Сот отырысында хаттама жүргізудің міндеттері талқыланды
Жаңақорған аудандық сотында «Азаматтық істер бойынша хаттама жүргізудің міндеттері мен хаттама жасау» тақырыбында семинар өткізілді.
Семинарға аудандық соттың кеңсе меңгерушісі Б.Налибаева мен сот қызметкерлері қатысты.
Кеңсе меңгерушісі Б.Налибаева семинарды ашып, аталған тақырып бойынша баяндама жасау үшін аудандық соттың бас маман сот отырысының хатшысы Б.Қалдыбаевқа сөз берді.
Б.Қалдыбаев өз баяндамасында сот отырысының хаттамасы негізгі іс жүргізу құжаттарының бірі екенін, онда сот талқылауындағы барлық іс жүргізу әрекеттері жазылатынын айтты. Хаттама нысаны мен жасау тәртібі заң талаптарына сәйкес болуы тиіс. Соттың әрбір сот отырысы туралы, сондай-ақ отырыстан тыс жасалған әрбір жеке процестік әрекет туралы жазбаша нысанда хаттама не сот отырысының аудио-бейнежазбасы жүргізілген кезде қысқаша хаттама жасалатынын айтып, оның мазмұнына тоқталды.
Сонымен қатар, азаматтық істер бойынша сот отырысы аяқталғаннан кейін сот талқылауының хаттамасын үш жұмыс күннен кешіктірмей, ал жеке процессуалдық әрекет туралы хаттаманы – ол күннен кейінгі келесі күннен кешіктірмей дайындалатынын түсіндірді.
Семинар соңында қатысушылар сот отырысында хаттама жүргізудің міндеттілігі жайлы мәселелерін кеңінен талқылап, өз ойларын ортаға салып, пікірлерін білдірді.
Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі