жылы басталған. Алғашқы жылы 195 млн теңгеден астам қаржы бөлінсе, былтыр 515 млн теңгеге жуық қаржы қаралған. Құрылыс 8 айда аяқталуы керек еді, бірақ әлі күнге дейін жалғасуда. Оның себебін мердігер мекеме басшысы қымбатшылықтың белең алуымен түсіндірді.– Қазіргі кезде ішкі жұмыстары, яғни, әрлеу жұмыстары қалды. Оған әлі 113 млн 245 мың теңге керек. Осыны тиісті орындардан сұрап отырмыз, – деді «Жабдықтау» мекемесінің директоры Руслан Серікбайұлы.
Мән-жайға қаныққан облыс әкімі екі жылда бөлінген қаржы әу баста белгіленген соманы құрағанын, енді бюджеттен бір тиын берілмейтінін ашық айтты.
– Мемлекеттік сатып алуға қатысып, жұмысты бастарда түрлі қиыншылықтардың кездесетінін ойлап, соған сай әрекет ету керек еді. Екі жылда қажетті қаржы беріліп, жұмсалған. Ендігі ретте бұған құрылысты уақытылы бітірмеген мердігер мекеме кінәлі. Жалпы, бұл – Шиелі ауданына ғана тән мәселе емес. Басқа аудандарда да осындай жағдайлар бар. Есепсіз қаражат жоқ. Бюджеттің әр тиынын тиімді пайдалануымыз керек. Нәтижесін халық көруі тиіс! Бұл – халықтың қаржысы. Қазір Президенттің, Үкімет басшысының тапсырмасы осындай. Сондықтан басталған құрылыстың барлығы бітуі керек, – деді аймақ басшысы.
Келесі кезекте облыс әкімі жастар үйінің жұмысымен танысты. Жастар ресурстық орталығы бүгінде жастардың жиі бас қосатын орнына айналған. Жалпы орталық консультативтік орган ретінде кеңес берумен айналысады. Бұл орайда оларға 5 кеңесші қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, заманауи құрал-жабдықтармен жарақтанған орталықтың жеткіншектерді өнер-білімге баулып, таным көкжиегін кеңейтуде, бос уақытын тиімді өткізуде маңызы зор.
Мұнан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Арман» мәдениет үйінде аудан активінің отырысына қатысты. Аудан тұрғындары қатысқан жиында аймақ басшысы алдағы міндеттер мен атқарылар жұмыстар туралы баяндады.– Облыс аумағындағы жұмыс сапарым Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарында болып, бүгін өздеріңізбен жүздескеніме қуаныштымын. Өңіріміздегі іргелі аудандардың бірі, тарихы кенен, азаматтары ерен Шиелі ауданының мен үшін орны бөлек. Еңбек жолымда алты алаштың ардақтысы, қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай дүниеге келген өлкеде аудан басшысы ретінде бес жылдан аса қызмет жасап, өмірлік тәжірибе жинадым. Бүгінгідей дәрежеге жетуіме осы киелі ауданның, осындағы игі жақсылардың қосқан үлесі орасан зор деп білемін. Қай жерде жүрсем де, осы ауданда қызмет атқарған уақытымды, сіздермен бірге жүрген кездерімді мақтанышпен айтып жүремін. Шиелі халқының бірлігі мен берекесі, ақ батасы мен ақжарма тілектері менің де биік белес пен жетістіке жетуіме үлкен демеу болды, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы сөз болды.