Сенаторлар сан саланың серпілісін саралады
2021 жылдың 30 маусымында Парламенттің бірінші сессиясы жабылып, депутаттар жазғы каникулға шығып, ауыл-ауылды аралап, тұрғындармен жүздесіп, елдегі негізгі мәселелерді саралап жүргені белгілі. Әрине, халық қалаулысы елшілдік істерімен, қасиетімен дараланып, халыққа жақын болғаны абзал. Содан болар «депутаттың да депутаты болады» дейтіні. Міне, осы тұрғыда бағалайтын болсақ, Мұрат Бақтиярұлының беделі биік. Ол талай рет қордаланған мәселенің түйінін тарқатып, халықтың игілігіне айналуына себепкер болғанын жақсы білеміз. Ал, Сенат қабырғасына жаңадан қосылған Ақмарал Әлназарова өңірлік деңгейде биік-биік қызметтер атқарып, іскерлігімен, біліктілігімен танылған-ды.
Міне, осы қос депутат ауданға арнайы ат басын бұрғанында олармен кездескісі келген азаматтар көп болды. Біз соған куә болдық.
Жә, сапардың мән-маңызына келетін болсақ, сенаторлар ауданда шағын және орта кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы мен өндіріс бағытындағы жұмыстармен танысты.
Сенаторлармен бірге аудан әкімінің орынбасары Ердулла Сұлтанбеков, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаев пен ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев жолға шығып, ауданның тыныс-тіршілігін баяндады.
Алдымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы бойындағы заманауи қызмет көрсететін орталық – «Жан-Арай» ЖШС сервистік кешеніне тоқтады.
Халықаралық жол бойындағы бірегей сервистік кешен мейрамхана, асхана, қонақ үй, ойын-сауық орталығы, медициналық қызмет көрсету және техникалық жөндеу орны, бөлшек сауда нүктесі, қоғамдық жуыну және көлік жуу орны, автотұрақ пен май құю бекеті қызметін біріктіреді. Оған ауылшарауашылығы өнімдерін өндіру және өндеу қоймасын қосыңыз. Яғни Төменарық аймағындағы елді мекен тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді, бәрінен бұрын, Еуразия құрлығының батысы мен шығысын жалғайтын магистральдық жолмен қатынайтын жолаушыларға сапалы қызмет көрсететін сервистік орталыққа айналады.
Бірегей сервистік кешеннің жұмысымен Нұрдәулет Махашов таныстырып:
– 2019 жылы 10 гектар жерге алма көшетінің үш түрін отырғыздық. Биыл 50 гектарға ұлғайтып, онда алманың «Голден», «Джонатон», «Ренет симиренко» түрін қостық. Келер жылы алғашқы отырғызған алма өнім береді. Өнімді сақтап, өндеу маңызды. Осы себепті сақтау және өндеу қоймасын көтердік. Оның негізгі жұмыстары аяқталды. Бірнеше айда іске қосамыз, – деді.
Мұрат Бақтиярұлы өңірдегі іскер азаматтардың потенциалын жақсы біледі. Сұрақ соған байланысты туындап: «Біз Бақдәулет Еркінұлының еңбекқорлығымен, ізденімпаздылығымен жақсы таныспыз. Алда қандай жоспар бар?», – деді.
– Алда жоспар көп. Мәселен, 100 гектар жерге қызанақ, қияр, болгар бұрышын егіп, көкөніс, жеміс сақтау қоймасын салу ойда бар. Қызанақ өндіру, өңдеу, сақтау, сату қоймасын да іске асыру бағытында ізденудеміз. Жеміс, көкөністі өзіміз өндіріп, облыс тұрғындарын сапалы, қолжетімді бағадағы өніммен қамту – алда тұрған үлкен мақсатымның бірі, – деп жауап қатты серіктестік өкілі.
– Әрине, қызанақ өндірісін дамыту өте дұрыс жоба. Оған Жаңақорған, Шиелі ауданының табиғи ерекшелігі жақсы мүмкіндік береді. Әрі қызанаққа және оның өнімдеріне сұраныс жыл өткен сайын артып келеді, – деп қолдай сөйледі сенатор.
– Сіздердің алмаларыңыз жергілікті бағаны тұрақтандыруға әсері қаншалықты? – деп сұрады сенатор Ақмарал Шәріпбайқызы.
