№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Отанды сүю – қанға сіңген қасиет

Отанды сүю – қанға сіңген қасиет

Отансүйгіштікті, елге деген махаббатты, патриоттық рухты жастар бойына қалыптастыру қоғамдағы өзекті мәселеге айналды. Өйткені қазір Отан алдындағы борышты өтеуден жалтару дерегі тым көп. Ал, азамат бойына патриотизм ұғымын енгізудің жолы спорт саласы мен әскери міндет екені айқын. Сондықтан жастардың елге деген сүйіспеншілігін, Отанға деген махаббатын ояту үлкен жауапкершілікке айналды.Патриотизм деген тек әскери қызметпен өлшенбейді, спорт сала­сында да осы ұғым, ұлттық рух биік тұру тиіс. Көк туды көкте желбіретіп, Әнұранды әлем алдында шырқата білген жан расында бақытты. Жерлес спортшылардың мінбердегі тұғырына көтерілгенде көзінен қуаныштың осы бір желі еседі. Сондықтан әскер мен спорт егіз ұғым деуге келеді.
Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы «Солдаттың анасы – Отанның анасы» деп әскери адамның беделін көрсетті. Ол рас, елдікті ту етіп, елдегі қауіпсіздік пен шекараны күзетуде әскери азаматтардың міндеті зор.
Биыл Сыр елінде 5 мыңнан астам азамат әскери есепке алынады. Бүгінгі күнге дейін 3 мыңнан аса жасөспірім әскери есепке тіркеліп үлгерді. Жергілікті әскери басқару органдары қызметшілері жасөспірімдердің санын, білім деңгейін, әскери қызметке жарамдылығы мен дене дайындығын анықтап, әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Сыр елінен 700-ге жуық азамат әскерге барады, оның ішінде, біздің ауданнан 90 жас аттануы тиіс. Бірақ Жаңақорған ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Рамазан Назаров жағдай қиын екенін түсіндірді.
– Азамат – елдің қорғаны дейтін халықпыз. Дүниеге ұл бала келсе бөркі қара қара қазандай болып қуанатын қазекемнің ер азаматты ерекше тәрбиеге алып, ат құлағын бермеген, садақты алыс сермеген тарлан тұлға болып қалыптасуына ерекше көңіл бөлгені тарихтан мәлім. Бүгін де осы дәстүрді ұлықтай білсек ұтылмаймыз. Десе де, жастардың бойындағы жігер мен намысты көріп тұрғанымыз шамалы. Жастар әскери борышын өтеуден қашады, мұның барлығы ең біріншіден ортаға, қоғамға байланысты, – деді Рамазан Оңласынұлы.
Наурыз-шілде (көктемгі) әскерге шақыруға ҚР Қорғаныс министрінен бөлімге Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне 9 әскерге шақырылушы қажет делінген. Сол секілді, ҚР Қарулы күштеріне 40 шақырылушы, мемлекеттік күзет қызметіне 1 жасты, ҚР ІІМ Ұлттық Ұлан қызметіне 40 әскери шақырылушы берілген екен. Бірақ кейбір шақыруға әлі бірде-бір жас келмеген.
«Келтіре алмай жатырмыз, сылтау көп, басқа қалаға қоныс аударған, тіпті көршілес Ресей еліне кеткендер өте көп. Іздеуде жүрген 41 жас бар, осыған орай полиция бөлімімен бірге жұмыс атқарылуда. Бір ұсыныс, әрі өтінішіміз бар, аудандық аграрлы-техникалық колледж сабағын мүмкіндігінше ертерек аяқтап, жігіттерді әскер қатарына алсақ деген ниетіміз бар» – деді бөлім бастығы.
Тағы еске салып өтейік, әскерге барған азаматтар мынадай тәртіпке бағынады. Алдымен екі апта ішінде жаңадан әскерге шақырушылар басқа жеке құрамнан оқшауланатын болады. Карантин кезінде үнемі медициналық тексеру және жас буынға әлеуметтік-психологиялық зерттеу жүргізіледі, сондай-ақ, бастапқы әскери дайындық курсы бойынша сабақтар ұйымдастырылады. Жеке құрамның індет жұқтыруын болдырмау үшін жас буынның әскери ант қабылдау рәсімі әскери қызметшілердің туыстарынсыз өткізіледі. Былтыр әскер қатарына алынып, биыл туған өлкеге оралған Ақжол мен Дінмұхамед замандастары мен ізінен ерген інілеріне әскерге баруға кеңес берді.
Егер әскерден жалтарып, заң талаптарына сай әскерге бармау немесе өзге де тәртіп бұзатындарға айыппұл салынады. ҚР Қылмыстық кодексінің 387 бабы бойынша әскерден жалтарғандар үшін жаза күшейтілді. Яғни, әскери қызметтен босатуға заңды негіздері болмаған жағдайда 1000 айлықтық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Теңгеге шаққанда, 2 млн-ға жуықтайды. Мүмкін болмаса сол мөлшерде түзету жұмыстарына немесе бір жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал, өзінің денсаулығына зиян келтіру, жалған құжат жасау немесе өзге де әдісті қолданғандарға 3000 айлық есептік (5 946 000 теңге) көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады.
Тақырып патриоттық сана төңірегін­де болғаннан кейін, ұлттық рух, қазақы таным-түсінік, салт-дәстүрге деген құрмет болуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, осыншама ұлан-байтақ қазақ даласын ұрпағына мұра етіп қалдырған жалын жүрек, Жалаңтөс баһадүр бабалардың бұлжымас сертіне селкеу түсірмейік. Жастардың жасындай лаулап, намысты бой түзеуі жолында барлығын бүгіннен бастайық. Өйткені, өткеннің аманатын кейінгіге мұра ету енді сіз бен біздің қолда. Ендеше, спорт саласын серік етіп, биік шыңға шығып, елдің туын көтерумен қатар әскери міндетті өтеуге асығайық...

Сәкен АШИМОВ
05 мамыр 2021 ж. 551 0