№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Тылдағы теміржолшы

Тылдағы теміржолшы

Соғыс жылдары елдегі негізгі жұмыс күші әйелдер болды. Күн ұзақ дала жұмысына белсенді араласып, жеңісті жақындатқандардың қатарында кейдендік Базаркүл Жайымбаева бар.
Базаркүл Рахматуллақызы ХХ ғасырда ұлт басына төнген ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыстың ауыртпалығын көрген көзі тірі санаулы қарияның бірі. Ол 100-150 бас ірілі-уақ малы бар отбасында дүниеге келіпті. Сол кездегі атқамінерлердің көрсетуімен әкесі кәмпескеге ілінеді. Қиындықты көп көрсе де шекара асып, көшпей, елде қалады. Рахматулла үш ұлы мен жалғыз қызын тірнектеп жүріп аштықтан аман алып қалды. Бұл туралы наурыз айында кейуананың үйінне арнайы барған сапарда қанықтық.
– Ол кезде әкемнің бізге не әкеліп жегізгені онша есімде жоқ. Әйтеуір арпабоз бен бидайықты алып келіп қуырып, түйіп, кебегі мен қыпығынан тазалап, пісіріп, анам марқұм бізге быламық көже жасап береді. Шай орнына жалбыз шайын ішеміз. Әкемнің арқасында аштықты еңсердік. Ашаршылықтан кейін әкем колхозға тартылды. Жонға бидай ексе, төмендегі тегістікке мақта егетін. Бала болсақ та біз де мақтаның шабығына шығамыз, күзде мақта теріміне қатысамыз. Жазда еңбекақы еңбеккүнге орай төленсе, мақта терімінде күніге терген мақтаның салмағына орай төленеді.
Арада оншақты жыл өткенде Дүйсенкүл деген сіңлім дүниеге келді. 1938 жылы ауылда бастауыш мектеп ашылды. Мектепте негізінен ұл балалар оқыды. Қыздар некен-саяқ. Мектепте оқитын балалардың да жасы әртүрлі. Ең жасы 8-9 жаста болса, ересектері 13-14 жаста болатын. Ол кездері қыз балаларды мектепке көп жібере қоймайтын. Өзімнің оқығым келетінін айтып әкеме еркелеймін. Ақыры айтқаным болып, мектепке мен де бардым. Үшінші сыныпты бітірген жылы соғыс басталды. Жаздың ортасынан бастап әскерге ауылдан біраз адам алынды, – деп өткен жылдарды еске алды қарт ана.
Сол жылы күзде Рахматулланың отбасы Бөртөскен разъезіне көшеді. Базаркүл де теміржолға жұмысқа кіреді. Тәртіп қатал. Теміржол саласы негізінен әскери режимде жұмыс істейді. Темірдей тәртіпте жұмыс істеу оңай болмайды. Жұмысқа жарамды ер азаматтар түгелімен соғысқа кеткен. Соған қарамастан пойыздың уақтылы жүруін қамтамасыз етуің керек. Әкесіне ерген бойжеткен қолына шпал шегелерін ұрып кіргізетін ауыр балғасын арқалап, жол жағалайды. Күніне 20 шақырымға дейін жүруге тура келеді. Кейде мерзімі өтіп жарамсызданған шпалды рельстің астынан алып, оның орнына жаңа шпал әкеліп салу оңай болмайды. Әсіресе қақаған қыста қиын. Рельске қар толып, поезд жолдан шықса, бұл қылмыспен пара-пар еді. Сотталып кетесің. Міне осылай ұстараның жүзінде жүріп еңбек еткен Базаркүл осы разъезде табаны күректей 7 жыл еңбек етеді. Теміржолдағы еңбек еткен кездерін еске алған қарт ана өзінің есінде ұмытылмастай болып қалған мына бір уақиғаны айтып берді.
