№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жерлестеріміз жеңіс тұғырында

Жерлестеріміз жеңіс тұғырында

Биылғы жылды аудан сопртшылары жақсы жетістікпен бастады. Облыс, ел чемпионаттарында үздіктер қатарынан көрініп, аудан абыройын асырды. Әсіресе, бұрымдылар шуақты мереке қарсаңында керемет сый жасады.
Құнанбай қыздарының қарқыны
Алдымен гандболшы қыздар Алматы төрінде өткен 2008 жылы туған қыздар арасындағы ел біріншілігінде топ жар­ды. Сыр елінің атынан сынға түскен бұрымдылардың көшін жаңақорғандық арулар бастады. Құраманың негізгі 6 ойыншысы Құнанбайдың шәкірттері. Облыс біріншілігінде әбден іріктеліп, шыңдалған гандболшылар елдегі ең шоқтығы биік жарысқа  тас-түйін дайындықпен барды.
Әр облыстан кіл мықтылар бас қосқан жарыстың тәртібі бойынша 3 топқа бөлініп, әр топтан озып шыққан жеңімпаздар бір-бірімен жүлделі орын­­дарға таласты. Үшінші топқа тап болған қызылордалық қыздар алдымен Қарағанды құрамасын ірі есеппен тізе бүктірді. Одан кейін Павлодар облысы мен Алматы қаласының аруларынан айласын асырып, ақтық сынға жолдама алды. Ол жақта Алматы облысының командасы мен ақтөбелік «Қандыағаш» қыздары күтіп тұрды.
– Жарыстың деңгейі жыл сайын жоғарылап, талантты жастар өсіп келеді. Гандбол спорты біздің өңірде жақсы дамыған, мектебі қалыптасқан. Оны ұлттық құрама сапында жүрген спортшылардың жетістігінен көруге болады. Жарыстар әлі алда, бұл қыздарды енді Азия біріншілігі күтіп тұр. Әлі іріктелген жоқ, ұлттық құрама сапын чемпиондар құрайтынына сенімдіміз, – деді білікті бапкер Құнанбай Салыбеков.
Сонымен ақтық сында Ақтөбе мен Алматыдан келген бұрымдыларды қапы қалдырған Қызылорда қыздары чемпион атанды. Жаңақорғаннан облыс намысын Әсел Бахитжан, Нұрдана Қырғызбай, Аяулым Сағдат,Қызжібек Ғалым, Тоғжан Сайдалиева және Қарақат Әнуар қорғады. Құнанбаймен бірге облыс құрамасын Ольга Егунова жаттықтырды.
Жалпы, ауданның қол добы спор­тының бүгінгі биігі керемет нәтижемен толығуда. Құнанбай қыздарының алды ұлттық құрама сапында жүр. Ал, ауданның «Сығанақ» жасөспірімдер командасы елдің 1-лигасында өнер көрсетеді. Ал, жоғарғы және супер лигасында аудан атынан сынға түсуге қаржы жағы қолбайлау болып тұр дейді бас бапкер. Әзірге қыздардың көші облыстың, ал, ең төменгі жастағылары ауданның атын қорғап жүр. Осындай жастарға неге бет бұрмасқа, осындай ауылдың қаракөздерін көтермелейтін кез келген секілді.
Балуандар бабында
Шымкент шаһарында өткен белбеу күресінен 23 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер арасындағы ҚР чемпионатында жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көрінді. Сыр өңірінің атынан сынға түскен жаңақорғандық балуандар 3 алтын, 2 күміс және 1 қоламен қуантты. Алдымен бозкілем төріне бұрымды балуандар көтерілді. Қыздар бәсекесінде 62 келіде бақ сынаған Қамар Ермахан жартылай сынға дейін сүрінбеді. Тек финалға жолдама бұйырмай, қола жүлде үшін белдесуде барын салды. Алғашқы қола қоржынға осылай түсті.Ал, Жұлдыз Жұмаханның жұлдызы жанды. Ол ақтық сынға дейін сүрінбей өтіп, тек шешуші сәтте қарсыласына есе жіберді. Келесі күні жігіттер жарыс жолына шықты.
