№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ОЙЫН ДЕГЕН ӘЗӘЗІЛ

ОЙЫН ДЕГЕН ӘЗӘЗІЛ

Әдеттегідей қоғамдық көлікке кеп отырдым. Қасымда отырған апай бірі танысына мұңын шағып отыр екен. Өзі мұғалім көрінеді, қолындағы ұялы телефонындағы «каспий голдтағы» 340 мың теңге ақшасының әп-сәтте жоқ болып кетуіне аң-таң болып, банк бөлімшесіне барыпты. Ондағы қызметкерлер әлгі әйелдің қолына ұзын сонар жалғасқан 3 бет қағазды ұстатыпты. Онда 340 теңгеге сатып алынған ойын түрлері тізбектеліп шыға келіпті. Зерттей келе тапқаны, 8 сыныпта оқитын ұлы «Ойынды сатып ал» тетігін басып, ақша аударылымы жалғаса берген. Абайсызда басып қойды ма, әдейі ме, жұтылып кеткен ақша орнына қойылмайтынын айтыпты банктегілер. Бұл сөздерді естіп отырған жанындағылар «менің де балам 10 мың теңгемді жоқ етті», «ал менікі 48 мыңды құртты» деген сөздерді айтса, енді біреулері телефонды әзәзілге теңеп, бір-бірін барынша сақтыққа шақырып жатты.

Ғаламтор дамыған сайын виртуалды алаяқтық кәдімгідей белең ала бастады. Мыса-лы, Қазан қаласында мектепке жасалған шабуылдан 11 адам қаза тауып, 21 адам жарақат алды. Тәртіп сақшылары оқиға орнында 19 жастағы Ильназ Галявиевті ұстады. Айдың – күннің аманында қанды қол қарақшы өзі оқыған мектептің астан-кестеңін шығарды. Деректерге сенсек, қылмыскер психикалық ауытқуға ұшыраған. Себебі, санасын улаған онлайн ойынның салдары деседі. Міне, ақыры не болды? Орны толмас өкінішке айналды. Ертең, осы пәлекет бізге опық жегізбесіне кім кепіл? Әйтпесе, біздің арамызды гаджетке телміріп, ойынмен таңын атырып, түнін батыратындардың қарасы қалың емес деп ешкім айта алмас, сірә?
Ия, инстаграм желісінде онлайн ойындар арқылы ақша табуға шақыратын жарнамалар көбейді. Таргеттелген жарнама емес, блогерлердің аузына салынған сөз ғой, өте сенімді жарнама дерсің. Мәтіні шамамен мынадай, бәлкім, сіз де бірнеше рет естіген боларсыз: «Сіздер білесіздер ме, мен бүгін онлайн ойнап, мол қазынаға тап болдым. 150 мың теңге ұтып алдым. «Сен осы ойын арқылы ақша табатын едің ғой, бізге сілтемесін берші» дейсіздер ғой. Олай болса, сақтап алыңыздар. Сіздерге сенімді болу үшін, осы жерге чекті де қоса көрсетемін. Бастысы, небәрі 2 мың теңгеге алып, біртіндеп ставка көтеріп отырасыз. Сонда сізге 50 мың бонус беріледі» деп скриншотталған сурет салады. Ол скринде блогердің телефонындағы басты бетте өз суреті және онлайн ойыннан банк картасына ақша түскені туралы хабарлама болады. Кәдімгі банк қолданбасындағы есепшоттың емес, жай ғана фотошоппен жасалуы оп-оңай хабарлама екенін есте ұстаған жөн. «Алтынмен аптаймыз, күміспен күптейміз, бірден мол ақшаға қарқ қыламыз» деген жалған уәдемен балалардың санасын жаулап, жарға жығып кету жағдайлары жиілеп кетті. Алдаудың тәсілдері сан алуан болғанымен, түпкі мақсаты аңқау адамдардан көбірек ақша жымқыру. Онлайн ойынның ең танымалы – Garena Free Fire. Аталған ойынға Үндістан елі түбегейлі тыйым салыпты. 2017 жылы жарыққа шыққан ойынды жүктеушілердің бүгінгі саны 500 миллионға жуық. Атыс-шабыс суреттелетін ойыннан кім оңсын? Қарағандыда мектеп оқушысы осы ойынның кесірінен, әке-шешесімен сөзге келісіп қалып, үйінен қашып кеткенін естідім. Келесі жолы тағы да ата-анасы ойынға ақша бермегені үшін Нұр-Сұлтан қаласына кетіп қалыпты. Жаппай мектеп, құқық қорғау органының қызметкерлері іздестіріп барып, әрең тапқан. Міне, бұдан біз ойынның бала жүйкесін жұқартып, ақыр соңында әке-шешесіне қарсы шыққанын көреміз.
Естеріңізде болса, осыдан бірер жыл бұрын «Көк кит» деген ойын тарап, қоғам болып даурыққанбыз. Жаппай балалардың телефонын ақтарып, аздап тәртіп орнатқандай едік. Амал не, телефонсыз таң атырмайтын, түн батырмайтын ұрпақтың санасын онлайн ойындар оңай улады. Қазір жеткіншектеріміздің орысша ойлайтынының, сөйлейтінінің себебін де алыстан іздеудің керегі жоқ секілді. Ал,
басты алаңдайтыныңыз бала денсаулығы болса, оны қадағалауды үнемі жадыңызда ұстаған жөн болар.
P.S. Ұлы Абай атамыз «ойын арзан, күлкі қымбат» дегенді тектен-текке айтпаса керек. Жалпы, баю, материалдық жағдайыңыздың жақсаруы – алдымен өзіңізді байытудан, яғни, жігер, жалқаулықтан арылу, тынбас еңбектен басталатынын естен шығармасақ екен. Кім не десе де, оңай жерде алтын жатпайтыны белгілі жайт. Ақшалы атану үшін де еңбекқорлық, табандылық, төзімділік секілді қасиеттер қажет-ақ.
Әсел РЗАЕВА
22 маусым 2021 ж. 545 0