№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » МҰРАГЕРЛІК ҚҰҚЫҚ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

МҰРАГЕРЛІК ҚҰҚЫҚ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?


Қазақ халқында ерте замандардан-ақ мұрагерлік мәселесі дала заңдары бойынша реттеліп отырған. Яғни, кез-келген ата-ана үйленіп отау құрған ұлына енші берсе, ал, қызын ұзатқанда оған берілетін төсек-орын, мал-жаны оның алар мұрасы болып есептелген. Бір сөзбен айтқанда, мұрагерлік салт-дәстүр негізіне айналып кеткен. Перзентіне берілген еншіден бөлек қарашаңырақта қалған балаға ата-ананың дүние-мүлкі тиесілі болған. Кеңестік жүйе тәртібі азаматтық кодекс баптары бойынша реттелетін болды. Заң бойынша мұрагерлік санаты есепке алынады. Бүгінде ағайындар атаның мұрасын бөлісе алмай соттасуға барып жатады. Мұндай жағдайда мұрагерлік туралы құқықтық сауатыңыз болғаны абзал. Осы ретте аудандағы нотариаттық кеңсенің басшысы Әбушахма Әлайдарды әңгімеге тарттық.
– Ажал айтып келмейді. Біреуге оттан, енді біреуді судан келеді. Сондықтан, мұрагерлік өсиетін тастап кетпеуі жағдайлары кездеседі. Мұндай жағдайда мұрагерлік қандай жолмен беріледі?
– Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1042-бабына сәйкес мұра қалдырушының қайтыс болған күні мұраның ашылу уақыты болып табылады. Мұра қалдырушының соңғы тұрған жері мұраның ашылу орны болып табылады.
Кодекстің 16-шы бабына сәйкес азамат тұрақты немесе көбінесе тұратын елді мекен оның тұрғылықты жері деп табылады. «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сәйкес азаматтарды тіркеу тұрғылықты жері және уақытша болатын (тұратын) жері бойынша жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының аумағында мүлкі болған мұра қалдырушының соңғы тұрған жері белгісіз болса немесе оның аумағынан тыс жерде болса, ҚР-да мұраның ашылу орны деп осындай мұрагерлік мүліктің орналасқан орны (жылжымайтын мүлік орналасқан жер, жылжымалы мүлік тіркелген жер, мұра қалдырушының шоты ашылған банк орналасқан жер және т. б.) танылады. Егер көрсетілген мұра әртүрлі жерлерде орналасқан болса, оның құрамына енетін жылжымайтын мүліктің орналасқан жері, ал жылжымайтын мүлік болмаған кезде – жылжымалы мүліктің немесе оның неғұрлым құнды бөлігінің орналасқан жері мұраның ашылу орны болып табылады. Мүліктің құндылығы оның нарықтық құнының негізінде айқындалады.
Мұра қалдырушының тұрған жері мұрагерлерге белгілі болып, бірақ олар оны қандай да бір себептер бойынша құжаттармен дәлелдей алмаған жағдайда сот мұрагердің арызы бойынша ҚР Азаматтық процестік кодексінің 305, 306, 307, 308, 309 бабының тәртібімен мұраның ашылу орнының заңдық фактісін белгілеуі мүмкін.
– Мүлікті мұраға қалдыру көп қиындық пен күдік туғызады, тіпті кейде мүдделі тараптардың арасында дау-дамайға әкеліп соғуы мүмкін. Осындай мәселелерді өркениетті тәсілмен шешу жолдары қандай?
– Мұрагерлер көрсетілген әрекеттерді мұра ашылған кезден бастап алты ай ішінде жасауы тиіс.
Мұра мәселесі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 6-бөлімінде толық қарастырылған. 1039-бапқа сәйкес, мұрагерліктің негізін білу керек. Заң бойынша екі негіз бар. Біріншісі заңды мұрагерлік; ал екіншісі өсиетпен қалдырылған мұрагерлік. Бірінші негізді талқылайтын болсақ, 1060-бапқа сәйкес мұрагерлердің кезегін анықтау қажет. Олардың тізімі Азаматтық кодекстің 1061-1064-баптарында көрсеілген. Кезек анықталғаннан кейін 60-тарауға сәйкес мұрагерлікті қабылдау процедурасы орын алады. Яғни, мұрагерлер өзіне тиісті мұраға заң бойынша ие бола алады. Егер қосымша даулы мәселелер туындап жатса, бұл мәселені сот негізінде қарастыруға әр адамның құқығы бар.
Осы орайда 2016 жылдың 09 қазанында қайтыс болған Батырова Сайма Гоффановнаның мүлкіне мұрагер болу жөніндегі қызы Бекенова Венера Сүлейменқызы мен келіні Маханова Қалдыгүл Бектұрғанқызының арасындағы мүлік дауы, 2014 жылдың 16 маусымында қайтыс болған Мұсабеков Оразалы Шамұратұлының қайтыс болуына байланысты балаларының мұрагерліктен бас тартуы, сондай – ақ 2017 жылы 10 мамырда қайтыс болған Қалымбетова Марияның артында қалған мұралық мүлікке Қанжігітова Клара Қалдыбайқызы мен Саданова Гүлнара Қалдыбай қызының қалған мүлік мұрагерлікке таласы өз кезегінде әділетті түрде шешімін тапқанын атап өткен орынды деп білемін.
– Жалпы, мүлікті мұраға қалдырудың екі жолы бар: заңға сүйене отырып немесе өсиет бойынша. Осы ретте, қазірден бастап өсиет қалдырғысы келетіндерге қандай кеңес бересіз?
– Өсиетпен қалдырылған мұра мәселесі де Азаматтық кодекстің 58-бабында қамтылған. Өсиет бойынша қалдырылған мұрагерлікке қарастырылған біршама талаптар да, әрине, бар. Олар Кодекстің 1046-1059-баптарында көрсетілген. Өсиет жазу нотариус арқылы рәсімделеді. Өсиетте өсиет қалдырушы өз мүлкіне байланысты ниетін құжат негізінде білдіреді. Даулы мәселелерге келетін болсақ, өсиет талаптарымен келіспейтіндер де өмірде кездеседі. Олар өздерінің наразылығын сотта білдіріп, өсиет талаптарын бұзу мәселелерін қарастырады. Егер өсиет жалған немесе оның заңсыздығы анықталатын жағдайда, сот негізімен ол заңсыз деп танылуы да әбден мүмкін.
– Егер ешқандай өсиет хат қалдырмай аяқ-асты қайтыс болғанда, мұраға иелік ету шаралары қай кезде басталады? Мұрагерлік құқық қанша уақыт ішінде рәсімделуі керек? Мұның уақытына байланысты шектеулер бар ма?
– Мұра азаматтың қайтыс болуы немесе оны қайтыс болды деп жариялау салдарынан ашылады. Азаматтық кодекстің 1072-2-бабы бойынша мұрагерлер мұра ашылған күннен бастап алты ай ішінде мұраны қабылдауға немесе бас тартуға өтініш жазулары керек, өтінішті мұра қалдырушының соңғы тіркелген мекенжайы бойынша орналасқан нотариусқа барып жазады. Егер сіз белгілі бір себептермен белгіленген мерзімді өткізіп алсаңыз, онда сот арқылы қабылдау уақытын қалпына келтіре аласыз және сот мұраны қабылдау уақытын тағы екі айға созып бере алады. Ол үшін мұрагерлер сотқа арыз жазады, егер сот қайтыс болған мұрагердің мұрагерлерінің осы мерзімді өткізіп алу себептерін дәлелді деп тапса, онда сот оларды Кодекстің 1072-3-бабына сәйкес мұраны қабылдады деп тануы мүмкін. Осы орайда мына батыстағы өркениетті елдердің тарихына, олардың фильмдеріне қарап отырсаң, оларда мұрагерлік өсиет өздері көз жұмбай тұрып – ақ жазылып қоятынын көріп те, оқып та жүрміз. Өкінішке орай, біздің қазақ халқында артында қалған мұрагерлеріне алдын ала өсиет жазып қалдыру үрдіске енбеген. Менің білетінім, осы 43 жылдан асты, нотариус болған қызмет тәжірибемде ауданда бір ғана азаматтың артындағы ұрпақтары мен отбасы мүшелеріне арнап жазған өсиетін білемін.
– Әбушахма Әлайдарұлы, мұрагерлікті реттеу ісінде нотариустың атқаратын қызметі қандай?Азаматтар нотариустан нені талап етуге құқылы?
– Көп жағдайда мұрагерлік нотариус арқылы рәсімделеді. Мұра ашылған жер бойынша нотариус мұрагердiң өтiнiшiмен оған мұрагерлiкке құқық туралы куәлiк беруге мiндеттi. Мұрагер ең бірінші мұраны қабылдауға өтініш жазуы керек, өтінішті мұра қалдырушының соңғы тіркелген мекенжайы бойынша орналасқан нотариусқа барып жазады. Өтінішті нотариус жергілікті орталық базаға тіркейді. Және де мемлекеттік газеттерге нотариустың мекенжайын көрсетіп, мұра ашылғаны туралы хабарлама беріледі. Мұра ашылған күннен бастап алты ай өткеннен кейін нотариус орталық базаға сұраныс жібереді. Осы сұраныс арқылы мұра құқығын қабылдауға берген өтініштер тізімі тексеріледі. Егер сізден басқа да мұрагерлер қабылдауға өтініш берген болса, олардың құжаттарын алдыртып заңды құқықтарын тексереді, барлығы дұрыс болса, мұрагерлер қатарына қосады. Мұрагерлер туыстық қатынастарын дәлелдеулері қажет. Мұрагерлiкке құқық туралы куәлiк беруге дейін мұрагерлікті реттеу ісінде азаматтар нотариустың көмегіне жүгіне алады.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
22 қыркүйек 2018 ж. 2 773 0