№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Антына адал ақ халатты

Антына адал ақ халатты


Дәрігерлік – мықты жігер мен таудай жауапкершілікті талап ететін мамандық. Ал күн-түнмен санаспай, ана денсаулығын жіті қадағалап, дер кезінде көмек қолын созатын ақхалаттылардың жұмысы тіптен бөлек. Осы орайда, қастерлі мамандығына адалдық танытып, айналасына ізгілік шуағын шашып жүрген жан – Әйгерім Әбуова туралы тоқталсақ дейміз.

Әйгерім адам денсау­лығын, оның ішінде болашақ ана денсаулығын бәрінен жоғары қоятын үлкен жү­ректі дәрігер. Денсаулық сақтау күзетіндегі тыным­сыз еңбегі бағаланып, бірнеше рет сала басшылығының, ау­дан әкі­мінің марапат­тарын иеленген. 12 жылдан аса еңбек өтілі бар жас маман Түркістанның топы­ра­ғында дүниеге келген. Шым­кент қаласындағы Ха­лықаралық қазақ-түрік уни­вер­ситетінің «емдеу ісі», «акушер-гинеколог» ма­мандығын үздік бітіріп, еңбек жолын Жаңақорған аудандық ауруханасының перзентхана бөлімінде бастайды. Жас та болса  бүгінгі күнге дейін 100-ден аса баланың кіндік анасы болып үлгерген Әйгерім мамандығын мақтанышын етеді.
– Қазақ ұрпақ жалғастығын тұтас ұлттың қуанышына балайтын халық. Саналы, дені сау ұрпақтың дүниеге келуі үшін ананың денсаулығы мықты болуы керек. Сондықтан біз ананың саулығын бірінші орынға қоямыз. Ананың жай-күйінде қандай да бір кінәрат болса ол балаға беріледі. Денсаулығы нашар анадан сау бала туылуы екіталай. Осы себептен аналар ең алдымен өз денсаулығына көңіл бөлгені
жөн, – дейді Әйгерім Бекболатқызы.
Бүгінде аудандық емхананың №4 аймақтық әйелдерге кеңес беру бөлімінің дәрігері Әйгерімге жүгінетіндердің қарасы көп. Бір өзі оннан аса көше тұрғындарына қызмет көрсететін дәрігер күніне 50-ге жуық ананы қабылдап, тексерістен өткізеді. Жиі кездесетін аурулардың  алдын алу жөнінде ақыл-кеңесімен бөліседі.
–  Жүкті әйелдердің 90 пайызынан астамы қаназдықтан шағымданады. Көбі бұл ауру емес деп қабылдауы мүмкін. Бірақ қауіптің барлығы осы анемиядан басталады. Қан аздықтан соң адам ағзасы әлсіреп, өзге ауруларды қоздырады. Статистика бойынша әрбір үшінші болашақ анада қандағы эритроцит жетіспеушілігі мен гемоглабин төмендігі кездесіп жатады. Ана денсаулығы – бала денсаулығы. Сондықтан, болашақ ұрпағының дені сау болуы үшін алдымен әр ана өз денсаулығына байыппен қарап, аурудың алдын алуы керек, – дейді дәрігер.
Дәрігердің  айтуынша, гемоглабиннің және қызыл қан түйіршіктерінің негізгі рөлі – адам ағзасына оттегіні жеткізу. Яғни, ол адамның өзін жақсы сезінуіне, белсенді жұмыс істеуіне көмектеседі. Ал, жүктілік кезінде қаназдық, адам денсаулығын нашарлатып, екі ағза бірдей жапа шегеді. Яғни, ананың және іштегі баланың ағзасына оттегінің жетіспеушілігінен екеуінің де  жүрек, ми, бүйрегіне салмақ түсіп, тыныс алуы қиындайды. Олардың жұмысын жақсарту үшін оттегі үлкен маңызға ие. Сондықтан, аналар міндетті түрде анемияның алдын алып, дәрігердің көмегіне жүгінуі шарт.
Жалпы, қаназдық жүкіліктің екінші кезеңінде байқалады. Бұл уақытта аяғы ауыр келіншектің темірді қажет етуі күрт жоғарылайды. Егер ағзада гемоглабин жұмысын реттеуге арналған темір неғұрлым жылдам қалыпта таралса, міндетті түрде емдеуді талап ететін қаназдық ауруы пайда болады. Егер бұл ауруды дер кезінде емдемесе, арты ауыр жағдайға соқтыруы әбден мүмкін. Соның ішінде, қаназдық пен жүктіліктің екінші кезеңінде лоқсудың жиілеуі уақытынан бұрын босануға әкеледі. Сәби үшін темірдің жетіспеушілігі қауіпті, өйткені жатырдағы баланың дамуында оттегі басты рөл атқарады. Егер оттегі жетіспесе баланың дамуында гипоксия мен гипотфияның пайда болу қаупі бар. Салдарынан жүйке жүйесі әлсіз болуы мүмкін. Қаназдықтың негізігі белгісі – әлсіздік, тез шаршау, терінің құрғақтығы, бастың айналуы. Егер аурудың ауыр түрі болса шаштың түсуі, жүрек қағысының жиілеуі, кей жағдайларда естен тану болуы мүмкін, – дейді ол. Демек, анемиядан міндетті түрде емделуге тырысқан жөн.
Иә, бар қажыр қайратын, алған білімін, адал еңбегін, ақ пейілін ана денсаулығын сақтау ісіне арнаған бірінші санатты маманды аналар ерекше құрметтейді. Ол үшін бәрінен қымбаты – ел алғысы, көптің сый-құрметі.
– Екінші сәбиімді ел дүрлігіп жатқан пандемия кезінде 2020 жылдың шілде айында дүниеге әкелдім. Өзім коронавирус инфекциясын жұқтырып аудандық жұқпалы аурулар бөлімінде жатқан едім. Әйгерім ханым сол бөлімге келіп, маған бар көмегін көрсетті. Үстіндегі ыңғайсыз киіміне қарамастан көмек қолын созып, мол тәжірибесінің арқасында балам дүниеге аман-есен келді. Ақхалаттының адал еңбегіне алғысым шексіз, – дейді  кент тұрғыны Ақзере Адайбаева.
Гиппократқа берген антына адалдық танытып жүрген бүгінгі кейіпкеріміз, киелі Жаңақорғанның келіні. Жолдасы Жомарт Тұрсынханов екеуі ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.
Дені сау ана – толыққанды ұрпақтың дүниеге келуінің кепілі. Ал, дені сау ұрпақ –  ұлтымыздың келешегі. Ұлт денсаулығын жақсарту әр кез мемлкет саясатының басым бағыттарының бірі. Соның ішінде ана мен бала денсаулығы – басты назарда. Осы ретте, ана денсаулығын жақсарту жолында аянбай тер төгіп жүрген жас маман Әйгерім Әбуованың тынымсыз еңбегі мен көптен алған алғысы қатарластарына үлгі екені даусыз.
Айсұлу Алданазар
17 сәуір 2022 ж. 635 0