Жаңақорғандық жастардың идеалы кімдер?
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Кемел елдің келешегі жас ұрпақтың қолында. Бүгінде жастар білімін жетілдіріп, мақсатына жету үшін жаңа мүмкіндіктерге ие. Дегенмен, әр дәуірдің өз көшбасшылары, үлгі тұтар тұлғалары болады. Мысалы, ертеректе дін таратушыларының сөзі халық ішінде өтімді болса, кейініректе ұстаздар, суретшілер, жазушылар мен еңбек адамдарының ел арасындағы беделі биік болған. Ал, дәл қазіргі уақытта қоғамда кімдердің ықпалы басым? Жаңақорғандық жастар кімдерді идеал санайды? Біз осыны саралап көрсек...
Әр заманның, әр ортаның өз лидерлері болады. Өскелең ұрпақтың ел алдында абыройы асқақ азаматтарға еліктейтіні айтпаса да түсінікті. Алайда, бұл дәуір – адамзатты смартфонға телмірткен заман болды. Еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін интернетке тәуелденгеніне өзіміз куәміз. Осыдан болса керек, «блогер боламын» дейтіндердің қарасы көбейген. Олардың үлгі тұтар азаматтары да блогерлер. Кейде, «әлеуметтік желі «мақтаншақтардың» ордасы ма?», – деген ойда қаласың. Өйткені, интернетті аша қалсаңыз ішкен-жегенін, барған-көргенін салып жатқан бір адам. Міне, интернеттен үлгі алып, осы бағытты ұстанамын деп отырған жастардың келешегі алаңдауды қажет етеді-ақ.
– Жаңақорғанда жастар үлгі алатын азаматтар көп деп ойлаймын. Бізде әр саланың үздіктері бар. Мәселен, Арман Мәжитов ағамыздың атқарып жатқан жұмыстары, жастарға қолдау көрсетуі мені қатты қуантады. Сонымен қатар, «Жаңарған Жаңақорған жастарындағы» ағаларымыздың да еңбегі ерен, – дейді аудан тұрғыны Олжас Думантаев.
Ал, өнер саласында тәй-тәй басып келе жатқан жас әнші Бекарыс Еркебұланұлы өнер адамдарын үлгі тұтатынын жасырмады.
– Меніңше, әр адам өзі қай салада жүрсе, сол салада жетістікке жеткен адамдарды идеал санайтын сияқты. Мен Жәнібек Сыздықов, Мұхтар Дәрібаевтарды өзіме үлгі тұтамын. Болашақта сол кісілердей болғым келеді, – дейді ол.
Болашақта жеке кәсіпкер болғысы келетін жас Жасұлан Қайыпов, интернеттің игілігін икемдеп, қажетті дүниелерді алатынын айтты.
– Жоғарғы оқу орнын бітірген соң жеке кәсібімді ашып, машина жөндеу, бояу орталығын ашқым келеді. Қазір кенттегі машина жөндеп жүрген ағаларымның жұмысын көріп, тәжірибе алып жүрмін. Ол үшін қазірден әлеуметтік желілерден өзіме қажетті ақпараттады алып, қажетті құрал-саймандарды да ғаламтордан алдырамын. Өз орталығымды ашқаннан кейін ауданда бірінші болып, машинаны өңдеу жұмыстарын жариялайтын өз блогымды қоса жүргізгім келеді, – дейді Жасұлан Қайыпов.
Хош! Жаңақорғандық жастардың кімдерге еліктейтінін бағамдадық. Енді нақ осы жастармен жұмыс жасап, олардың белсенділігін арттыратын, қолдау көрсететін Жастар ресурстық орталығының басшысы Наурызбай Орынбасаровпен әңгімелестік.
– Сіз соңғы жылдары жастармен жұмыла жұмыс жасап жүрсіз? Жалпы, біздің жастардың ұстанған бағыты қандай?
– Бастысы – аудан жастарының бағыты оң. Қазір сандалып бос жүрген жасты көп кезіктірмейсіз. Барлығының дерлік атқарып жатқан жұмысы бар. Біздің жастар облыс бойынша спорттан белсенді. Оған Дәулет Ниязбеков, Ғалымжан Өсербаев сынды кіл мықтылардың біздің топырақтан нәр алғаны себеп болса керек. Жастар солардың жетістігінен рух алып, солардай болуға тырысады. Сондай-ақ, өнер, кәсіпкерлік саласы да алда. Кәсібін ашып, нәсібін көргісі келетіндердің саны жыл санап артып жатыр. Бастысы – жастар еңбексүйгіш. Ал, еңбекті серік еткен кез-келген адамның ұстанған бағыты мен талабы түзу болады деген сенімдемін.
– Кімдерді белсенді, өз ісінің нағыз жас маманы деп айтар едіңіз?
– Ауданда белсенді жұмыс жасап жатқан жастар әр салада бар. Мәселен, Есқара Бейбітов өнер саласының жұлдызын жақса, Қадіржан Қыдырбаев атты жас кәсіпер фаст фуд өнімдерін даярлайтын тамақтану орындарын, спорттық дүкен ашып, көпшіліктің алғысын арқалап, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.
Иә, «Жас келсе – іске», – дейді дана халқымыз. Яғни, жастардың қызметтің әр саласында белсенді болғаны абзал. Осы ретте, қоғамда өз орны бар жастың да, жасамыстың да белгілі бір тұлғаны идеал санайтыны анық. Ол дұрыс. Өйткені адам белгілі біреуден бағыт-бағдар алғаны жақсы. Бастысы – тура жолдан жаңылмаса болғаны.
Айсұлу АЛДАНАЗАР