Елдіктің жолы електен өтті
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидат жиынтығындағы құндылықтарды насихаттау және елді мекендердегі атқарылып жатқан жұмыстарының барысымен танысу үшін Екпінді, Төменарық, Сүттіқұдық ауылдық округіне арнайы бардық. Делегация құрамында мәслихат депутаттары Баянбек Халжанов пен Нұрлат Байгенже болды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Тәуелсіздікті тұғырына қондырып, мемлекеттік мұрат жолын айқындап, татулық пен тұрақтылықты негізгі құндылығымыз етіп, береке-бірлігі ұйысқан елге айналдырды. Енді осы Тәуелсіздікті тұғырлы етудің жолын қағидаттар жиынтығында көрсетті.
Міне, осыны елді мекен тұрғындарымен бөлісуге асықтық.
Алдымен Екпінді ауылдық округіне тоқтап, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстық. Онда екпінділіктердің ұзақ жылдан бері көтеріп келген көпір мәселесі оң шешімін тауып, жаңа көпірдің құрылысы басталды және су қашыртқысын тазалау жұмысы жүргізілуде екен. Бұл жобаларды Екпіндіге облыс әкімі келгенінде қолдап, сапалы аяқтау керектігін тапсырған-ды.
Партиялық бақылау – жұмыстың сапасын арттырады десек, бұл жұмыстардың деңгейін тексеру де маңызды іс. Сондай-ақ бұл елді мекенде ауыз суды үй-үйге сервистік жеткізу қызметі жүзеге асуда.
Одан кейін Қожамберді, Сүттіқұдық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, «Елдіктің жеті қыры» көтерген басымдықтарды түсіндірдік.
Бүгінгі жеткен біздің барлық жетістігіміз бен жеңісіміз Тәуелсіздіктің арқасы. Ал, Тәуелсіздікті тұғырлы ететін тұрақтылық пен тыныштық ұлттар арасындағы бірлік пен келісімге тікелей байланысты. Біз осының қадыр-қасиетін терең түсінуіміз тиіс.
Сақ, Ғұн дәуірінен басталып, Түрік, Ұлық Ұлыс заманымен жалғасын тапқан Ұлы даладағы ұлан-ғайыр жер бізге мұра болып қалды. Мұны біз бағалай біліп, аманат болған ұлтарақтай жердің өзін қадірлеу азаматтық парызымыз. Тұңғыш Президент осының мән жайына тоқталды.
Одан кейін отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі екенін жазып, қағидаттар жиынтығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндес, мазмұндас екенін сездірді. Отбасы шағын мемлекет десек, осы отбасының бәсекеге қабілетті болуы бәрінен де маңызды.
Бесіншісі, ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі. Ұлтпен ұлтты ерекшелейтін, даралайтын құбылыс – мәдениетінде. Ұлт мәдениетті болған кезде ғана тағылымды өрнек қалыптастырып, уақыт талабына тез бейімделе алады. Біздің ауданда мәдени ошақтарға қамқорлық өз деңгейінде көрсетіліп келеді. Оған елді мекендердегі клуб үйлерін типтік жобада жаңартуға басымдық берілгені дәлел. Шалқия кентіндегі клуб үйі берілуге дайын болса, Өзгент ауылдық округінде мәдениет ошағының құрылысы жүруде. Алдағы уақытта Жайылма, Қосүйеңкі, Екпінді және т.б елді мекенде клуб үйін жаңадан салудың маңызын түсініп отырмыз. Аудан әкімі Руслан Рүстемов мәдениет жанашыры екенін көрсетіп, барлық клуб үйлерінің материалдық базасын жаңартып, мәдениет қызметкерлеріне қолдау білдіріп отыр.
Қазір білімділердің, еңбекқорлардың заманы. Тұңғыш Президент айтқандай, білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті. Әлемнің озық елдері адами капиталды дамытуға басымдық беріп, жастарға ғылымды, технологияны меңгертуге күш салуда. Ол үшін білім беру жүйесі жаңғырып, жаңарып, уақыт талабына сай қайта құрылуы тиіс. Біздің елде осы бағытта жүйелі жұмыс бар. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, IT сыныптар, робототехника кабинеттері ашылды. Білім процесін жеңілдететін «Н1 – ТД75» маркалы интерактивті панельді тақталар қолжетімді болды. Типтік жобадағы мектептердің қатары да көбейіп келеді. Мәселен, Қожамберді мен Сүттіқұдықтағы мектеп соның дәлелі.
Мұғалім мәртебесі заңы қабылданып, ағарту саласы қызметкерлерінің жалақысы тұрақты өсіп келеді. Мұның бәрі ұстаздар қауымының жұмыс сапасын арттыратын қадам екені даусыз.
Тәуелсіздікті тұғырлы етуде бізге өзіміздің бір қасиетіміз кедергі келтіруі әбден мүмкін. Ол – ысырапшылдығымыз, даңғойлығымыз. Тұңғыш Президент осыны тап басып, прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі дегенді алға тартты.
Биыл Қожамберді ауылын аяқ сумен қамтамасыз ету үшін М-22 каналын тазалау және шлюздер салу жұмысы атқарылды. Каналдың басына барып, жұмыстың сапасын көріп, бірқатар ескертулер бердік.
Жалпы бұл іс-сапар барысында халықтың ұсыныс-тілектерін біліп, байыпты бастамалардың сапасын көріп қайттық.
Ғалымжан СОПБЕКОВ,
аудандық мәслихаттың депутаты
аудандық мәслихаттың депутаты