– Алма келесі жылдан бастап жаппай өнім береді. Біз алманы нарыққа шығарудан бөлек алма шырынын дайындауға мән береміз. Жаңақорған, Шиелі ауданының нарығында алма бағасына әсер ететін болады, – деп жауап қатты Нұрдәулет Еркінұлы.
Кездесу барысында алманың әр түп санына 344 теңге субсидия берілетіні, бірақ, бақтың көлеміне және өндірілген өнімге субсидия қарау мәселесі өзекті екенін білдік. Егер осы бағытта жеңілдіктер қаралса, инвесторлар өнім өндіруге басымдық берер еді...
Халықаралық жол бойындағы сервистік кешен туристік қозғалыстың дамуына да оң әсер етіп, қосалқы шағын бизнес көздерінің қалыптасуына жағдай жасайтын болады. Яғни кешен төңірегінде кластерлік бизнес дамитын болады. Сенаторлар осы бағыттағы жүйелі жұмыстарды көзбен көріп, халықтың игілігіне айналуына тілектестік білдірді.
***
Одан кейін «Абдулла» шаруа қожалығының құс фабрикасына барды. Қазір фабриканы желтоқсан айына дейін іске қосу үшін құрылыс қарқынды жүруде.
Фабрика іске қосылғаннан кейін жылына 3,5 мың тонна құс етін өндіреді. Бұл – Сыр өңіріндегі тауық өніміне деген сұраныстың 33 пайызын қанағаттандырады деген сөз. Мұнда 12 құс ұстайтын блок болады. Әрқайсысында 20-25 мыңға дейін тауық ұстауға болады. Бастысы, 100-ге жуық азаматты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.
– Қаржыландыру көзін қалай шештіңіздер?
– Бастапқы жобалау құны 4 млрд теңге. Оның 2,8 млрд теңгесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы, 1,2 млрд теңгесі өз қаржымыздың есебінен. Алайда құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты 5 млрд теңгеден асады.
– Жем-шөп қорын қайдан аласыздар?
– Бастапқы кезде құрама жемді солтүстік облыстардан алдырамыз. Келе-келе жемді өзіміз өндірмей, іс алға баспайды, бизнес өрлемейді. Қазір 1 мың гектар жерді рәсімдедік. Онда жүгері және т.б егіп, құрама жем дайындайтын боламыз.
– Қандай проблемалар бар?
– Жергілікті әкімдіктің қолдауымен барлық мәселеміз дер уақытында шешілуде. Яғни көгілдір отын әкелу, электр жарығымен қамтамасыз ету секілді инфрақұрылымын жетілдіруге байланысты жұмыстарда сүйемелдеу жүргізілді.
Сенаторлар мен кәсіпкер арасындағы диалог осылай өрбді.
Шаруашылықтың төрағасы Әбілхан Тәжімбетов құс фабрикасында балапанды ашатын инкубатор, жем сақтайтын қойма, тауық соятын пункт және 1200 квадрат метр құрайтын 12 дана тауық тұрағы болатынын таныстырды.
Оның сөзінше, инкубатордан шыққан балапан 45 күнде етке өткізіледі. Бүгінде бес тауық тұрағының қанқасы көтеріліп, арнайы аппараттармен қамтамасыз етілді.
***
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолымен оңтүстікті бағытқа алсаңыз табиғи белдеулерге байланысты табиғаты әртүрлі түрленетінін көресіз. Мәселен, Түркістан қаласынан ары қарай жолдың екі жиегі жасыл желекті белдеулер. Осыны көрген адамдар Сырды жұтаң санайды. Расында, солай! Бірақ Амантай Сарбасовтың тұқым бағы бұл ойымызды теріске шығарады. Қай тұрғыда? Біріншіден, «Сыр өңірінде жеміс ағаштары көгермейді» деген жалаң ойдың дұрыс еместігін дәлелдейді.
Иә, «7 KZ Сыр Табиғаты» ЖШС-не қарасты тұқым бақта жемістің түр-түрін табасыз. Халық қалаулылары бау-бақша өндірісіндегі істі көріп, таңданысын жасырмады.
