Түйіскен тілек тоңды да жібітеді
Баршаға ортақ біртұтас мемлекеттік заңға деген құрмет ең әуелі қоғамда әркімге әлеуетіне сай әрекет етіп, өмір сүру мазмұнына мін түсірмеуге жол ашады. Бірақ адамдар арасында осы қағидадан аттап өтіп, заңмен бекітілген құндылықтарды аяқасты етудің ақыры мансаптыларға ерекше мәртебе еншілетіп, керісінше қарапайым халықтың құқығының тапталуына әкеліп соқтыратынына тарих сабақтарынан тағылым түйген ұрпақпыз.
Мемлекет тарихын құқық тарихынан бөліп ала алмаймыз. Осы тұста полиция, түрмесі болмаған,ар-иман, салт-дәстүрге негізделген Дала заңдарынан бізге нені үлгі ету керек деген сауалға келіп тірелеміз. Көшпенділердің бүгінге дейін ортақ құқық ережелерінің бұдан үш мың жыл бұрын негізі қаланып, Қасымханның қасқа жолы, Хақназарханның хақ жолы, Есімханның ескі жолы, одан беріде әз Тәукенің «Жеті Жарғысымен» жалғасқан мазмұнының ұлық ұстанымы – қоғам тыныштығының негізін қамтамасыз ету болды. Міне, осы қасиетті дәстүр, ізгі мұрат өз егемендігіне ие болған Тәуелсіз елімізде озық ой-санамен жаңғырып, жаңа қоғамға лайықты заңдық ережелермен толықты. Ең бастысы, заң үстемдігі салтанат құрған қоғамда ең алдыңғы орында адам құқығы құрметтеледі.
Осы орайда мемлекеттік меншік және жеке тұлғаның құқы мен құндылықтарын қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау, барлық жүйеде заңдылықтардың сақталуына мүдделі прокуратура органдарының қызметін ашықтық пен жариялылықта үйлестіруі халықтың күштік құрылымдарға деген сенімін бекемдей түсері даусыз. Жаңақорған ауданы прокуроры Дарын Әбішпен сұхбатымыз осы тақырыпта өрбіді.
– Жан-жақты кемелденген, тұрмыс жағдайы орнықты мемлекетте жаппай тәртіпсіздікке себеп қалмайды. Сондықтан қоғам мүшелерінің қолайлы өмір сүру мазмұнына орынсыз киліккен кілтипанның түп-тамырын танып, сыздауықтың аузын сылып тастау үшін тұтас жүйе жаңаша бағытта іс-қимылға көшуі керек. Осы міндетті үйлестіруде Мемлекет басшысы қажетті алғышарттардың барлығын жүрек түкпірінен өткізіп, жауапты тұлғааларға нақты тапсырмалар жүктеп отыр. Басты құндылық – мемлекет тұтастығы. Бұған биліктегілер ғана емес, әрбір азамат мүдделі болуға тиіс, – дейді ол.
– Адамның өмір сүру мазмұны азаматтығымен айшықталары анық. Бірақ осы тұрғыда кез келген адам өзі өмір сүрген қоғамның бар-жоғына, артық-кеміне көз жұмып қарай алмайды. Санасы бардың саясатқа араласпай тұра алмайтыны содан. Бұл тұрғыда бейбіт шеруге шыққан халықтың қадамына қандай баға берер едіңіз? Бұдан қандай сабақ алуымыз керек.
– Бірауыздан бейбіт шеруге топтасқан тұрғындардың шешімін жаппай тәртіпсіздік деп бағалаудан бұрын осы қадамға алып келген мәжбүрліктің себеп-салдарына үңілетін, жұртшылықтың талап-тілегін еститін, мұң-мүддесіне үн қосатын Үкіметтің жанашыр іс-қимылы бәрінен маңызды.
Халықсыз мемлекет жоқ. Сондықтан елдің сынын көтермеген адам азамат емес. Түсіністікке түрен салу міндет.
– Бұл сіздің заңның сақталуын қадағалаушы әділет сақшысы ретінде де, азамат ретінде де ұстанымыңыз ғой.
– Дәл солай. Көптің алдына шығып айтқан арлы сөздің салмағы ауыр келеді екен. Міндетімізге мін түсіріп, ел сенімінен шыға білмесем сол мезет орнымнан кетуге әзірмін. Алдымен халыққа осыны жеткіздім. Сөз бен пікір бостандығына кепілдік беретін заң қорғаушысы ретінде талап-тілектерін айтуға мұрсат беруде бірде-бір орган қызметкерін қатыстырмауымыз еркін ойды ерікті жеткізуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, адам құқына құрмет ретінде жиылған жұрттың жаймашуақ тарауына да жағдай жасады деп ойлаймын. Жаңақорған ауданында өзге өңірлердегідей бассыздықтың орын алмауында жергілікті менталитетімізге сай салт-сана сабақтастығы, қанағатшылдық, түптеп келгенде қаймағы бұзылмаған қазақы пейілі қорған болды деп айта аламын.
– Халықтың қойған талабы бойынша құзырлы органның ықпалы жөнінде не айтасыз?
– Аудан тұрғындарының өтініш тілектерінен туындаған мәселелер бойынша бүкіл мекемелерге арнайы рәсімделген құжат әзірлеп жолдадым. Онда тұрғын үй, ауыз су, жол, жарық беру мәселелерімен қатар салалар жұмысына сын ескертпелер қамтылған. Жер кезегі мәселесі электрондық ашық аукцион тәртібіне көшкендіктен кемшіліктердің жолы кесілді деуге болады. Ендігі уақытта жұмыспен қамту мекемелері де осындай ашық жариялылық жағдайға көшкенде күрмеулі түйіндерді шешуге болады. Мектептің еденін жуу болсын жұмысқа алу да парақорлықтың жолын кесуде бұл үлкен көмек. Сол үшін бос жұмыс орындарына жәрмеңке алдын ала жарияланып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалануы тиіс. Ең мұқтаж отбасын алдыңғы кезекте қамқорлыққа алу қоғам үшін де қолайсыз ахуалдың алдын алатынын ұмытпау керек. Мұнымен қоса мемлекеттік сатып алулардың қандай түрі болсын халыққа жариялы жүргізілуі керек.
– Бүгінде қарапайым халықтың құқық қорғау саласы өкілдеріне деген сеніміне селкеу түскен тәрізді. Мұның себебі неде? Полицейлердің кәсіби біліктілігі мен қызметтік этиканы қатар ұштастырудан гөрі жазалауға бейім тұратыны әлеуметтік желі арқлы көп айтылуда. Бұл жөнінде не айтасыз?
Жоғарыдан берілген бұйрықты орындауға міндетті сақшы қызметкерлердің қатаң талапты меңгерумен қатар кәсіби интуициясының мықтылығы содыр мен сотанақты жаңылмай ажыратып, жазықсызға жар болуда жәрдемге келері анық. Сол үшін рухани білім үлкен рөл атқаратынын көріп жүрміз. Бұл тұрғыда көп іздену керек.
– Заң биліктен жоғары тұру керек. Бұған кепілдік беретін билік пе, қарапайым халық па?
– Екеуі де. Міржақыптың: «Алла жаққан кеудеде отың болса, су бүріккенге пенденің қайтіп сөнер» дегеніндей, ең әуелі ақиқатты өзі ұстанып, тәртіпті бұзбай, елдің гүлденуіне еңбек еткен жан заңнан аттамайды. Қазақта «Аққа құдай жақ» деген сөз содан қалған. Сондықтан елге қызмет ететін тұлға Күлтегін бабаның билік құрғанда қалдырған өсиеті: «Тәңірге сүйеніп, төрелік пен әділдікті жүргіздім» деген антына адал болғанда абыройдан ешқашан ажырамайды.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Бет қатталып жатқанда:
Аудан тұрғындарының алаңда биліктің алдына қойған сауалдары төңірегінде аудан басшылығының, облыс, республикалық деңгейде құзырлы орындармен бірлесе атқарған жұмыстары нәтижесінде қол жеткен жетістіктері ашық диалог алаңында «АшықтыҚ, нәтижелілік, есептілік» қағидаттары негізінде ел назарына ұсынылды. Басқосуда аудан әкімінің салалық орынбасарлары аудан тұрғындары Қ.Әшірбеков, Д.Рүстемов, Қ.Қошқаров, Н. Жақанов, М.Әбуов, Н. Отарбаевтың сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап берді. Алдағы уақытта жұмыс жемісті жалғасын табатынына сендірді.
Баян ҮСЕЙІНОВА