Газ қымбаттады, неге?
Азық-түлік бағасының қымбаттағаны былай тұрсын, енді автогаздың да құны шарықтап барады. Картоп пен сәбіз бағасының шарықтап кеткеніне есеңгіреп жүрген жаңақорғандықтар газға енді мән бере бастағандай. Өйткені осыдан апта бұрын ауданда газ тапшылығы орын алып, газ құю бекетінде кезек күткен көліктер тым көп еді. Әсіресе кешкі уақытта Аманкелді көшесінің бойындағы газ құю бекетінде жеңіл көліктердің ұзын сонарын көріп «әй, енді газ қымбаттамаса болғаны!» деп адамдар бір-біріне сыбырлап жүр еді. Айтқандары айна-қатесіз келді. Баға бір күнде бірден 20 теңгеге көтеріліп шыға келді.
Жалпы сарапшы мамандар сұранысқа ие әлеуметтік газдың тапшылығы жыл соңына дейін жалғасуы мүмкін, сондықтан баға да құбылмалы болады деп болжап отыр. Ал жауапты мамандар болса, газ бағасы мемлекет тарапынан реттелмейтінін айтқан. Олар қымбатшылықты газ тапшылығымен байланыстырып отыр. Оның негізгі себебі – елдегі ірі зауыттардың уақытша жұмысын тоқтатуы.
– Шымкенттегі зауыт тоқтап қалғаннан кейін сұйытылған мұнай-газды шығармай қойды. Оның алдында Атыраудағы зауытта да осындай жағдай орын алды. Бір «КазгерМұнайдың» газы бар. Бірақ ол Қызылорда облысына ғана емес, Жамбыл облысына да, Алматы облысына, Алматыға, Шымкентке, Түркістан облысына кетіп жатыр. Сондықтан газ тапшылығы бар, – дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Ерсін Орынбаев.
Дегенмен, мамандар алдағы уақытта талдау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Газдың құнын негізсіз көтерген кәсіпкерлер анықталса, тиісті шара көреміз дейді. Аймақта әзірге жанар-жағар майға тапшылық жоқ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов мәлімдеді.
– Үстіміздегі жылдың маусым айында жанар-жағармайға уақытша тапшылық болды. Бұл еліміздегі мұнай өндеу зауыттарында жыл сайынғы жоспарланған жөндеу жұмыстарының жүргізілуінен және тасымалдаушы вагондардың жетіспеушілігінен орын алды. Алдағы уақытта Павлодардағы мұнай өңдеу зауыты да жөндеуден өтеді. «Қазақстан темір жолы» АҚ-мен бірлесіп жүргізілген жұмыстар нәтижесінде аталған мәселе өз шешімін табуда, – деді Фердоуси Әбілқасымұлы.
Енді ауданға оралайық. Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі 2021 жылдың 21 маусымынан бастап ауданымызда мұнай өнімдеріне, оның ішінде, бензин мен дизель отынына тапшылық туындауда.
– Аудан бойынша 12 автожанармай және 10 автогаз құю бекеті бар. Оның ішінде ірі «Sinooil», «Жаңақорған Ойл», «PETRORETAIL» және «Қызылорда мұнай өнімдері» ЖШС. АИ-92 маркалы бензин 1 литр орташа бағасы – 171,8 теңге, АИ-95 маркалы бензин – 190 теңге, ал дизель отыны – 191,4 теңгенің аралығында жергілікті халыққа сатылуда. Қазіргі таңда ауданымызда АИ-92, 95 маркалы бензиннің қоры – 90 тонна, дизель отыны – 40 тонна.
Жанар-жағармайдың тапшылығы елдегі мұнай өндеу зауыттарында жыл сайынғы жоспарланған жөндеу жұмыстарының жүргізілуінен және тасымалдаушы вагондардың жетіспеушілігінен орын алуда. Ал, автогаздың 1 литрі орташа бағамен – 82,9 теңгеден сатылуда. Өзекті мәселе аудан әкімдігінің қатаң бақылауында, – деді бөлім басшысы Қаржыбек Бүркітбаев.
Бақылау болғаны жақсы, бірақ, нарық ырыққа көне ме? Көнбейді. Өйткені нарықтағы бағаны сұраныс пен ұсыныс арақатынасы белгілейді. Оған отандық және шетелдік экономикалық факторлардың әсерін қосыңыз. Бұл дегеніңіз, бағаны халықтың игіліне бұруға бір ауданның, тіпті бір облыстың қауқары жетпейді. Мәселе осында. Қалай болғанда да, нарықтың салмағы мен салқындығы халыққа ауыр тиеді.
– Қара халық қымбатшылыққа көнігеді, бірақ тапшылық орын алмауын тілейді. Шыны керек, бұрын жыл сайын дейтін едік, енді ай, тіпті апта сайын бір өзгеріс орын алатын болды. Басты мәселе қымбатшылық бүйірден қысқанда, көбіне көлікпен отбасын асырап отырған азаматтарға ауыр тиетіні анық. Мұнай мен газға бай елміз, сондықтан баға реттеледі деген үмітіміз бар, – деді такси жүргізушісі Бауыржан ағамыз.
Иә, литрі 170 теңгеден асатын бензиннен қашып, газге көшкен жүргізушілер «газдің қымбаттауы шынбайымызға батты» деп ашынады. Біз себеп-салдарын түсіндірдік, қалғанын уақыт еншісіне қалдырайық.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