ТАУ БАЛАСЫ ТАУҒА ҚАРАП ӨСЕДІ
Қаратаудың қойнауында өскен қайратты бес тармақ Бесарықтың бел баласы, кейін Келінтөбеге келіп, елдің дамуына ұзақ жыл қызмет еткен ел ағасы, таңдаулы тұлға Тұрдалы Қалдыбаев туралы көптен бері қалам тербеу ойымда жүрген. Табиғатынан табанды, татымсыз ойға тұшынбайтын, қасиетінде қара қылды қақ жарып, кесімді сөзін көлегейлемей ашығын айтатын, үлкендік жолына сызат түсірмей, өзін салиқалы ұстайтын аудандағы айтулы ағаның бірі.
Мінезі – қара жердей ауыр, сөзі – қорғасындай салмақты, байыпты болмыс иесі. Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, аудандық мәслихаттың үш шақырылым депутаты болған елдің қалаулысы. Зейнетке шыққанмен зейіні зерек, еңбектен біржола қол үзбеген істің адамы. Ең бастысы, адами ар-намысын, елдік мақсатты қызғыш құстай қорыған қайраткерлік қыры мені қызықтырады. Осындай озық ойлы, парасаты жоғары ағаға қарап бой түзегенді жөн санаймын. Өйткені аудандық мәслихат депутаты ретінде ол кісіден үйренер тәжірибе аз емес. Депутаттың сайлаушылар аманатың арқалау жауапкершілігі қашанда қастерлі борыш. Осы борыш пен жауапкершілік жүгі жайлы ағаның ақыл-кеңесіне жүгінсек, адаспас жол таңдауға мүмкіндік мол.
Ол Қаратаудың етегінде өсті. Соғыстан кейінгі жылдары өмірге келген соң елдегі ауыртпалықтың салмағы айтпаса да түсінікті, тауқымет пен тағдырдың тезі үлкен түгілі балаға да білініп тұрды. Бәлкім, осындай қиындықтың салдары ма, әлде ауру-сырқаудың белең алған тұсы ма, бала тұрмай, ерте шетінеп кете берсе керек. Ағамыз 1947 жылы 4 шілде күні өмірге келіп, «қарада тұр, әлі аяғынан тұрып кетеді» деген ырыммен есімін Тұрдалы қойған сияқты. Өз де осылай жорамал жасайды. Құдай қуат берсін, енді бір айдан соң ол кісі 74 жасқа толады.
Әкесі Қалдыбай жаз жайлауда Даттың сазында сиыр бақты. Атабай атамыздан бері мал шаруашылығымен айналысқан әулеттің негізгі қыстауы Ақтас болған.
Еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Алшынбай Тұртановтың айтуынша, 1950 жылдары тауда қатар отырып, бір-бірімен тығыз араласқан екен. Сол жылдары жұт келіп, таяқ ұстап қалған қиямет уақыт өткен. Соған шыдамдық жасап, малшы қауым бір-біріне қарайласып, қатарға қайта қосылуға, табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұруға тілеулестік танытқаны да табандылықтың арқасы еді. Тұрекеңнің табандылығы да сол кезден тебіндеп, бойға бекіген секілді.
Тау шіркін тұғыр ғой, тамашасына төре тұрған табиғат тартуы емес пе, ырзық-несібесі де аз емес, шынтуайтына келгенде тау оларды тарықтырмады. Апанқұдық, Тасқұдық деген құдық болған, суы да бал татитын. Сол құдықтың нәрлі суы ағамыздың таңдайынан әлі кетпейді. Балалық шақтың бал естелігі болып жадында тұрады.
Отбасында үш ұл, бір қыз (Орынбасар, Бибасар, Құрбанкүл, Тұрдалы) болды. Жұмакүл анамыздың қанша құрсақ көтергені белгісіз, әйтеуір аман қалғаны осы бесеу. Тұрдалы аға ұлдың кенжесі. Ауыл баласына тән жағдай ғой, таңның атысы мен күннің батысы аралығы бейнет кешуге борышты. Мал бағудан бөлек, үйдің тіршілігі, отын-суы дегендей тынымсыз тірліктің ортасында өскен Тұрдалы жасынан білімге бейім болды. Есепке жүйрік, кесекпен тау тастарына көбейту мен қосудың кестесін сызбалап, даладан дәріс алады. Мектеп тағы бар. Сөйтіп өзін екі жақты шыңдады. Оқуды армандады, білімді болғанды қалады.
Мен оның өмірбаян дерегіне қарасам, қызметке ерте келген екен. Үнемі ат үстінде жүрген. Талап ауылындағы №54 «Октябрь» орта мектебін бітіре салысымен Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақтың ауылшаруашылығы институтына оқуға түсті. Институтты бітірген бойда 1968-1970 жылдары Жаңақорған аудандық сақтандыру инспекциясында, қаржы бөлімінде инспектор болды. Онан кейін жеті жылға жуық Келінтөбе шаруашылығында құрылыс, автогараж есепшісі, бас есепшінің орынбасары болып қызмет етті. Екі жылдай «Юбилейный» совхозында бас экономист, сосын «ПМК» тяжстрой мекемесінде бас есепші лауазымын атқарды. 1981 жылдан бастап «Келінтөбе» совхозы директорының орынбасары, мал шаруашылығы цехының меңгерушісі, совхоздың аға экономисі болып, ауыл экономикасы мен әлеуметтік дамуына ерекше еңбек сіңірді. Нарықтық экономикаға көшкен кезеңде «ТЕЙТ» ЖШС бас есепшісі қызметін атқарса, бүгінде «Нұржаубай» шаруа қожалығының төрағасы.
Өзі бір сөзінде, «біз шот қағатын есепшіміз. Есепті жедел жүйелеуге үйренгенбіз. Қазіргідей калькулятор жоқ. Ой еңбегі басымдау ғой. Ойша есептеуге бейім едік» дейді.
Шынында, нағыз есептің маманы осы кісілер. Ой еңбегіне озық, жүйелі шешімге жүйрік. Оған аудандық мәслихат депутаты кезінде талай куә болғанмын. Айтпақшы, ағамыз қатарынан IV,V,VI шақырылым депутаты болып сайланғаны халықтың сенімінен шыққаны деп бағалауға тиіспін. Ол атақ үшін емес, депутаттық мандатын елге пайдалы жұмыстарға жұмсады. Өзінің сайлаушылар аманатын жауапкершілікпен арқалап, Келінтөбе ауылында 900 орындық мектеп, 90 орындық бала бақша құрылысына, Бесарық стансасында мектеп, клуб, фельдшерлік пункт салынуына ықпал еткен. Ал, жол, түрлі ғимараттың ағымдағы жөндеуіне байланысты талай араласып, атсалысқаны тағы бар. Депутаттар арасында ең сөзі өтімді, іске мығымы, біліктілігі жоғары осы кісі болғанын бірге сайланған әріптестері де мойындайды. Сондай-ақ, елдің ауызбіршілігі мен ынтымағына, қоғамдағы тәртіптің қорғалуына септігі мол тигенін айтқан абзал.
Ер азаматтың елдік асыл міндетті атқаруына алғашқы қолдаушысы – зайыбы. Көп мәселе әйелдің әділ әрекетіне байланысты. Алтынкүл жеңгеміз күміс алқа иегері, отбасының берекесі.Ал, ол кісіге қалай жолықты, оны ағамыздың өзі сабақтайды.
– Біз де жас болдық дегендей, ауданда қызмет істеп жүргенде пәтер жалдадық. Көрші үйде Алтынкүл тұрды. Қазақтың қой көзді, тұйық, келісті қызы екен. Таныстық, ол осында медбике болып жұмыс істейді екен. Не керек, сол кездің дәстүрімен алып қаштық. Жамантоғайда отырған үлкен ағамыздың үйіне түсірдік. Осылай ерлі-зайыпты болып, бақытты ғұмыр кешіп келеміз, – дейді Тұрдалы аға.
Қазір жеңгеміз ауылда медбике болып зейнетке шықты. Жеті құрсақты дүниеге әкелген ардақты ана, бүгінде үш қыз, екі ұлдың болашағына тілекші. Ұл-қыздарына жоғары білім алып, елге қызмет етуіне аналық ақылын аямаған аяулы жан. Қазір Ләззаты – ауылдағы «Құралай» бала бақшасының меңгерушісі, Мараты – Түркістанда салық саласының қызметкері, Жаннасы – денсаулығына байланысты үйде, Айнұры – ауылда кәсіпкер, Қанаты – ауыл әкімі болды, бүгінде орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде қызмет істейді. Жиырма жеті немере мен сегіз шөберенің әжесі. Жеңгеміз шаңырақтың құты, отбасының берекесі.
Елу жылдан аса уақыт Келінтөбе халқымен бірге, ыстық-суығын бірге татып, ауылдың гүлденуіне бірге атсалысып келе жатқан ағамыз ауылдастарына дән риза.
– Уақыттың жылдамдығына ештеңе теңесе алмайды. Зулап өтіп жатыр. Мемлекеттік тапсырмаға адал болуға тырыстық. Ел қатарлы еңбек зейнетіне шықтық. Өмірімде адам қылып жаратқан Аллаға ризамын. Екінші,төбесіне көтерген Келінтөбе халқына разымын.
Нарықтың кезеңі есептің заманы емес пе, зейнетте де бос отырмау керек сияқты. Ел бар жерде артық-кем жағдайлар болады. Үлкендік жолмен ара түсуге тура келеді. Шүкір, шалыс кеткен шаруа болған емес.
Бүгінде бейнет кешкен адам аш қалмайды. Оны өмір дәлелдеп берді. Халықтың әлеуметтік жағдайы көп түзелген. Бір өкінетінім, байлықты беріп жатқанмен пейілді алып жатыр. Бұрынғылар, пейіл бұзылмасын дейтін еді. Сол сөз рас екен, – дейді Тұрдалы Қалдыбаев.
Иә, оның әлемі терең, әділдікті берік ұстанады. Ашығын айтса, ағайынға да жақпай қалатыны ақиқат дүние. Соған қарамастан ол шындық үшін шырылдап, қашан әділдік орнағанша байыз таппайды.
– Мен біреудің сыртынан сөз айтуға құлықты емеспін. Реті келсе, бетіне айтқанды жөн санаймын. Сосын өз құлағыммен естімей біреудің сөзіне сенбеймін, – дейді мұндайда.
Өмір бар жерде өкініш болады. Ол нақты нәрсе. Ал, ағамыздың өкініші не екен?
– «Тейт» деген серіктестікте бас есепші кезімде балалардың жәрдемақысына берешекке байланысты халыққа көмектескенім бар. Соған жазықсыз жала жабылды. Бірақ, сот істің ақ-қарасын айырды. Адалдығымды айғақтап істі қысқартты. Сонда бір өкінген едім, – дейді Тұрдекең.
Кім жас болмады дейсің, сауық-сайранға елін, ән-жыр айтуға әуестеніп өседі. Әсіресе, бұрынғының адамы бұған ерекше ықылас қоятын. Үлкен ағасы Орынбасар армиядан музыкалық баян аспабын әкеп берген екен. Соны біраз әурелеп, ән шырқап жүрді. Кейін өсіп, елге қызмет етуге араласқанда оны сандыққа салды. Үйге жиі түсетін Манап ақынға сандықтан алып беріп, өнерін рахаттана тыңдайтын кездерін еріксіз еске алып отырады.
Тұрдекең сауап істі, өткеннің өнегесінде ұмытпай, қолдан келгенше қолғабыс етуге құштар кісі. Оның бір белгісі, Келінтөбе ауылының алғашқы қазығын қаққан Жұмағали Атабаевтың есімін, еңбегін жаңғыртып, ауылдық мәдениет үйіне тақта жасатып, іліп қойды.
– Оның ұрпағы осында келіп тұрады, үйім оларға үнемі ашық. Жалпы, жақсылықты ұмытпау керек. Ел үшін еңбек еткен ерлер әрдайым құрметке лайық. Енді марқұмның бейітіне қоршау жасатқым бар, – дейді ағамыз.
Туасы, адам болып туылған соң адамдық қалыпта, адамдық қасиетпен өмір сүру керек. Бұл Тұрдалы ағамыздың кредосы. Жасым ұлғайды деп үйде отырып қалған жоқ, «Нұржаубай» шаруа қожалығының тірлігін дөңгелетіп келеді. Көктем шықса кәсіпке кіріседі, егін өнімі мен мал өсімінің жақсы дамуына өзіндік қолтаңбасын қосып жүр. Тырбанған табыстан шет қалмайтынын үлгі еткісі бар. Өмір мектебі үйреткен үрдіске үміт артады. Ол – бүгінгі күннің бейнеткеш адамы, әділдікті ту еткен тұлғасы. Сондықтан оны өнеге тұтамын.
...Келінтөбеде тұратын көкемнің тынысы осылай.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