№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Бензин бағасы бақылауда ма?

Бензин бағасы бақылауда ма?

Сәуір айынан бастап елдегі бензин бағасы біршама өсті. Жаңақорғанда 152 теңгеден сатылатын АИ-92-нің литрі бір күнде 162 теңгеге шарықтап шыға келді. Бензин қымбаттаса, базардағы азық-түліктің бағасы тағы да көтерілетіні айдан анық. Бұл біздің өңірдің әлеуметтік ахуалына өте ауыр тиетіні сөзсіз. Себебі, қарапайым халықтың қазіргі жалақысы орташа есеппен алғанда 70-80 мыңның айналасы. Тіпті зейнетақы мен жәрдемақыға күні қарап отырғандар қаншама. Бала-шағасын асыраудың қамымен таксист болып жүргендер үшін бензиннің өскен әр теңгесі қалтаға ауыр тиеді. Шаруаларға қажетті дизель отынының жағдайы да осы тектес.
Аудан бойынша дизель отынын жет­кізуші «Жаңақорған Oil» және «Нефть ТрансҚызылорда» ЖШС қорында жеткілікті жанармай бар. Бағасы – 164 теңгеден. Кезінде бензиннен арзан болған дизель отыны жыл сайын құнын өсіріп келеді. Бұл түсінікті, енді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің мониторингіне назар аударайық. АЗС «ҚазМұнайГаз-да» АИ-92 литрі 160 теңге деп көрсетілген. Қорында 22 тонна бензин бар, сол секілді АЗС «TS-да» – 162 теңге, «Sinooil-да» – 158, «Жаңақорған Ойл-да» – 161, «РК Мұнай» және «Казроснефть-та» – 160 теңгеден.
Біздің түсінгеніміз, бензин бағасын бөлім, басқарма, әкімдіктер түгілі министрдің өзі реттеуге қауһарсыз. Демек, өндіруші компания ойына келген бағаға сатуға толық мүмкіндігі бар. 2021 жылдың қаңтарында елімізде 408,1 мың тонна бензин өндірілген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 4,3 пайызға төмен. Бірақ шындап келгенде бұл қазақстандықтардың керегін толық қамтамасыз етуге шамасы жетеді.
Елдегі бензин өндіруші үш ірі компания – «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖШС, Пав­лодар мұнай-химия және Атырау мұнай өңдеу зауыты 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында 4,5 млн тонна бензин өндіріпті. Ал сыртқа сатылған бензин көлемі – 516,3 мың тонна. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 9,6 есе көп. Өз ішімізде 4 млн тонна бензин сатылыпты.
Мұнай және газ нарығының сарапшысы Ерлан Жаукин «бензин бағасының өсуіне себеп болған факторларды былай түсіндіреді:
– Бұл біріншіден, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарына қайта өңдеуге әкелініп жатқан мұнай бағасының өсуімен байланысты. Бұдан соң жыл басынан бері мұнай өнімдерінің зауыттардан өңірлерге жеткізілу құнының қымбаттауы және 2020 жылдың қаңтарында акциз мөлшерлемесінде өзгерістер пайда болуымен байланысты. Меніңше, мұның бәрі жанар-жағармай бағасының қалыптасу механизміне әсер ететін объективті экономикалық факторлар, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, біздегі бензин бағасының құбылуына көршілес елдердегі баға мен біздің бензиннің сыртқа көп шығарылуы себеп.
– Неліктен бағаны мәжбүрлі түрде өсіріп отыр? Жанар-жағармай төмен бағасының дәлізі әркез жер қойнауын пайдаланушылардың өңделетін шикізатқа жеңілдік беру жолымен субсидияланып келді. Бұл жеңілдіктің мөлшері тоннасына 50 долларға жуықтайды. Қазір оның мөлшері мұнайды жеткізу бағытына байланысты 80-130 доллар аралығында болып тұр, – дейді.
2015 жылдан бері бензин, 2016 жылдан бері дизель бағасын қадағалау жойылды, олардың бағасы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады. Демек, бағаның құбылуы өз еркінде. Оған біздегі май құю бекеттері мен әкімдіктің еш қатысы жоқ.
Бірақ сарапшылар біздегі бензин бағасын өзге елдермен салыстырып, еліміздің бензин бағасы арзан елдердің рейтингінде 8-орында екендігін жазды. Қазақстандағы бензин бағасы Түркіменстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан мемлекеттеріндегі бағамен салыстырғанда едәуір арзан көрінеді. Көлік отыны арзан елдердің алғашқы үштігінде Венесуэла (8,4 теңге), Иран (29,5 теңге) және Ангола (102,6 теңге) тұр. Ең қымбат жанар-жағармай Сирияда екен. Бұл елде бензиннің бір литрі 1,1 мың теңге тұрады. Халықтың әл-ауқатын бензин бағасымен салыстыру өте қате.
Мәселен, Ресейде бензин бағасы екі есе қымбат болғанымен, жалақы мөлшері үш есе көп. Сол жақта құрылыста жүрген жерлес жігіттермен хабарласып тұрамыз, қара жұмысқа айына кем дегенде 250-300 мың теңге жалақы төленеді екен. Өзбекстанда мұнай жоқ, бірақ баспанасыз босып жүрген өзбекті көрмейсің. Ел-жер кезіп, жұмысқа жалданады демесеңіз, олардың әлеуеті бізден әлдеқайда жақсы.
Қазір барлығын нарық реттейді дегенді желеу еткен антимонополия мекемесі ештеңеге басын қатырмайды. Қиналатын қарапайым халық.
– Түркістан мен Қызылорда, елді мекендер мен кент ішінде такси қызметінде жүрген азаматтар бар. Бензин бағасына орай жолақыны да көтереді. Бұл айналып келгенде қарапайым бұқараға ауыр тиейін деп тұр,– дейді Нұрмахан аға.
P.S: Кенге толған жеріміз бар деп мақтансақ та қымбатшылық дегеннің машақатынан қашан құтылар екенбіз?
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
10 сәуір 2021 ж. 688 0