№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Белсіздік белең алып барады

Белсіздік белең алып барады

Мен танитын аға буын, замандастар қатарында бір перзентке зар болып жүрген жандар аз емес. Бұл бір Алланың ісі, берілген сынағы деп өзімізді іштей жұбатамыз. Бірақ бала сүю, ұрпақ өрбіту мәселесі жас ұлғайған сайын қиындағанда адамды уайым басады. Осыдан тура үш жыл бұрынғы статистика көрсеткендей, елдегі жас шаңырақтың 15 проценті балалы болуға қабылетсіз, яғни, бедеулік пен белсіздікке ұшыраған, 30 мыңға жуық жас жұбайлар балаға зәру болса, бұл сандар үш жыл ішінде көбеймесе азайған емес. Мұның себебі неде?
Бұл жағдай қазір күллі дүние жүзін алаңдатуда. Жастардың белсіздік пен бедеулікке шырмалуы біздің ұлттың да басты демографиялық трагедиясына айналып барады. Бүгінде Қазақстанда жаңадан отау құрған отбасылардың 15 пайызы «бедеу» деген ауыр дертті арқалап жүр. Мамандар бұл экологиядан деп бір ауыз сөзбен түйіндейді. 
Біз бесігіміз бос қалмасын дейтін халықпыз. Балалы үйді базарға санап, дүниеге ұрпақ әкелуді, үрім-бұтағын жалғастыруды ең үлкен бақытына балаған жұртпыз. Өмірге дені сау, саналы баланың келуіне еркектердің де үлесі үлкен. Бірақ бедеулік мәселесі туындай қалса, оған бірден әйелді кінәлаймыз. Адам санасы өзгеріп, заман сан құбылса да мұндай сыңаржақ көзқарас әлі де бар. Әсіресе қазақтың қалыптасқан санасы балалы бола алмаудың кінәратын алдымен нәзік жандыларға телитіні рас.
Бөріктілерден неге қуат кетіп барады? Мұның мән-жайын дәрігердің өз аузынан білсек. Аудандық орталық емхананың уролог дәрігері Ғалым Нәбиев осыдан бірнеше уақыт бұрын сауалымызға егжей-тегжейлі жауап берген еді. Оның айтуынша, ер адамдар түрлі суықтау мен жұқпалы індеттерден ұрпақсыз қалып жатады. Бірақ көп жағдайда ер азаматтар дәрігер тексерілуінен бас тартып, ауруын асқындырып алады екен.
– Бүгінде еркектердің белсіздігі әйелдердің бедеулігінен қалыспайды. Біздің ауданның өзінде еркектер арасында белсіздік дертіне ұшырағандар қатары көп. Бірақ олардың басым бөлігі дәрігерге қаралуды намыс көріп, саналы түрде емделуден бас тартып жатады. Осы себептен де олардың саны туралы нақты дерек жоқ. Тіпті, ер адамдардың 60 пайызы дәрігерге қаралудан бас тартады. Сондықтан, біз ерлі-зайыптыларды бірдей медициналық тексеруден өткіземіз, – дейді уролог дәрігер.
Дәрігердің сөзінше, бүгінде эректильді дисфункция дертіне шалдыққандар көп. Бұл ауру көбіне физиологиялық бұзылыстан, гипертония, қант диабеті, тік ішекке жасалған ота және т.б. салдарынан туындайды. Еркектің белсіздігіне ұрпақ өрбіту жүйесіндегі түрлі қабынулар, яғни, аталық без бен қуық асты безінің қабынуы, жыныс-несеп мүшелерінің дамуындағы ауытқулар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар әсер етеді. Жалпы, ерлі-зайыптылар бала сүю мәселесін мейілінше 35 жасқа дейін шешіп алғаны жөн. Өйткені, жас ұлғайған сайын генетикалық өзгерістердің әсерінен ұрпақтың сапасы нашарлап, балалы болу мүмкіндігі азаяды.
