№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Әдеп – әділеттің бір тармағы

Әдеп – әділеттің бір тармағы


Мемлекетіміздің қалыпты дамуы мен қарыштап алға басуы ең алдымен қоғам мүшелерінің жалпыға ортақ қағидалар мен заңдылықтарды өз дәрежесінде меңгеріп, басты құндылықтарды мейлінше құрметтей білуімен айқындалады. Осы орайда заң үстемдігінің салтанат құруы маңызды. Қоғамдық жүйенің тәртіп-ережелерін бекемдеп, азаматтардың жеке басы құқы мен құндылығы өз деңгейінде қорғалуы үшін заңдық құрылымның барлық сатыларындағы тетіктерде тиімді тәсілдерге жүгіну маңызды. Сот ісінде мызғымас әділеттілік принциптері осы мақсатты көздейді.


Қазақстан Республикасы судья­ларының VII сьезінде қабылданған Судья әдебі Қодексінің жаңа жобасы қолданыстағы негізгі нормаларды ізгілік пен адамгершілік қағидаларымен толықтырып, билік пен бұқара ара­сындағы ашықтыққа жол ашады, ең бастысы, әділеттілік орнығуы екіжақты мақсаттың оңынан жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Ал осы әділеттіліктің түп тамыры әдеп нормаларында тұнып тұрғанын ешкім де жоққа шығара алмаса керек.
Судья әдебі қандай ұстанымдармен айшықталады?
Ең бастысы, судья берген антына адал болу керек. Қазылық лауазымына лайық әдеп көріністеріне тек қызмет орнында ғана емес, барлық жерде мұқият болып, өзінің бүкіл мінез-құлық, әдет-дағдыларын өмірлік кәсібімен тығыз ұштастырып, білімін жетілдіруден, ой-өрісін кеңітіп отыру талаптарынан жаңылмай, қасаң көзқарастан арылып, жаңаны сіңіріп отырудан бір сәт те жаңылмауы керек.
Бабалар дәстүріне келсек, бүкіл бір рулы елді «сөзі уәлі, аузы дуалы», ойы ұшқыр, көкірегі зерлі, қиядағыны болжайтын, туыс-туғанға бұра тартары болмайтын, кесімі біреу, туралығымен елге тіреу бола білген әділ қазылар тұғырында нық ұстап отырды. Баршаға семсердің жүзіндей айнымас ақиқатымен пана бола білген дала заңдары сәт сайын қадір-қасиетіне қауышып, тегеурінді бола түсуінің сыры осында болса керек. Бүгінгі сот билігі бабалар салған жолменен әділ үкім, әдепті ұстанымынан танбаса заң үстемдігінің тұғырында нық тұрарына кепілдік беруге болады.
Елімізде судьялар әдебі жөнінде он бес баптан тұратын нақты тұжырымдарды біріктіретін ортақ қағида, түптеп келгенде заң үстемдігі адами фактордың үлгілі нәтижесі екендігіне негіз қалайды, соның тетіктерін қарастырады.
Қазақстан Республикасы Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы Конституциялық Заңның 34 бабында аталмыш тұлғалардың берген антына адал болуы міндеттеледі. Сот ешкімге бағынбайды, оның төрелігіне сырттан да, іштен де ешкім ықпал етіп, қол сұға алмайтыны жөнінде нақтыланған.
Судья – төреліктің бір тармағы. Сондықтан жеке басы әдеп ұстанымы қағидаларын қатаң сақтау талабын ешқашан босаңсытпай, өз-өзін бақылауда ұстауы тиіс. Теріс мінез танытып, қызбалыққа салынып, ойланбай сөйлеп қалу сот билігі жөнінде жағымсыз көзқарас тудыратынын естен шығаруға болмайды. Соттың жеке басы болмысы, жүріс-тұрысының өзі көптің оған сенімін бекітетін бір ұстын екендігін ұмытпауымыз керек.
Судья – сот билігінің өкілі, заңның қызметшісі. Оның заңның тұжырымдарына сын айтып, жал­пылама талқыға салуына негіз жоқ. Өйткені қабылданған әрбір баптың әрбір тармағы кәсіби құзіреттілік шеңберінде талқыланып, сан сүзгіден өтіп барып, оған Президент қол қойып, қолданысқа ендірілгеннен кейінгі міндет осы қабылданған ереже талаптарын шынайы іске қосуда қоғам болып мейлінше мүдделілік болғанда ғана заң мінберіне мығым орнығып, жұртшылықтың оны көздің қарашығындай сақтап, мінсіз өмір-тіршілікке қадам басарына лайықты мүмкіндіктердің тынысы ашыла бермек.
Судья әдебі мәселесінде бірқатар шектеу талаптардың да болуы заңды. Жеке басы діни нанымы мен сенімі мәселесінде де сабырлық пен бейтараптықты ұстануы тиіс. ҚР Конституциясының 82 бабында «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар. Бұл судьяға да қатысты. Бірақ ол заң қызметшісі ретінде басты миссиясын есте ұстауы тиіс. Сол сияқты көпшілік ортада орынсыз талқылаулар мен дискуссияға араласпауы, өзін көпшілік сауық шаралары, құмар ойындар орындарынан тежеп, тұлғалық бет-беделіне сына түсірмеу мәселесі өмір дағдысында өзектілігін жоймайды.
Судьялардың кәсіби қызметі жариялы болып табылады. Сондықтан судья сот қызметінің бұқаралық ақпарат құралдарында кәсіби тұрғыдан айшықталуына мүдделілік танытуы тиіс. Бұл бұқараның құқықтық сауаттылығының терең­деуіне, түсіністіктің орнығып, жал­пыға ортақ заң талаптарына деген құрметтің еселенуіне жол ашады.
Біз бір ауыз сөзбен бір рулы елдің мәселесін бүтіндеп, ел мен елді жауластырған дау-шарды бәтуалы бітіммен жарастырып, телі мен тентекке тоқтам қойып, татулыққа тұғыр болған қара сөздің құдыретін қанымызға дарыта алған халықтың ұрпағымыз. Сүйектен өтер сөз құдыретінің салмағын саралап, күнделікті өмір тәжірибемізде қолдана білуіміз үшін де ана тілін терең білу аз, халықтың ауыз әдебиетімен терең сусындап, мағыналы сөздердің мәйегін бойға сіңірудің пайдасы ұшан-теңіз. Жосықсыз дау-шарды қуып, жүйесіз әңгіме қуатындардың жөн сөзге уәжі табылмай, амалсыздан ақиқатты мойындап, ақылға келіп жататын жағдайлар сот өндірісінде аз емес. Соның барлығында тек қана заңның баптарын мысал етумен ғана емес, ұлт өмірімен бірге жасасып келе жатқан қанатты қағидалар, мағынасы терең нақыл сөздердің үлкен-кіші үшін әсер-ықпалы ешуақытта құнын кемітпек емес. Соттардың беделін бекемдеп, адами келбетін кемелдендіре түсуде әдеп қағидаларының сақталуы қандай қымбат болса, лауазымды тұлғаның жан әлемі сұлу сөз өнерін меңгерген мәдениеттілігімен биіктей беретініне сеніміміз мол.

Исағали Тұңғышбаев,
аудандық соттың судьясы

28 желтоқсан 2021 ж. 359 0