» » Сот шешiмiн орындауды бұру- жауапкердің бұзылған құқығын қалпына келтіру кепілі.

Сот шешiмiн орындауды бұру- жауапкердің бұзылған құқығын қалпына келтіру кепілі.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік Кодексінің 21-бабының талабына сәйкес заңды күшіне енген сот актілері барлық мемлекеттік органдар, өзін-өзі басқару органдары, заңды және жеке тұлғалар, лауазымды адамдар үшін міндетті және республиканың бүкіл аумағында орындалуға жатады.
Азаматтық істер бойынша сот шешімі заңды күшіне енген соң орындауға ұсыну үшін талап қоюшыға атқарушылық құжат беріледі немесе заңда көзделген жағдайларда сотпен мәжбүрлеп орындау үшін сот орындаушысына жолданады.
Егер осы орындау үшін жолданған соттың шешімі жауапкер тарапынан орындалғаннан кейін атқару құжатын беруге негіз болған соттың шешімінің күші жойылса, яғни іс бойынша талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру жайлы жаңа шешім қабылданған немесе жаңадан қарау барысында талап қою қараусыз қалдырылған не іс жүргізу тоқтатылған жағдайда сот шешімнің орындалуын бұру жайлы мәселені қарайды.
Сот шешімін орындауды бұру жауапкердің сот шешімін орындаумен бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруді білдіреді. Сот шешімін орындауды бұру негізінде талап қоюшыдан күшi жойылған шешiм бойынша ол алғанның барлығы өндiрiп алынады.
Сот шешiмінiң орындалуын бұру үшін үш шарт болуы тиіс:
заңды күшіне енген сот шешімі ішінара немесе толық орындалуы тиіс;
ішінара немесе толық орындалған сот шешімінің күші белгіленген тәртіппен жойылған болуы тиіс:
істі жаңадан қарау кезінде талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған немесе іс жүргізу тоқтатылған не талап қою қараусыз қалдырылған болуы тиіс.
Егер осы белгілер болған жағдайда талап қоюшы алдыңғы сот шешімімен өндірілген ақша сомаларын, бұрын жауапкерге тиесілі болған және атқарушылық құжатты орындау барысында талап қоюшыға берілген мүлікті қайтаруға міндетті.
Жаңақорған аудандық сотына жауапкер Алматы қаласы Алмалы аудандық №2 сотының 23.06.2017 жылғы шешімімен өзінен талап қоюшы ЖШС-нің пайдасына 1032864 теңге қарыз сомасын өндіруге қаулы етіліп, заңды күшіне енген шешім бойынша атқару парағы негізінде айлық табысынан талап қоюшының пайдасына 249853 теңге өндірілгенін, Жаңақорған аудандық сотының 22 ақпан 2019 жылғы шешімімен талап қою мерзімінің өтуіне байланысты, талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылғанын ескеріп сот шешімінің орындалуын бұруды сұраған арызбен жүгінген.
Істі сотта қарау барысында жоғарыда аталған Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының оңайлатылған іс жүргізу тәртібінде қабылданған шешімі орындалғаннан кейін ол шешімнің күші жауапкердің арызы негізінде сол соттың ұйғарымымен жойылып, іс Жаңақорған аудандық сотына жауапкердің тұрғылықты жері бойынша соттылық ережесімен қарау үшін берілгені анықталды.
Жаңақорған аудандық сотының шешімімен талап қоюшы ЖШС-нің жауапкер А.-дан қарыз сомасын өндіру жайлы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Аталған шешім заңды күшінде.
Сондықтан сот жауапкер тарапынан сот шешімінің орындалғаны жайлы ұсынылған дәлелдемелерге баға беріп, АПК-нің 247-бабының негізінде жауапкердің арызын қанағаттандырып, Алматы қаласы Алмалы аудандық №2 сотының 23.06.2017 жылғы шешімінің орындауын бұру жайлы үйғарым қабылдады. Оған сәйкес талап қоюшы ЖШС-нен жауапкер А.-ның пайдасына 249853 теңге өндіруге қаулы етілді.
Осылайша сот жауапкердің бұзылған құқықтарын қалпына келтірді.
11 наурыз 2022 ж. 341 0