» » Жауынгер – елдің қорғаны

Жауынгер – елдің қорғаны

  Жыл өткен сайын жастардың әскерге баруы өзекті мәселеге айналып келеді. Оған себеп те көп. Мәселен, ата-аналар ұлын әскерге жібергісі келмейді. Жастардың денсаулығының ахуалы да әсер етуде. Бәрінен бұрын, жастардың отаншылдық, елшілдік қасиеті кемшін тартып жатқаны рас. Мұның мән-жайын аудан әкімі Ғалым Әміреевтің төрағалығымен өткен жиында білдік. Аудан басшысы мерзімді әскер қатарына жастарды шақыру өзекті мәселеге айналғанын ескертіп, биылдан бастап әрбір ауыл әкімі халық алдындағы есебінде жастарды әскерге тарту жөнінде баяндайтынына тоқталды.

Жиында аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім бастығының уақытша міндетін атқарушы Марат Бекназаров атқарылып жатқан жұмыстарды хабар­лады.
– Қызылорда облысының қорғаныс істер жөніндегі департаменті берген тапсырмасы бойынша 2019 жылдың көктемгі мерзімді әскери қызметке шақырудағы меже 95-ке жетті. Бірақ, біздің орындауымыз 25 процентті ғана көрсетуде. Жалпы, жылда жоспарды орындап келеміз, алайда әскерге барғаны былай тұрсын, аудандық шақыру комиссиясына келмегендер тіпті көп. Әсіресе, ауылдық округтердің тізімі көп, – деді Марат Бекназаров.
Енді қай ауылдар көш басында, қайсысы көш соңында келеді. Соны зерделеп алсақ. Алдымен, үлгі етер ауылдардан бастасақ. Аққорған, Екпінді, Сунақ ата мен Қыркеңсе ауылында жұмыс жүйелі. Ал, Жаңарық, Ақүйік, Қожакент және т.б. ауылдардан мерзімді әскери қызметке жолданған жастар жоқ екенін көрсетіп тұр. Сол секілді, әскерден жалтарушылық та аз. Енді бөлімнің берген ақпарына сүйене отырып, сараптасақ.
– Қазір Жаңақорған кентінде 9 жас әскери қызметке барудан жалтарып жүр. Атап айтқанда, Дәурен Төлейберген, Саят Шайық, Абдулла Тлеухан, Елдос Исламхан, Рахманберді Әбдрашит, Мадияр Есенов, Ернар Базарбек, Мұхамед Орынбасар және Асанәлі Пахирдин. Аудандық және облыстық шақыру комиссиясынан жарамды болып өтіп, командаға тағайындалып, мерзімді әскери қызметтен жалтарып жүргендер тізімінде Төменарықтан Бектөре Тоқсанбай, Айдын Серікбай, Қыраштан Нұртілеу Байділла, Екпіндіден Батухан Қаңлыбай, Кейденнен Төребек Бәкір мен Бесарық ауылынан Ғалымжан Молдақожаев бар, – деді жансақтау бөлімінің бастығы Алихан Балманов.
Не десек те, Отан алдындағы борышты өтеу, мүмкіндік болса адал қызмет қылу қазақ жастарының абыройлы міндеті емес пе? Жастардың бойына осы патриоттық сананы қалыптастыру үлкен міндет.
– Бауыржан Момышұлының «тәртіпке бағынған құл болмайды» деген нақылы бар. Астарында көп нәрсе жатыр. Сондықтан, өскелең ұрпақты, жігерлі жастарды отансүйгіштікке баулу, патриоттық бағытқа тәрбиелеу бүгінгінің басты міндетіне айналды. Өйткені, ел келешегі бүгінгі жастардың қолында. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің әрбір Жолдауында ұлттық сананы, патриотизм ұғымын жастардың бойына сіңіруге аса мән беріп келеді. Сондықтан, баянды болашақ үшін жастардың жігерін қамшылау керек секілді, – деді бөлім бастығының міндетін атқарушы.
Олай болса, тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем, жастарымыз жігерлі кезде Отан алдындағы міндетті неге орындамасқа. Өйткені, жастар бүгінгі және келешек елдің қамқоршысы, әрі қорғаны.

  СӨЗ СОҢЫ. Ескерте кететіні, әске­ри міндеттерді орындамаған жағ­дайда заң аясында айыппұл салынады. 387-бап бойынша әскери қызметтен жалтарғандарға әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған жағдайда мың айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл міндеттеледі. Не болмаса сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады. Тіпті, үш мың АЕК-ке дейін айыппұл төлейтіндер де бар. Сондай-ақ, азаматтардың әскери есепке алу жөніндегі міндетін орындамағаны үшін бес айлық көрсеткіш, ал, медициналық тексерілуден жалтарғандар да осы көрсеткіш бойынша да айыппұл төлеуге міндеттеледі.
Олай болса, жас өрен, әскерге барып Отан алдындағы міндетіңді абыроймен атқар!

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
04 мамыр 2019 ж. 1 306 0