Вакцинадан емес, вирустан қорқу керек
Жылдан астам уақытқа созылған коронавирус әлем ғалымдарының ізденісін арттыра түсті. Себебі пандемияны тек вакцина мен ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы тоқтата алады дейді. Ғалымдардың ізденісінің нәтижесінде бірнеше елдің фармокомпаниясы алғашқы вакцинасын сынақтан өткізіп үлгерді. Бүгінде Қазақстан бойынша көпшілікпен жұмыс істейтін бюджеттік санаттағы қызметкерлерге ресейлік вакцина егілсе, бір апта бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды қаласындағы фармацевтика зауыты шығарған «Спутник-V» вакцинасын салдырған еді. Вакцинаның ешқандай жанама әсерлері байқалмаған. Бұған дейін Президент Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға шетелден вакцина жеткізуді қамтамасыз етуді және отандық вакцина өндіруді жолға қоюды, сондай-ақ екпе салу үдерісін ұйымдастыруды тапсырған болатын.
Вакцина десе елдің төбе шашы
тік тұрады. Неге?
– Мұның себебі, әлеуметтік желідегі негізсіз суреттер мен жалған ақпараттар. Вакцинаға қатысты үрей бүкіл елде орын алып жатқанына қарамастан, азаматтар өз еркімен вакцина салдыруда. Оларды ешкім мәжбүрлеп жатқан жоқ. Басқа мемлекеттерде тіпті сатып алып салғызуда, – дейді аудандық емхананың дәрігер-инфекционисті Алмагүл Төреқожаева.
Иә, әлемнің көп елінде вакцина жасалып жатыр. Өйткені әлемдегі миллиардтаған халыққа вакцинаны бір елдің шығаруға мүмкіндігі жоқ. Бұл қазір стратегиялық объект десек те болатындай.Қазір Үкімет вакцина жасап, инфекциядан сақтанудың жолын іздеп жатса, кейбір арандатушылар жеңіл-желпі әңгімеге елітіп, халықты бекерге үрейлендіріп отыр.
Вакциналау басталды.
Тыс қалмауға тырысқаныңыз жөн.
Төл газеттің №29 нөмірінде «Вакциналау коронавирустан құтқара ма?» атты мақалада коронавирусқа қарсы 1000 доза вакцина келіп, 12 сәуірден бастап аудандық емханада індетке қарсы егу басталатынын жазған едік.
Халықпен тығыз жұмыс істейтін дәрігерлер вакцина егілсе, енді күні-түні ақ халаттылармен бірге алдыңғы шепте жүретін полиция қызметкерлері де вакцина қабылдай бастады. Аудандық полиция бөлімінің басшысы Ғани Тұрсекеевтің сөзінде, 78 полиция қызметкері індетке қарсы вакцинаны қабылдады.
– Вирустың таралуына жол бермеу, тосқауыл болу біздің бірінші міндетіміз. Сондықтан вакцина салуды өзімізден бастадық. Екпе ектіру бұл өз өмірім үшін ғана емес, айналадағы жақын жандардың саулығы үшін де маңызды. Мәселе осында, сондықтан бұған бей-жай қарауға болмайды, – дейді АПБ ЖПҚ бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Медет Пернебеков.
Вакцинаныегудің тәртібіне тоқталсақ. Маманның айтуынша вакцина 2 рет салынуы тиіс. Сол кезде ағзадағы антиденелер түзіліп, ауруға қарсы иммунитет пайда болады екен. Екпе салынғаннан кейін дене қызуының көтерілуі, аяқ-қолдың қақсауы, дененің қалтырап жаурауы қалыпты.
– Вакцинациядан кейінгі алғашқы иммундық жауап ағзада бірінші дозаны енгізгеннен кейін 12-14 күннен соң пайда болады. Бірақ тұрақты иммунитет 32-45 күн, максимум – 56 күннен кейін қалыптасады. Вакцинация тұрғылықты жері бойынша емханада жүргізіледі. Өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз болу керек. Екпе алдында сізден сауалнаманы, ерікті түрде ақпараттандырылған келісімді толтыруды және жадынама беруді сұрайды. Вакцинациядан кейін сіз тағы 30 минут дәрігердің бақылауында боласыз, келесі 3 күн – учаскелік дәрігердің бақылауында болады. Вакцинаның екінші дозасын алғашқы вакцинациядан 21 күн өткен соң аласыз. Күні мен уақыты туралы SMS-ескерту бір күнде телефонға келеді, – деді Алмагүл Төреқожаева.
Бұл жайлы Жаңақорған аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шынар Айдарова былай деді: «Вакцина вирустан қорғайтын, вирусты жеңетін жалғыз шешім. Одан қорқудың қажеті жоқ. Қайта вирустан қорқу керек. Отбасы мүшелерінің қасынан үнемі табылып, «бетперде тақ, қолыңды жу» деп айтып жүре алмайсың. Ал вирус кез келген жерден жұғуы мүмкін. Сондықтан, вакцина алса, олардың қауіпсіздігіне сенімді болуға болады. Кез-келген вакцина адам ағзасын қоздырушымен немесе инфекциямен күресуге дайындайды. Сол себепті де екпе түрлі аурулармен күресте тиімді әдіс болып табылады. COVID-19 вакцинасы қалыпты өмір салтына қайта оралуымызға мүмкіндік береді. Әлі де бетперде режимін, әлеуметтік арақашықтық сақтауды жалғастырып, дезинфекциялық құралдарды жиі қолданып, адам көп жиналатын орындарға бармауға шақырамын».
Расыменағза әр түрлі болады. Вакцинаны да әркім әртүрлі қабылдайды. Кейбіреуінде тек салдырған күні ауырсынса, кейбір ағза үш күн бойы өзгерісте болады екен. Бүкіләлем ұжымдық иммунитетке қол жеткізуге тырысуда. Ол үшін вакцинациямен қамту елдің ересек халқының кемінде 60 пайызын құрауы тиіс. Бұл қоғамдағы вирустың жұғу қаупіназайтады және вакцинацияланбайтын осал топтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бір сөзбен айтқанда, вакцинадан емес, вирустан қорқу керек.
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА