№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » АЛА ЖІПТІ АТТАМАҒАННЫҢ АБЫРОЙЫ БИІК

АЛА ЖІПТІ АТТАМАҒАННЫҢ АБЫРОЙЫ БИІК


Халқымыз әркез қара жерді қасиет санап, Жер анадан нәсібін теріп, оны қастерлеген. Сол жерден өнім алу жолында, танбай еңбек етіп, ізденісін аямаған. Осы тұста, ауданда ауылшаруашылығы саласында 45 жылдан аса агроном болып қызмет еткен, ел ағасы Абибулла Шерімбетовты «Сенбілік сұхбаттың» төріне шақырып, әңгімеге тарттық.

– Адам болып қалу үшін не керек?
– Иман керек.
– Өмірлік ұстанымыңыз?
– Ала жіпті аттамағанның абыройы биік.
– Нағыз қазақ қандай болу керек?
– Қазақы тамырдан ажырамай, қазіргі өркениет құндылықтарын игерген болуы керек.
– Соңғы оқыған кітабыңыз қандай?
– Салғара Қошығараның «Қазақтар» кітабы.

– Аға, ұзақ жылдар агроном болып қызмет жасапсыз. Еңбек жолыңызға тоқталсаңыз?
– Талап ауылынан түлеп ұшып, 1971 жылы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығы институтының «агрономия» факультетін бітіріп, жолдамамен Шымкент қаласындағы Бүкілодақтық жобалау институтының агроэкономикалық бөліміне агроном болып жұмысқа орналастым. Ол жерде жылға жуық жұмыс жасап, осы мекеменің Қызылордадағы филиалына ауыстым. Кейіннен кіндік қаным тамған өлкеге келіп, қызметті жалғастырдым. Ол кезде күріш егетін совхоздар болды. Біз институттан «агроном-рисовод» деген қосымша мамандық алдық. Сол мамандықпен Задария (Қыркеңсе ауылы) совхозына агроном болдым. Сол жерде күріш өндірісіне барынша күш-жігерімізді жұмсап, жұмыс жасадық. Одан әрі партияның 24-сьезі атындағы совхозына (Қожакент ауылы) бас агроном болып ауыстым. Сельхоз химия мекемесінде, кейіннен «Растениеводство» кооперативінде, ауылшаруашылығы бөлімінде, ПМК-26 да жұмыс жасадым. Ал, 2003 жылы «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінде агроном болдым. 2011 жылы сол мекемеден зейнетке шығып, одан әрі келісім шартпен тағы 5 жыл жұмыс жасадым.
– Қазірде аудан әкімінің бастамасымен агроиндустриялық аймақтар қолға алынып, жұмыс жасауға ниеттілерге жер берілуде. Агроном ретінде бұл бастамаға ойыңыз қандай?
– Агроаймақтар елдің күнкөріс деңгейін көтеру жолындағы таптырмайтын тетік. Бұл бастаманың қолға алынғаны құптарлық жұмыс. Мұндай істен халықтың әл-ауқаты артып, экономикалық әлеуеті көтерілмесе, төмендемейді. Жұмысқа ынталыға жерді беріп, оны қоралап, суын жеткізіп берсе, бұдан артық қандай жағдай керек? Жастар екі қолға бір күрек таппай сандалып жүргеннен гөрі егінмен айналысса, әрі жағдайы жақсарады, әрі уақыттарын игі іске жұмсайды. Мұндай бастамалардың көбейе бергені абзал.
– Қолға алынған игі бастаманың бірі – есік алдынан дақыл түрлерінен өнім аламын деушілерді ҒЗИ сапалы тұқымдармен қамтамасыз етеді. Бізде есік алдынан өнім алу мүмкіндігі қаншалықты?
– Өнім алуға зор мүмкіндік бар. Бұл – нұр үстіне нұр төгетін іс. Қазір аяқ су жетіспейді деген жағдайда, құдық қазудың түрлі жолдары бар. Сол арқылы су шығарып, егісті суаруға болады. Білуімше, берілетін ұрықтың барлығы Алматыдағы Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының зерттеуден өткен таңдаулы өнімдері болуы керек. Ал, мұндай ұрықтар күтімі жақсы болса өнім берері анық. Ауданда ауладағы бақшасынан өнім алып, қажетін қамтамасыз етіп отырған тұрғындар баршылық.
– Ауданның топырағы құрғақ, кей жерлері сор. Жауын-шашын аз түседі. Ұсынылған тұқым түрлері ауданның топырағын жерсінеді деп ойлайсыз ба?
