Соңғы жаңалықтар

№81 (8792) 12

12 қазан 2024 ж.

№80 (8791) 8

08 қазан 2024 ж.

№79 (8790) 5

05 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Газ- бензинге бақылау бар ма?

Газ- бензинге бақылау бар ма?

Төл газеттің №39 (8440) нөмірінде «Құнсыздану синдромына қалай төтеп береміз?» атты мақала шыққан-ды. Онда ұлттың менін айқындайтын рухани-мәдени бағыттағы құндылықтардың құнсызданып жатқаны арқау болды. Осы құнсыздану синдромын өзіміздің нарықтан да аңғарып жүрміз. Мәселен, бензиннің бағасына шектеу болмай тұр. Оған газдың бағасы қосылды. Иә, күнара бензин бағасы 1 теңгеге қымбаттаса, енді газдың бағасы сес көрсете бастады. Бұл қалай болғаны?
Жанар-жағармай құю бекеттерінде бензин бағасы осы жылдың наурыз айынан бастап бағасы қымбаттай бастады. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында да, әлеуметтік желілерде де жиі жазылып, талқыланды. Мәселен, аудан орталығындағы АИ-92 бензинінің 1 литрі 150 теңгеден 170 теңгеге қымбаттады. Кенттегі май құю бекеттерінің бірінде 169 теңгеден болса, екіншісінде 171 теңгегеден сатылуда. Бұл айлығы шайлығынан аспайтын азаматтарға ауыр тиетіні сөзсіз. Ал, базар бағасы осы бензиннің бағамына байланысты құбылатынын ескерсек, нарықтың бағасы тербелуіне қаншалықты әсер ететінін ойлаудың өзі қорқынышты.
Газ бен бензин жөнінде «Егемен Қазақстан» газеті сараптама жасады. Соған қысқаша тоқталсақ, елдегі мұнай өңдеу зауыттарының қайта жаңғыртылғаны белгілі. Енді отандық кәсіпорындар ішкі нарықтың сұранысын толығымен қанағаттандыратын деңгейге жетті. 2018 жылдан бастап біздің зауыттар нарық қажеттілігінен 24 пайызға артық бензин шығаруға қабілетті. Осыны ескерсек, 2032 жылға дейін Қазақстанда бензин тапшылығына қатысты мәселе туындамауы керек. Әлбетте, бұл республиканың мұнай-газ секторы үшін маңызды. Өйткені осының нәтижесінде шетелден жеткізілетін қымбат бензиннің үлесі 32 есе төмендеді.
Демек қарапайым қисынға салсақ, Қазақстан ішкі нарықтағы бензин бағасын өзі-ақ қалыптастыра алады әрі елді арзан отынмен қамтамасыз етуге қауқарлы. Алайда іс жүзінде жағдай әзірше біз ойлағандай болмай тұр. Соңғы үш жылда мұнай бағасы айтарлықтай өзгерді. Біресе арзандады, біресе қымбаттады. Әйтеуір, тұрақтылық жоқ. Ауданға оралайық, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі мынандай ақпар берді.
– АИ-92 маркалы бензиннің қымбаттауының себебі Шымкент қаласындағы мұнай өңдеу зауытының қайта жөндеуіне байланысты (2021 жылдың мамыр-маусым айларында тоқтап қалған). Қазіргі таңда уақытша тоқтап тұр.
Ауданға келіп жатқан мұнай өнімдері қазіргі таңда Атырау мұнай өңдеу зауытынан жеткізілуде, осы АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 149 теңгеден 169 тенгеге қымбаттады, осының себебінен газдың бағасы 60 теңгеден 70-71 теңгеге өсті, – деді бөлім басшысы Қаржыбек Бүркітбаев.
Қазақстанда ішкі нарықтағы тауарлық газды көтерме саудада өткізудің жаңа шекті бағасы бекітілгені жөнінде Энергетика министрлігі хабарлады. «Қазақстанның ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің 2021 жылғы 1 шілдеден бастап 2022 жылғы 30 маусымды қоса алған кезеңге арналған шекті бағалары бекітілді. Осы бұйрыққа сәйкес, тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасы өңірге байланысты орта есеппен 11 пайызға көтерілді», делінген министрліктің баспасөз қызметі хабарламасында.
«ҚР заңнамасына сәйкес тауарлық газ­дың көтерме сауда бағасын мемлекеттік реттеуді Энергетика министрлігі, ал бөлшек сауда бағасын мемлекеттік реттеуді Ұлттық экономика министрлігі жүзеге асырады. Ішкі нарықта газдың соңғы бағасын ұстап тұру үшін «ҚазТрансГаз» АҚ жыл сайын елдің ішкі нарығын экспорт есебінен субсидиялайды. 2015-2020 жылдар аралығында Ұлттық оператордың ішкі нарықты субсидиялаудан шеккен шығындар сомасы шамамен 425 миллиард теңге болды», – деді Энергетика министрлігі баспасөз қызметі өкілі.
Қалай десек те, халық қазба байлықтың үстінде отырып, қымбатшылықты сезініп отыр. Міне, осының мән-жайын терең талдап, түсіндіріп бергенін қалайды. Әсіресе, күнделікті нәпақасын такси қызметінен тауып жүргендерге ауыр.
– Шыны керек, бізге статистикалық мәлімет керек емес, бағаның тұрақты болуы маңызды. Өйткені бензин қымбаттаса базардағы азық-түліктің де құны шарықтайтыны белгілі. Ал, газдың бағасы бұлай өсе берсе не болады? Сондықтан қара халықтың өтініш, талап-тілегі біреу, ол – басқасы басқа, осы екі өнімнің бағасына бақылау болып, тұрақталса, – деді кент тұрғыны Әбдімажит ағамыз.
Бір сөзбен айтқанда, бензин – әлеуметтік маңызы жоғары өнім. Оның бағасы басқа тауарлардың құнына тікелей әсер етеді. Яғни бағаның өсуі халықтың тұтыну қабілетінің төмендеуіне алып келеді. Бұл экономика үшін тиімсіз, әлбетте. Сондықтан мұнай-газ секторын дамыту – біздің ел үшін маңызды стратегиялық міндет. Алайда өнеркәсіптік өндірісті ұлғайту үшін қаражат қажет. Бұл – Үкіметтің мәселесі. Біздікі нарық бағамы халыққа ыңғайлы болса деген ниет ғана...
Әлібек Жарықбаев
08 маусым 2021 ж. 578 0