» » Балаңызды ұрмаңызшы, ана!

Балаңызды ұрмаңызшы, ана!


Көшеде келе жатыр едім екі кішкентай баланың жан дауысы шығып, бір-бірінен асып жылап жатыр. Күн салқын, аяқтарында дым жоқ. Жүгіріп қастарына барып, екеуін көтеріп алдым. Сол-ақ екен, бір әйел қасыма жетіп келді де, екі баланы қолымнан алып, желкелеп ауласына кіріп кетті. Орнымнан қозғала алмай тұрып қалдым, балалардың дауысы әлі құлағымда тұр. Әлгі әйел баласын жұбатудың орнына, төмпештеп ұрып, айқайға басты. Айтыңызшы, біз қандай әлемде өмір сүріп жатырмыз, осы!
Дәл осындай оқиғаларға жиі-жиі тап болып жүргеніміз жасырын емес. Бүгінде ақпарат құралдарынан «баласын өлімші етіп сабап тастапты», «баласын далаға тастап кетіпті», «баласына зорлық жасапты» деген хабарларды жиі оқимыз. Жуырда ғана бір жас әйелдің өзінің бір айлық шақалақ баласын үйіне жалғыз тастап кеткені әрі бесінше рет аналық құқығынан айырылғаны жөнінде әлеуметтік желі арқылы тарап, көпшіліктің жағасын ұстатқаны бар.
Балаларын ұру арқылы тәрбиелі, тәртіпті қылып өсіреміз деп ойлайтын ата-аналар біздің арамызда жоқ емес. Баланың аты бала, бір орнында отырмайды, қызығады, ұстап көргісі келеді. Сөйтіп жүріп бір нәрсеге ұрынады немесе бүлдіріп, сындырып тынады. Мұндай жағдайда ашуға берілген ата-ана не істейді? Жұдырығын ала жүгіреді. Мұнысын тәрбиелеу деп ойлайды. Осылай жасасам келесіде тентектігін қайталамайды деп сенеді. Бірақ бала біраз уақыт өткен соң жаңағы әрекетін қайта жасайды.
Бала тәрбиесі тақырыбын жан-жақты зерттеп жүрген ғалымдардың пікірінше, баланы ұрып-соғу көптеген келеңсіз жайттарды тудырады. Үнемі таяқ жеумен өскен баланың психикасында көптеген ауытқушылықтар болады. Әдетте мұндай балалар қалай болғанда да бұрыс істің бәрін ата-анасы үйде жоқ кезде немесе тығылып жүріп істейді. Яғни, баланы үнемі таяқтап отыру – қате әрекет.
Ұрудың да өз реті болады. Еркеліктерінің арты шапалақпен аяқталып отырса, ондай баланың ата-анасына деген сыйластығы азайып, сенімі таусылады. Сенімі таусылған бала әр нәрсеге ұрынғыш келеді. Бәлкім, бірден жұдырықтың көмегіне жүгінбей, неліктен мұндай қателікке барды, соны білген дұрыс. Сонан соң бұл ісінің дұрыс емес екенін түсіндіріп, алдағы уақытта қайталамауға шақыру керек. Қайтадан қайталап қойған болса, кезекті рет түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бала тұрмақ, біздің өзіміз де қаншама рет қателесіп, қаншама рет келеңсіз жайттарға кез болып жатамыз. Сондықтан да баланың бала екендігін естен шығармай, арқасынан сипап отырып тәрбиелеу, мінеки, бұл өте жақсы әдіс.
Егер бала әке-шешесінің тілін алмай жүрсе, оның себебін үлкендер әуелі өздерінен іздеуі керек. Мүмкін, үйдегілер жақсы үлгі көрсете алмай жүрген шығар. Басқа бір жағдайлар әсер еткен болуы да мүмкін. «Сен жаман баласың» деген сөзді естіп өскен бала қайдан жақсы адам болып шықсын?! Бұл тұрғыда ата-аналар тілдеріне өте абай болуы керек. Кейде қатты ашуға беріліп, туған баласын қарғап жататын әке-шешелер де бар. Бұл үлкен қателік.
Әкенің мейіріміне, ананың махаббатына қанып өскен баладан болашақта тәрбиесі түзу адам шығады. Бала тәрбиесінде осындай қағида бар. Үлкендер өздерінің күшті екенін пайдаланып әлсізге әлімжеттік жасауларын доғармаса ертеңгі күні өздері өкініп қалады. Әлбетте, баланы мүлдем ұрма демейміз. Алайда мұндай тәрбие түріне бармастан бұрын өзге де жазалау түрлері жетіп жатқанын есіңізге салып отырған жайымыз бар.
Мейрамкүл ӨТЕГЕНОВА

17 қазан 2021 ж. 260 0