Ел ертеңінің бағдары
Аудандық орталық кітапханада облыстық мәслихат депутаты, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев аудан зиялылары мен жастар, білім және мәдениет саласының мамандарымен кездесіп, Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығы төңірегінде әңгіме өрбітті.
Жиынды ашқан аудандық мәслихат депутаты, орталық кітапхана директоры Әсемгүл Тілеубергенова:
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бас партияның Саяси кеңесінде Тәуелсіздік алған 30 жылда атқарған жұмыстарды қорытындылап, елдіктің негізгі жеті қағидатын ұсынды. Бұл «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының заңды жалғасы. Бүгін арамызға белгілі медиаменеджер Аманжол Сағыпұлы келіп, өркениет көшінде бағдаршам болатын тұжырымдаманы жан-жақты талдап, түсіндіріп береді, – деді.
Сыр өңіріндегі облыстық, қалалық, аудандық газеттерді біріктерген серіктестіктің басшысы Тұңғыш Президенттің қағидаттар жиынтығын талап пен талғам таразысы тұрғысында талдап, тарихи жағдайлармен сабақтай сөз етті.
Ұлттық мұраттарға, елдік мүддеге негізделген, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени бағыттарда жүйелі жұмыстар атқарылып, әдеби-рухани арнаға кең өріс ашылды. Мұның бәрі тәуелсіздіктің жарқын да жасампаздық жолы. Тәуелсіздікті тұғырлы етуде тұрақтылық пен тыныштық басты рөл атқарса, Қазақстан халқы Ассамблеясы (1995 жылы 1 наурыз) – ел өміріндегі этностық, мәдени және діни көпқырлылықтың жасампаз үлгісіне айналып, қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайта түсті.
Қысқасы, «Елдіктің жеті тұғыры» – ел ертеңінің бағдары екені дәйекті дәлелдермен баяндалды.
Кездесу барысында отбасы құндылығын сақтау мен салт-дәстүрді ұстану және жаңғыртудың маңызы айтылып, адами капиталдың сапасы – білім мен еңбекқорлық қасиеті арқылы анықталатыны сөз болды. Бәсекеге қабілеттілікті шыңдайтын прагматизм принципін ұстанудың артықшылығы сөз болды.
Аудандық мәслихат депутаты, жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Мәжит Балқожаев пен Жаңақорған аграрлы-техникалық колледж директорының орынбасары, бас партияның бастауыш ұйым төрағасы Алмат Мампаев кездесуде айтылған өрелі ойлар қатысушылардың көңіліне қонғанын айтты.
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