57 келіде Алдаберген Бекзатқа тең келер қарсылас табылмады. 75 келіде қос балуанымыз ақтық сында белдесті. Алтын Маукенбай Айбергенге бұйырса, күміс Мамыт Наурызбектің еншісіне жазылды. 82 келіде өнер көрсеткен Асхан Саятқа да алтын бұйырмай, күмісті қанағат тұтты. Ең ауыр салмақ 90 келіде белдескен Өмірзақ Нұрасыл та қарсылас шақ келтірмеді.
– Жарыс деңгейі жыл сайын өсіп, кіл мықты балуандар шығуда. Бізде қалыптасқан мектеп бар. Бұйырса, әлі талай елдің және Әлем чемпиондары шығатынына сенімдіміз. Жеңімпаздар алдағы байрақты сындарда өнер көрсететін болады, – деді облыстың ағабапкері Әбдісаттар Садықов.
Балуандарды Ербол Исабаев, Мұс­тафа Нышанов, Аслан Нұрқожаев, Сәулебек Атабаев және Мейірхан Қо­жанов жаттықтырып, аламанға қосты. Тағы бір сүйіншісі, белбеу күресінен ел чемпионы болған Алдаберген Бекзат, Маукенбай Айберген және Өмірзақ Нұрасыл «Қазақстан Республикасының спорт шебері» нормативін орындады.
Таеквандо мен волейболдан
Сыр чемпиондары
Қызылорда қаласында таеквондо­дан 2005-2007 және 2008-2010 жылы туылған жасөспірімдер арасында өткен облыс біріншілігінде жаңақорғандық өрендер олжалы оралды. Кәмілжан Нақышпанов пен Нұрболат Абласан баптаған жас спортшылар 3 алтын, 3 күміс және 2 қоламен сүйіншіледі. Арулар арасынан Назым Бахытқызы мен Айғаным Фазылбек облыста үздік екенін дәлелдесе, Маржан Манап пен Бибінұр Найманбай күмісті еншіледі. Ал, Әсем Аманбай қоланы қанағат тұтты.
Жігіттер сынында Әбдіқадыр Аб­дулла алтыннан алқа тағынса, Дархан Мажитаев күміспен күптелді. Нұртілеу Аманбай қолаға қол созды.
– Бұл спорттың Жаңақорған ауда­нында даму қарқыны жақсы. Соңғы бес-алты жылдың көлемінде облыс және ел чемпиондары шықты. Олардың ізін басып келе жатқан бұл шәкірттерден де көп үміт күтуге болады. Олар әлі бала, нағыз бабына келу үшін әлі талай тер төгетін боламыз, – деді Кәмілжан бапкер.
Иә, Жаңақорғанда кенже қалған таеквандо, дзюдо сынды спорт түрлері соңғы жылдары жақсы дамудың жолына түсті. Осындай талантты оғландарды байрақты бәсекелерде көріп жатсақ еңбектің өтелгені. Жүлделі орыннан көрінген спортшылардың барлығы наурыз айында Тараз қаласында өтетін ҚР чемпионатына жолдама алды.
Волейболдан Қызылорда облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай өткізілген техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушы қыздары арасында волей­болдан дәстүрлі облыстық жарыс жалғасын тапты. Жылда өтетін тур­нирде Жаңақорған аграрлы-техника­лық колледжі қыздарының командасы фаворит саналатын. Бұл жолы да үздік екендерін дәлелдеді.
– Біздің қыздар волейболдан әбден шыңдалған сақа ойыншылар. Олардың арасында ауданның намысын қорғайтын спортшылар да бар. Он жылға жуық облыстағы турнирлерде төбе көрсетіп, бірнеше мәрте чемпион атандық. Бұл неше жылдан бері маңдай тердің жемісі, бұйырса әлі талай жеңісті бағындырамыз, – дейді команда капитаны Әсел.
Сөз соңында біздің спортшылар футбол, дзюдо, тоғызқұмалақтан да аудан мерейін үстем етті. Ол туралы алдағы уақытта кең көлемде жазылатын болады. Міне, біздің спортшылардың биылғы жорығы осылай басталды. Жеңісті күндер көп болсын!
Әли ТЕМІРБЕК
08 наурыз 2022 ж. 355 0