» » ТАЛАП ҚОЮ АРЫЗДАРЫН ҚАБЫЛДАУДАН БАС ТАРТУ НЕГІЗДЕРІ

ТАЛАП ҚОЮ АРЫЗДАРЫН ҚАБЫЛДАУДАН БАС ТАРТУ НЕГІЗДЕРІ

Сотқа талап қою арызымен жүгінген тұлғалар талап арыздарының соттың іс жүргізуіне қабылданбай, қайтарылуымен немесе қабылдаудан бас тарту жағдайымен жиі кездеседі.
Дегенмен арыздарды қайтару мен қабылдаудан бас тартуға Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік Кодексінің 151-152 баптарында көзделген негіздер бойынша жол берілетінін білгеніңіз абзал.
Арызды қабылдаудан бас тартуға негіздер Азаматтық процестік Кодекстің 151-бабында нақты айқындалған. Бұл нормаға сәйкес талап қою арыздарын тек төрт жағдайда ғана қабылдаудан бас тартуға жол беріледі.
Олар:
арыз азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатпаса;
сол тараптардың арасындағы, нақ сол нысана туралы және нақ сол негіздер жөніндегі шыарылған дау бойынша, осы Кодексте көзделген негіздермен іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы заңды күшіне енген сот шешімі немесе сот ұйғарымы болса;
төреліктің нақ сол тараптар арасындағы нақ сол нысана туралы және нақ сол негіздер жөніндегі дау бойынша қабылданған шешімі болса және бұл туралы сотқа белгілі болса;
сол тараптар арасында, сол нысана бойынша және сол негіздер бойынша жасалған атқарушылық жазба болса, судья талап қою арызын қабылдаудан бас тартады.
Бірінші жағдайға мысал келтірсек, прокуратура органы талап қоюшы ретінде жауапкер жеке тұлғадан оған қатысты алдын ала тергеу барысында күдікті ретінде іздеу жарияланғанын, оны іздестіруге мемлекет тарапынан жұмсалған шығынды өндіруге жататынын негіздеп, мемлекетке келтірілген шығынды жауапкерден өндіру жайлы талап қою арызымен жүгінген.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік Кодексінің 177-бабының 9) тармағының талабына сәйкес тергеуден немесе соттан жасырынған күдіктіні іздестіруге байланысты жұмсалған сома процестік шығын болып табылады және процестік шығындарды өндіріп алу туралы мәселені сот қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім шығарған кезде қарауы тиіс.
Сондықтан айыпталушыдан процестік шығын өндіру мәселесі азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға және шешуге жатпайтындықтан, сот талап қою арызын қабылдаудан бас тартты.
Екінші жағдай бойынша, мысалы талапкер А. деген азамат жауапкер Б.-дан қарыз ақша өндіруді сұраған талап қою арызымен сотқа жүгінген. Соттың шешімімен талап қоюшы А.-ның талабы қанағаттандырылып, оның пайдасына жауапкерден қарыз сомасы өндіруге қаулы етілген. Шешім заңды күшіне еніп, талапкерге сот шешімі негізінде атқару парағы жазылып, сот орындаушысына орындауға ұсыну үшін берілген.
Алайда аталған талап қоюшы жауапкердің қарыз сомасын төлемегенін негіздеп, сотқа қайтадан қарыз ақшаны өндіру жайлы талап арызбен жүгінеді.
Міне осы жағдайда сотпен талап қою арызын қабылдаудан бас тартылады. Себебі осы талапкер мен жауапкер арасында дәл осы негіз бойынша қарыз сомасын өндіру жайлы заңды күшіне енген сот шешімі бар.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 7-бабының 1-бөлігінің талабына сәйкес сот актiлерiнiң негiзiнде берiлетiн атқарушылық парақтарды орындау жөніндегі мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану сот орындаушыларына жүктеледі.
Сондықтан сот талап қоюшыға сот актісін орындату мәселесімен сот орындаушыға жүгінуі тиіс екенін түсіндіреді.
Үшінші жағдайда, қарыз беруші мен қарыз алушының арасында жасалған заем шартында тараптар шарттың орындалуы бойынша даулардың төрелік соттарында қаралуға жататынына келісіп, осы негізде төрелік соттың нақ осы тараптар арасындағы дау бойынша нақ сол негіздер бойынша қабылданған шешімі болған кезде де, талап қоюышының талап арызы қабылданудан бас тартылуға жатады.
Талап қою арызын қабылдаудан бас тартудың төртінші негізіне мысал келтірсек.
Мысалы, талап қоюшы ретінде микрокредиттік ұйым жауапкер жеке тұлға А.-дан заем шарты бойынша қарыз сомасын өндіруді сұраған талап арызбен сотқа жүгінді делік.
Сот талап арызға тіркелген құжаттарды зерттеу барысында талапкердің арызы негзінде даусыз қарыз сомасын өндіру жайлы нотариустың атқарушылық жазба жасағанын анықтайды. Аталған атқарушылық жазба заңды күшінде, борышкер тарапынан шағымдалып, күші жойылмаған.
Бұл жағдайда да сот АПК-нің 151-бабының 1-бөлігінің 4)тармағының негізінде нақ сол тараптар арасында, нақ сол нысана және нақ сол негіздер жөнідегі дау бойынша атқарушылық жазба бар деген негізде талап қою арызын қабылдаудан бас тартады. Талап қоюшы атқарушылық жазбаны орындау үшін сот орындаушысына ұсынуы тиіс, яғни бұл мәселе бойынша сотқа жүгінудің қажеттілігі жоқ.
Талап қою арыздарын жоғарыда көрсетілген төрт негіздерден басқа негіздер бойынша, мысалы мәлімделген талапты дәлелдемеген, талап тиісті емес жауапкерге берілген, сотқа талап қоюмен жүгіну мерзімі өткізіп алынған немесе т.б. негіздермен қабылдаудан бас тартуға жол берілмейді.
Талап қою арыздары қабылдаудан бас тартылған жағдайда талап қоюшы нақ сол жауапкерге нақ осы нысана, негіздер бойынша сотқа қайта талап арызбен жүгіне алмайды.
Дегенмен соттың талап қою арызын қабылдаудан бас тарту жайлы ұйғарымына келіспеген жағдайда талап қоюшы оған түпкілікті жарияланған күннен бастап он жұмыс күні ішінде ұйғарымды шығарған сот арқылы апелляциялық саты сотына жекеше шағым келтіруге құқылы.
Талап қою арыздарын қабылдаудан бас тартудың негіздері туралы осы. Келесі жазбамызда талап қою арыздарын қайтарудың негіздеріне тоқталатын боламыз.
Әлия ТҮБЕКБАЕВА
аудандық соттың төрағасы

02 қараша 2021 ж. 924 0