– Төрт жыл бұрын жеміс ағаштарының тұқымы себілген еді. Соның 95 пайызы өнді. Оларды будандастыру жұмысын жүргіздік. Нәтижесін көзбен көріп тұрсыздар. Қазір алманың – 14, жүзімнің – 6, өріктің – 5, алхорының – 4, шие мен алмұрттың – 2 түрі бар. Сондай-ақ грек жаңғағын жерсіндірдік. Сәндік ағашының 10-ға тарта түрі өсіп тұр, – деп бастады сөзін Амантай Сарбасов.
Халық қалаулыларын тұқым бақтағы көшеттің ерекшелігі және көшетті суару жүйесі қызықтырды.
– Басты ерекшелік – біздің көшеттер кез-келген жерде көктеп кетуге қабілетті. Себебі тұқымбақ желдің өтінде. Табиғаты қатал жерді жерсінген көшет өміршең келеді. Мұны тәжірибенің өзі көрсетіп берді. Ал аяқ су мәселесін құдық қазып шешіп отырмыз, – деді.
Алдағы мақсат-мұратымен бөліскен бағбан:
– Мұнда гүлдің де, саялы ағаштың да түр-түрі бар. Тіпті тропикалық, субтропиктік белдеуде өсетін бамбукты жерсіндіруді қолға алдық. Алдағы уақытта табиғи шырын мен тосап жасап шығаратын цех ашуды жоспарлаудамын. Бүгінде нарықта сатылатын шырын құрамына химиялық боямалар қосылғандықтан адам денсаулығына зияны көп, – деді Амантай Бектайұлы.
Тұқымбақ шаруашылығы статусын алған. Сондықтан «7 KZ Сыр Табиғаты» ЖШС-мен келісімшартқа отырып, мемлекеттен жеңілдетілген қаржы алуына мүмкіндігі бар. Яғни кәсіпкер сертификатталған көшетке Үкіметтен субсидия ала алады.
***
Үшінші нысан – «Премиум Класс-Строй» ЖШС-нің әк зауыты болды. Шикізатты өндеу – табыстын көзі десек, серіктестік тастан әк шығарып, қысы-жазы өнім өндіріп отыр. Онда тәулігіне 240 тонна әктас өндіріледі. Бүгінде 8 пешке сағатына 1500 куб көгілдір отын жұмсалады.
– Біздің әктің бағасы қолжетімді. Бір келісі 30-33 теңгеден айналады. Бастысы, әктің сапасы өте жоғары. Біздің әк лабораториялық көрсетілім бойынша жоғары белсенділігімен танылған, сапасы өте жоғары. Сондықтан «Қазақмыс», «Қазақалтын» және т.б ірі-ірі компаниялардан сұраныс көп. Оны игеруге мүмкіндік болмай жатыр. Егер тағы 1500 куб газ алуға мүмкіндік болса, тәулігіне әктас өндіруді 500 тоннаға дейін жеткізіп, қосымша 40 адамды жұмыспен қамтып, сұранысты игеруге мүмкіндік арта түседі. Көгілдір отынның мөлшерін артса дейміз, сосын «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ баратын темір жолдан әк зауытына келетін тұйықтық жасау да маңызды, – деді Марлен Ысқақов.
Оның сөзінше, 980-1000 градус ыстықта тас күйіп, одан әк бөлініп шығады. Әкке доломит тастар пайдаланады. Ал, өндіріске қажетті тасты Қаратаудан алады.
– Қанша адам жұмыспен қамтылды, олардың жалақысы қанша? – деп сұрады Ақмарал Шәріпбайқызы.
– Жергілікті жерден 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Олар 200-250 мың теңгеге дейін жалақы алады. Заманауи жатақанамен және бес мезгіл құнарлығы жоғары ас-ауқатпен қамтамасыз етілген, – деді Марлен Ысқақов.
***
Соңғы объект – «Түгіскен ТҚ» ЖШС күріштік алқабы болды.
Серіктестік төрағасы Нематулла Рүстемовтің сөзінше, өнімділікті арттыруда техникаға арқа сүйейтін уақыт келді. Үш жыл бұрын Қытайдан ауылшаруашылық жұмыстарын өңдейтін дрон алдық. Құрылғы арқылы егістіктің қай учаскесіне минералды тыңайтқыштар мен гербицид беру қажеттілігі анықтап, дәл мөлшерде бердік. Біріншіден, шығынды азайтуға, екіншіден, өнімділікті арттыруда септігі мол.
Серіктестік 504 га жерге дәнді дақылдың дәнін тастады. Оның ішінде, «Маржан» (50 га), «АйКерім» (88 га), «Лидер» (366 га) тұқымына басымдық беріпті.
Күріштің жоғары репродукциялы тұқымын көбейту және өндірумен шұғылданатын серіктестіктің төрағасы Немат Рүстемов ала-жаздайғы еңбектің ризық-несібесін шашпай-төкпей жинап, қамбаға дән құятын уақыт келгенін айтты.
Осындайда аудан әкімі Руслан Рүстемовтің: «1890 жылдары қазақ даласына күріш жерсіндіріле бастады. Содан бері күріш өнімдерін тұтыну, соған сай дағды-дәстүр қалыптасты. Енді күріш шаруашылығын уақыт талабына сай дамыту міндеті тұр. Мұны неге айтып отырмын? Жапондықтар үшін күрішті импорттау екі есе арзан түседі екен. Бірақ жапондар күріш егу қанша қымбат түссе де, өздері егіп отыр. Ондағысы жапон ұлтының салт-дәстүрі күріш шаруашылығымен тығыз байланысты (тұрақты сөз тіркестері, сөйлеу мәдениеті күрішпен байланысты). Сондықтан күріш шаруашылығын ұстау – ұлтты сақтаумен тең, – дегені ойға оралды.
Расында, күріш шаруашылығы біздің өмірдің де бір бірлігіне айналды. Бастысы, күріш егу Сырдың егіндік жерін сақтап қалудың бірден-бір жолы.
Сенаторлар мен төрағаның пікір-алмасуы төмендегідей өрбіді.
– Күрішке қашан орақ саласыздар?
– Суды тартқанымызға 5-6 күн болды. Күріш алқабына жатка түсіруді бастап кеттік. Бірнеше күнде қырманға дәнді бастыруды да бастаймыз.
– Қанша жұмысшы бар?
– 35 адам.
– Ауыл тұрғындарына арзан бағада күріш беретін боларсыздар?
– Әрине. Тіпті жағдайына қарай тегін беретін кездеріміз болады.
– Гектарынан қанша центнерден өнім аласыздар?
– Күріштің шығымы жақсы. Құдай қаласа, 50 центнерден жоғары болатын шығар. Бәрін уақыт көрсетеді.
– Алда қандай жоспарлар бар?
– Біз нарыққа, нарықтық қоғамға бейімделдік. Енді бәсекелестікке қабілетті болу керек. Еңбеккерлерге қысы-жазы тұрақты жұмыс тауып берудің жолын қарастыру керек. Қазір өнім өндіретін цехтарды іске қосу жолында ізденудеміз.
– Саласының проблемалары да аз емес. Оны жақсы білеміз...
– Аудандағы егін шаруашылығы саласының басты мәселесі – аяқсу. Дарияға салынған су тоспасы жарамсыз болды. Дәнді дақылдың дәнін кеш тастағандар қыркүйек айының алғашқы он күндігіне дейін суда тұруы тиіс. Болмаса күрішті жинап ала алмайды. Ал, оған биыл су тапшы болайын деп тұр. Бізге күріш екпесек, жер тұзданып, айналымнан шығады.
***
Мұрат Бақтиярұлы мен Ақмарал Шәріпбайқызы аудан активімен кездесуді ұмытпады. Басқосуда ел ағалары, аудандық мәслихат депутаттары, сала басшылары мен ауыл әкімдері, мектеп директорлары төбе көрсетті.
Кездесуде сенаторлар заңнамалық қызметтің негізгі тұстары туралы сөз етті. Сондай-ақ, Президенттің әлеуметтік бастамалары да жиынның өзегіне айналды.
Кездесуде ел ағасы Алшынбай Тұртанов аудан орталығындағы «Алтыкрант» аймағының жер асты суын халық тұтына алмай отырғанын айтса, ауданның «Құрметті азаматы» Рақымбаба Құтыбаев су тоспасынын маңызын түсіндірді. Аудандық мәслихат депутаты Әлібек Нәлібаев болса Қызылқұмға құдық қазып, төрт түлікті сонда бағудың артықшылығын сөз етті. Аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Шерхан Ашимов Аққұм бекетіндегі ауа-райын болжау станциясын заманауи талапқа сай етіп жасақтаудың мәселесін көтерді.
Сенаторлар көтерілген мәселелердің маңызын саралап, күнделіктеріне жазып алды...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