№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "ЖЕТІ ЖАРҒЫ": БАЛА КІМНІҢ БАҚЫТЫ?

"ЖЕТІ ЖАРҒЫ": БАЛА КІМНІҢ БАҚЫТЫ?


Ойды ой қозғайды, әлде бір әсерден парасатты пайым туындай кетеді. Әліге дейін кітап ақтаратын жайымыз бар. Сондай кітаптың бірі жазушы, этнограф Сейіт Кенжеахметұлының «Жеті қазынасы» еді. Құндылығы мен мазмұнына ешкім шәк келтіре алмайды, оны оқыған адам рухани олжасыз болмайды.

Қазақ даласында «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолы» аталған әділетті заңдар жүйесін әз-Тәуке жетілдіріп, «Жеті жарғыны» жарыққа шығарды. Жасыратыны жоқ, бүгінгі заңдардай бірнеше бап пен тармақтар емес, онда кесімді шарттар негізінде қысқа және нақты жаза бойынша келтірген. Осы қылмыстық жаза сөзбұйдалыққа, самырқаулыққа және ұзақ мерзімге созбалауға жол бермегені белгілі. Құн төлеген де дұрыс. Қазіргідей сот пен қорғаушыға жем болып, шаш етектен шығындалғаннан баяғы құн төлеу бабы анағұрлым тиімді еді. Әсіресе, ұлттық салт-дәстүрге қатысты баптар өте өзектілігімен орынды саналады. Бұл бүгінгі күнге де кері кетпейтін жаза сияқты. Мысалы «Дала заңы бойынша ерлі-зайыптылар ажырасқанда балалар әкесіне қалады» дегені дұп-дұрыс шешім. Мұның мың сан мәселесі болуы мүмкін. Дегенмен қатал ұйғарым қазір аса қажет. Өйткені ерлі-зайыптылар ажырасуы артып отыр және ажырасу ақыры «алимент айқасымен» аяқталып жүр. Ортада алимент өндіруге сот орындаушының сенделуі, талапкердің сот есігін тоздыруы күнделікті үйреншікті жағдайға жетті. Қысқасы, өзіміз қоғамды қиындатып жібердік.
Заң әлсізді қорғайды. Оған таласымыз жоқ. Әйткенмен әйелге жығып беретін баптардың кейбірі келіспеуге итермелейді. Оны бірнеше мысалмен жеткізе аламыз. Айталық, екі жас бір-бірін сүйіп қосылды. Бірақ неге ажырасады? Осыны сот ашып қарамайды, «Қылмыстық кодекске» сүйенумен шектеледі.
Рас, оңтүстік өңірде 70-80-шы жылдары қыз алып қашу үрдісі болды. Тіпті бір-бірін жете танымайтын жастар да отау құрды. Бірақ солардың бірі де ажырасқан жоқ. Керісінше, берекесі тасыған отбасыға айналды. Сонда олар қалай тату-тәтті өмір кешіп кетті? Өйткені ұят күшті еді. Қайтып келген қыздың кесірі көп деген пікір берік ұсталды. Осындай салттық дәстүрдің ізгілігі мүлтіксіз орындалды.
Педогогиканы отбасылық тәрбиемен байланыстырған жөн. Шайыр Тұрмағанбет «баланы іштен тәрбиелеу керек» деген. Мұны бекер айтқан жоқ. Перзент санасын ақшамен ғана улап, бай болуға, төрт түлігі сай болуға үйреткіміз келеді. Сол себепті өмірді ақшамен өлшеу етек алды. Оңай олжа табу, адамгершіліктен аттау, жанашырлыққа жат қарау ұрпақ жадына сіңіп барады. Қыз жат жұрттық босаға аттамас бұрын барған жердің кем-кетігін толтыра аламын ба деп өзіне сауал қоймайды. Әйтеуір біреудің етегін ұстасам болды деген үмітсіз шайтанға арқа сүйейтін сияқты. Басқаны былай қойғанда, тамақ істеуді мүлдем білмейтін қыздардың отбасы жайлы қалай ойлайтынын қайдам? Менімше, бұл ананың қателігі, «басына түссе өзі-ақ үйреніп алады» дей салады. Бақсақ, сүйіп қосылғандардан гөрі кездейсоқ үйленгендер озып жүр. Себебі етене сүйіп қосылу тез оңады. Ал, олар бірге өмір кешкенде «алтынның қолда барда қадірі жоқтың» кебінін қалай кигенін білмей қалады. Арада ұрыс-керіс көбейіп, бір-бірінен суи бастайды. Міне, осылай жалғасқан ерлі-зайыптылардың әрекеті ұзаққа созылмайды. Ажырасып тынады. Арада бала болса онда тіпті қиын. Төркінге сыймай, пәтер жалдап енші алып шығады. Жалғыздың тіршілігі белгілі, тұрмыстағы қиындық қайда апармайды. Шындығын айтқанда, жезөкшеліктің басым бөлігін осындай жесір әйелдер құрайтыны өтірік емес.
Ал, енді баланы әкеде қалдырудың қандай артықшылығы бар. Біріншіден, «іштен шыққан шұбар жылан» деген, ана тасжүрек болмаса баланы ешқашан тастап кете бермейді. Бұл отбасының берік болуына ықпал етеді. Осы орайда кейбір күйеудің маскүнемдікке, нашақорлыққа салыну салдарынан әйелдің ажырасуына рұхсат етілген жөн.
Өткен жылы Қызылорда облысында 6124 жанұя құрылып, 1300 отбасы екіге бөлінді. Әділет органдарының айтуынша, ажырасушының дені жастар. Олардың тағдыры қазір қалай? Дағдарыстан алимент ала алмай жүргені қанша екен? Қоғамда қалыптасқан осындай осал тұста әз-Тәукенің «Жеті жарғысы» күшіне енсе ғой, шіркін дейсің еріксіз.

Қаныбек АБДУОВ.
19 мамыр 2019 ж. 978 0