– Жалпы, Жаңақорғанның орналасқан жері суармалы аймаққа жатады. Өйткені, бізде жауын-шашын аз түседі. Сондықтан, міндетті түрде қолмен суарады. Есік алдындағы сор жерлерді іске асырудың бірден-бір жолы – топырақтың құнарын арттыру. Ол үшін жерді жылда аударып, көң тастап отыру керек. Көң – жердің маңыздылығын арттыратын негізгі құрал. Негізінен, үлкен көлемді тұзды жерлерді шайып тастау керек. Ал, аз жерге көңді жылда араластырып, жердің құнарын арттыруға болады. Сонымен қатар, топыраққа әктің қалдығын да араластырса, көп пайдасы тиеді. Сосын, 2-3 жылдай түйе жоңышқа, бидай егіп тұзбен күресуге болады. Ал, ҒЗИ тұқымдарына келетін болсақ, институт Жаңақорғанға аудандастырылған тұқымдарын береді. Ал ондай тұқымдар әбден сыналғандықтан мол өнім беретіні анық.
– Ауылшаруашылығы мен ғылымның байланысы қандай?
– Қазіргі таңда экономиканы дамытудың басты көзі – агроөнеркәсіп саласын өркендету үшін индустриалды-инновациялық дамуға басымдық беру керек. Осы орайда, ауыл шаруашылығын оның ішінде егін шаруашылығын инновациялық дамыту, өнімді көп алу мақсатындағы зерттеулер ерекше маңызға ие. Мәселен, ауыл шаруашылығын инновациялық дамытудың үш бағыты анықталған. Соның бірі – биологиялық фактордағы инновация. Демек, ауыл шаруашылығы мен ғылым өте тығыз байланыста болады. Соның арқасында ауыл шаруашылығы саласының дамуы қарқынды жүреді.
– Аудан ауылшарушылығы саласы бойынша облыста көш бастап тұр. Өткен жылы күріштің жаңа сорттары егіліп, мол өнім алынды. Күріш өндірісінде неге мән беру керек?
– Біз өз заманымызда күріштің «Кубань», «Авангард» деген сортын ектік. Ал, қазіргі күріштің өсіп-өнуінің басы-қасында болмаған соң, ол туралы айту қиын. Дегенмен, әр күріштің өзіне тән ерекшеліктері болады. Бірақ, диқандарға ескеретіні, күріш сортына қарай гүлдеп, ұрықтанады да дән толады. Сол дән толған уақытты сүт, қамыр, піскен деп үшке бөледі. Кейбір сорттар пісуге жақындағанда су аз болғанның өзінде жердің дымқылымен дәнін толтырады. Ол оның сорттық қасиеті. Ал, менің аңғарғаным кейінгі егіліп жатқан «Маржан» сортының ерекшелігі пісуге жақындағанда су болмаса толмай қалады. Содан күріштің дәні ұсақталып кетеді. Сол себептен, оның суын тартуды өте сақтықпен жүргізу керек. Осыны диқандар аңғарса деймін. Жалпы, дерек көздеріне қарағанда, «Маржан» тұқымының потенциалы гектарына 50-55 центнерден. Ал, ресейлік ғалымдардың ұзақ жылғы селекциялық жұмыстарының арқасында пайда болған «Лидердің» потенциалы гектарына 120-150 центнерден өнім береді. Ендеше, «Лидерді» егуді меңгеріп, мол өнім алуды жолға қою керек.
– Ал, өнімді күріш алу үшін не істеу керек?
– Негізінен, өнімді алар уақытта шаршы метрмен есептеледі. Өнімнің 50 пайызын түп саны береді. Ал, масақтағы дәннің саны 25 пайызын, дәннің меншікті салмағы қалған 25 пайызын береді. Сонда өнім 100 пайыз өнеді. Егер түп саны түгел болса, диқан 50 пайызын орындады деген сөз. Ең бастысы, су деңгейін қатаң қадағалау керек.
– Отбасыңыз жайлы айтсаңыз?
– Негізінен, адамның басты құндылығы – отбасы. Алланың берген 5 ұл-қызын тәрбиеледім. Үлкендері білім алып, үйлі-жайлы болды. Кенжем әлі оқушы. Барлығы да жоғары білім алып, әрқайсысы өз саласында қызмет жасауда.
– Отбасым – құндылығым, дедіңіз. Бала тәрбиесінде неге баса назар аударасыз?
– Иманды, ибалы ұрпақ тәрбиелегенді жөн санаймын. Ол үшін баланың бойына жақсы қасиеттерді сіңіртіп, игі іс пен лас істі, арам мен адалдың аражігін ажырата білуді үйрету маңызды. Балаға берген білім мен ақыл иманмен ұштасса болашақта ол перзенттен жақсы адам қалыптасары анық.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
07 сәуір 2018 ж. 4 588 0