– 1943 жылдың қысы қатты, қар да қалың болды. Қаңтар айының орта шамасы болуы керек. Таңертеңнен жауған қар 24 сағатқа ұласты. Разъездің екі жағындағы рельстердің қосылысы мен айрығы 15-20 минут сайын толып қалады. Тазалап үлгеруіміз керек. Жел де қатты, релстің арасындағы ашық жерді үрінді қар бітеп тастайды. Қарлы боран сүйегіңнен өтеді. Үйге барып ысқық шай ішіп жылынып келуге мүмкіндік жоқ. Кете қояйын десең пойыз келіп қалады. Ал соғысқа кетіп бара жатқан эшолон болса құдайдың ұрғаны. Сұраусыз сотталасың. Мұндай жағдай мына Шиелі ауданының бір разъезінде орын алып, жол мастері мен обходчигі (жол қараушы) сотталып кеткенін естігенбіз. Осы хабарды естігеннен кейін қалай жолды тастап кетесің, ертесіне дейін шыдадым. Әйтеуір түн жарымына жақын анам бір шәйнек ыстық шай алып келді. Таңертең қар тоқтап, боран да басылып үйге қайттым. Бір тәулік далада болғандықтан бетім мен мұрнымның ұшын үсік шалыпты. Дереу үсік шалған жерді қойдың құйрығымен сыладым, абырой болғанда қатты үсімеппін, оншақты күнде жазылып кетті.  
Ал шпал мен рельс ауыстыру қиын іс болатын. Шпалды бірнеше шақырым жерден әкеп, ауыстырудың ауыртпалығы бар. Иығың жауыр болады. Оған төзуге де қаншама қайрат-жігер керек. Теміржолда істеп жүргенде соғыс тауқыметінің адамзатқа қандай қиыншылық әкелгенін жақсы түсіндім, – дейді ол.
Иә кейуана сөзінің жаны бар. Тылдағы еңбек бейнеті, төбесінен снаряд жарылып, оқ жаумаса да маңызы мен ауыртпалығы кем болған жоқ. Теміржолдың тағдыр-тауқіметі қанша ауыр болса да, төзімділік танытып, қиындықты еңсере білді.
Соғыс біткеннен кейін де екі жылдан астам теміржолда еңбек еткен Базаркүл 1948 жылдың тамызында Жетітөбе разъезінің обходчигі (жол қараушысы) Ниязбек деген кісіге тұрмысқа шығады. Ол Жетітөбенің разъезд жағындағы жарма аузындағы казармада тұрады екен. Төлебай деген қызметтес серігінің отбасы да сол казарманың бір жағында. Ол кездері қыста қар қалың түседі. Содан болар Жарманы қар басып қалады екен.
– Отағасым мен Төлебай осы жарманың 200 метр жерін қардан тазалап пойыз жүруге дайындайды. Айтайын деп айтпайсың, реті келгеннен соң айтып отырмын. Ол кездің заңы қатал, пойыз бір минут кешіксе теміржолшы сотталады. Қазір ғой жағдай жақсарғанмен пойыздардың кешігуі 10-15 минуттан жарты сағатқа дейін, кейде сағатқа созылып жатады. Бірақ оған жауап беретін адам жоқ, – деп кешегі мен бүгінгі күнді салыстыра салмақтады анамыз.
1952 жылы тұңғышы Тұрсынхан дүниеге келеді. Сол жылы бұлардың отбасы разъезге көшіп келеді. Ниязбек қария теміржолда жұмыс істеп 1960 жылы зейнет демалысына шығып, немере көріп, 1979 жылы бақилық болады.
Жастайынан еңбекпен буыны қатқан Базаркүл қарап отыра алмайды. Үй іргесінен 500 метрдей жерден ашылған кірпіш зауытына жұмысқа тұрады. Онда ол Насыр Көркембаев, Әбламит Тоқтыбаев, Халила Бұхарбаев, Ырзахан Әміреев секілді азаматтармен қатар жұмыс істеді. Насыр мастер, Ырзахан булдозер-тракторымен топырақ итереді. Әбламит лентаға топырақ тастап тұрса Халила мен Базаркүл әрқайсысына 120 кірпіш артылған вагонетка айдап кірпіш кептіретін жерге жеткізеді. Кейін кірпіш күйдірілгеннен кейін, кірпіш жиналған шұқырға түсіп, кірпішті жоғары лақтырады екен. Ал кірпіш күйдірілген шұқырдағы температураның 50-60 градус ыстық болатынын ескерсек, Базаркүл әженің қандай жұмысқа шыдағанын пайымдауға болады. Осы кірпіш зауытта 20 жылдай еңбек етіп, 1974 жылы зейнетке шығады.
Дүниеге 7 перзент әкелген, «Алтын алқа» иегері, Базаркүл әженің тылдағы және бейбіт өмірдегі жанкешті еңбегін  ерлікке пара-деуге болады. Бұл күні жеті перзентінен 24 немере, 23 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отырған қарт ана бақытты әженің бірі.
Ерубай ҚАЛДЫБЕК,
ҚР Журналистер
Одағының мүшесі
08 мамыр 2021 ж. 414 0