МҰРАНЫ ҚАБЫЛДАУ МЕРЗІМІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ
Қазақта «Өмір бар жерде өлім бар» деген сөз бар, сондықтан жақын адамның қайтыс болуы әр жанұяның басында болатын жағдай. Басына осындай ауыр жағдай түскенде үйдің күйбелең тіршілігімен жүріп мұрагерлікті қалай рәсімдеуді білмей, немесе кейінге қалдырып жүргенде мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алатындар аз емес.
Мұрагерлік – қайтыс болған азамат (мұра қалдырушы) мүлкінің басқа адамға (адамдарға) – мұрагерге (мұрагерлерге) ауысуы.
Мұра азаматтың қайтыс болуы немесе қайтыс болды деп жариялау салдарынан ашылады. Мұра қалдырушының қайтыс болған күні, ал оны қайтыс болды деп жариялаған кезде, егер сот шешімінде басқа күн көрсетілмесе, азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі күшіне енген күн мұраның ашылу уақыты болып табылады.
Жоғарыда айтылғандай сөзімізге түрткі болып отырған мәселе бойынша талап қоюшы К-ның мұраны қабылдау үшін мерзімді қалпына келтіру туралы арызы бойынша азаматтық іс қаралды.
Талап қоюшының арызы негізінде оның жұбайы М., 2016 жылғы 17 маусымда қайтыс болған. Сол жұбайынан Жаңақорған ауданы Келінтөбе ауылында орналасқан жылжымайтын мүлкі қалған.
Нотариус 2021 жылғы 22 маусымдағы қаулысына сәйкес мерзімі өтіп кетуіне байланысты мұраны ашудан бас тартқан.
Осыған сәйкес, талап қоюшы мен оның өкілі У., талап қою арызын қуаттап, даулы мүлікке қатысты мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіруді сұрап, арызын қанағаттандыруды сұрады және жауапкерлер мұраның қабылдау мерзіміне қарсылық білдірмеді.
АК-нің 1072-3-бабына сәйкес егер мұрагер мұраны қабылдау үшiн белгiленген мерзiмдi (АК-нің 1072-2-бабы) дәлелдi себептер бойынша өткiзiп алған болса және мұраны қабылдау үшiн белгiленген мерзiмдi өткiзiп алған мұрагер бұл мерзiмдi өткiзу себептерi жойылғаннан кейiн алты айдың iшiнде сотқа жүгiнген жағдайда осы мерзiмдi өткiзiп алған мұрагердiң өтiнiшi бойынша сот бұл мерзiмдi қалпына келтiре алады және мұрагер мұраны қабылдады деп тани алады делінген.
Аудандық соттың шешімімен талап қоюшы К-ның мұраны қабылдау үшін мерзімді қалпына келтіру туралы талап қою арызы қанағаттандырылып, өткізіп алған мұраны қабылдау мерзімі қалпына келтірілді.
Ақпарат: Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі.