» » Бақша өсіру – бақыт

Бақша өсіру – бақыт

Бақша өсіру оңай шаруа емес.  Қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл сала үлкен еңбекті талап етеді. Ертелі-кеш қолынан кетпен түспейтін бейнеткеш елдің бірде еңбегі ақталса, бірде шығынға батады.Cондай  азаматтың бірі 30 жылдан бері бақша өсіру кәсібін серік еткен Жайылма ауылының тұрғыны Құрбанай Тұрсынбаев ағамыз.  «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбегі ескеріліп «Алтын дән-2021» мерекелік шарасына қатысып, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қолынан алғыс хат алды.
– Бақша өнімдерінің ішінде қарбыз егемін. Қарбыз 75-80 күнде өнім береді. Дән кезінен екпей тұрып жасалатын күтімдері бар, еккеннен кейін одан көп есе күтім қажет. Қашан өнім дайын болып, сатылғанша егін басынан кетпей сонда боламыз. Қазір жер құнарсыз, тың жер қалмады, сондықтан көп тер төгу қажет. Біздің елде әр отбасыға 2-3 гектардан жер береді. Cол жердің әр гектарынан 60 тоннаға дейін өнім алуға болады. Алғашқыда 58-60 тоннаға дейін алып жүретінбіз. Кейіннен ауа райының қолайсыздығынан 30-35-тен аспай қалды. Шығыны да көп, ұрығы да, техника да қымбат. Барлығы бейнетті қажет етеді, – дейді еңбекқор ағамыз.
Диқаншылық мехнаты көп жұмыс болса да, жыл сайын қара жерге дән тастап, жас сәбидей күтім-бағымына алатын Құрбанай аға қарбыздан бөлек қауын және жүгері өнімдерін де егеді екен. Отбасымыен бірге осы кәсіптіңбабын тауып отырған бағбан өз кәсібіне риза.
–  Өнімді көп еккен сайын саудалау жағы да күрделене береді . Қарбыз-қауын алғашқы кезде қымбаттау болады. Ал, соңына қалсаң баға күрт төмендеп, еңбегіңді ақтамай қалатын кездер де болады. Дегенмен осы кәсібім өзіме ұнайды. Есігімнің алдына да жыл сайын егін салып отырамын, – дейді ол.
Су тапшылығының әсерінен бақ­ташы келешегіне алаңдаулы. Тауға қар жаппағасын, платинаға су жиналмайды. Жер берсе 5 гектарға  дейін егуге болады. Бірақ су жағы тапшы дейді бақша өсіруші. Биылғы жылы күннің ыстығынан қарбыздың бір бөлігі пісудің алдынағарып жарамсызданыпты. Карантиндік шараларға байланысты Ресейге де өнім тасымалданбаған.
Ауыл әкімі Әліби Букеев мырзадан еңбек адамдарына әкімдік тарапынан көрсетілетін көмек жайында сұраған едік
– Еңбегімен ер сыйлы деген­дей, ауылдағы еңбекқор азаматта­рымыздың бірі осы Құрбанай Әбділләұлы. Осындай өз-өзін қам­тамасыз ететін адамдар көбейсе ел жағдайы да көтеріледі. Көктем кезінде әкімдік тарапынан көмек көрсетіліп жүр. Техникаларды төмен бағада пайдалануға, жанармайын алуға көмектесеміз. Қалғаны қол еңбегін қажет етеді, – деді ол.
«Бейнеттің тері ащы, жемісі тәтті» дегенді ұстанған Құрбанай Тұрсынбаев қазіргі кезде жұмыс табу қиын екенін алға тартып, жастар да бос жатпай, екі қолға бір күрек алып Жер Ананың ырысын алса екен дейді.
Рауза ӘЗІЛХАН
31 қазан 2021 ж. 458 0