– Қазір бедеулік мәселесі екі жақтан бірдей қарастырылады. Отбасы бір жыл аралығында сәби сүймесе, оларға «бедеу» деген диагноз қойылады. Бірақ бұл олар өмір бойы балалы бола алмайды дегенді білдірмейді. Дер кезінде екеуі бірдей емделсе, кеселдің алдын алуға болады. Бедеулікке апаратын себептер өте көп. Бүйрек үсті безінің қабынуы, гипофиз, қалқанша безі аурулары, простатит бедеулікке соқтырады. Кейінгі кезде простатитпен ауыратын жігіттердің саны көбейіп барады. Мәселен, біздің шипажайға бедеуліктен айығу үшін жылына 2000-2500-ге дейін ер адам келіп ем алады, – дейді Жаңақорған шипажайының уролог дәрігері Мұза­фар Асланов.
Айта кетерлігі, ер адамдарда жасөспірім шақтан болатын вари­коцеле дерті бар. Оны дер кезінде емдеп, ота жасамаса соңы бедеулікке соқтырады. Өйткені аталық безге қан бармағандықтан, қан айналу процесі өзгеріп, жыныс жолдарына әсер етеді. Сонымен қатар, соңғы уақытта жыныстық жолмен жұғатын мерез, соз, хламидиоз, трихомониаз, микоплазма сияқты аурулар көбейіп кеткен. Бұлар да бедеулікке апарады. Ең сорақысы, бұл індеттер еш белгі бермей, ағзада ұзақ уақыт жүреді. Сондықтан, ер адамдарға да дәрігер тексерілуінен уақтылы өту өте маңызды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқа­ев ел халқына Жолдауында әрбір алтыншы отбасы бала сүюге зар болып отырғанын айтты. Сонау Кеңес өкіметі тұсында ерлердің белсіздігі, әйелдердің бедеулігі деген мәселені естіген емеспіз дейді алдыңғы аға буын. Жалпы, біздің ата-бабаларымыз ежелден жаратылыстың сырын білген. Бабаларымыз қойдың төсін, аналарымыз құйымшағын жеп, белсіздік пен бедеулікке ұшырамаған.
Қазір кесарь дегеннің де кесірі тиіп жатыр. Отаға мүдделіктің зардаптарын ескермеудің әлегі көп. Жатырдағы ұрпақты алдырып тастаудың қасіреті мұнан да сорақы. Сталиннің аборт жасатқан әйелдер мен оларға көмек­тескен дәрігерлерді 25 жыл түрмеге жабу туралы бұйрығының астарында СССР-дің демографиялық өсімін жол­ға қою талабы тұр. Бізде бұл мәселе әркімнің жеке ісі. Оған «қой» деп жатқан ешкім жоқ. Жауапсыз махаббат, жолбике ана, ақырында қорғансыз сәби жетімдер үйіне өтеді, одан әрі шет ел асып, тағдыры талан-таражға түседі. Қазақтың «жетіміңді жылатпа» деген сөзінің не мәні қалды сонда?
Осы белсіздік дертіне ұрынбауға атқа мінудің көп көмегі бар. Ат үстіндегі адам қарлы боранда қалса да қатты тоңбау сыры  жылқының қалыпты температурасы адамның дене қызуынан бір жарым градусқа жоғары болатынға ұқсайды.
Ветеринария ғылымдарының кан­дидаты, Қазақ ғылыми-зерттеу вете­ринария институтының облыстық фи­лиал меңгерушісі Дәулет Ибрагимов:
– Пандемия басталғалы барлығы саумал іздеп кетті. Дәрі ретінде іздеді бұны. Кез келген адам ауырғанда иммунитет қоры түгесіледі. Негізі бұл саумал дегеніміз бірден аурумен күреспейді. Тек біздің иммундық қорымызды көбейтеді. Ауырған жағ­дайда саумал не қымыз ішу жетіспейтін витаминді толықтырады. Сол кезде сіздің ағзаңыз еш дәрі-дәрмектің көмегінсіз, ұдайы аурумен өзі күресе береді. Жылқы сүтінің бойында 28 түрлі дәрумен бар екен. Саумал мен қымыздың, шұбат, жалпы, ағарғанның құдіреттілігі осында, – деп түсіндірді.
Түйін. Жалпы, мамандар пікірінен түйгеніміз, әуелі Алла, сосын саулыққа сергек қарау өзімізге байланысты. Салауатты ұстанымнан ажырамаған ұрпақсыз қалмайды.  
      
Әли ТЕМІРБЕК
11 сәуір 2021 ж. 671 0