№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бедеулік – қоғам қасіреті

Бедеулік – қоғам қасіреті


Тұрмысқа шығып, отбасылы болған әрбір әйел балалы болуды армандайды. Ана бақытына бөленгісі келеді. Алайда ана арманы бірден орындала бермейтінін біліп, көріп жүрміз. Себеп – бедеулік. Елімізде, тіптен дүниежүзінде бедеулікке шалдыққандар саны артқан. Дерек көздеріне қарағанда, елімізде жаңадан отау құрған отбасылардың 15 пайызына бедеулік диагнозы қойылған. Яғни елімізде әрбір алтыншы жас отбасы бала сүю бақытынан айырылған. Сорақысы сол, бұл көрсеткіш жыл өткен сайын артып барады. Неге? Белсіздік пен бедеуліктің көбеюінің себебі неде? Оның емі бар ма? Мамандар не дейді?


Бедеулік тек бір отбасының ғана емес, күллі қоғамның қасіреті. Әйелі – бедеу, ер­ке­гі – белсіз қоғамның бола­шағы бұлыңғыр. Әлемдік ақпараттарға жүгінсек, бедеу­ліктің көбеюіне экологиялық факторлар, тамақтану үрдісінің өзгеруі, қазіргі тағам құрамында химиялық қоспалардың көп­тігі, микротолқынды пештер, компьютерлер мен ұялы телефондардың өзіндік әсері бар. Деректерге сенсек, елі­мізде табиғи жолмен бала сүю мүмкіндігі жоқ 20 мыңнан астам ерлі-зайып тіркеуде тұр. Жасанды жолмен ұрықтандыруға бір адамға миллион теңгеден аса қаражат жұмсайды. Мамандар бұл санаттағы мұқтаж адамдарға мемлекеттік деңгейде көмек қажеттігін айтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жаңадан бас құраған жұбайлардың 15-20 пайызы бала сүю бақытына қол жеткізе алмайды екен. Ал елімізде ресми тіркелген бедеу жұптардың ұзын саны 15 мыңға жуықтайды. Олардың 10 мыңдайы экстракорпоральды ұрықтандыруға (ЭКҰ) мұқтаж көрінеді. Бейресми дерек бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Сәби сүйе алмай әулие-әнбие жағалап, болмаса гинеколог есігін тоздырып жүрген қара­көздеріміз қанша? Осыны назарға алған мемлекет 2010 жылдан бері ЭКҰ-ға арнайы квоталар бөліп келеді. Ең алғашында 100-ден басталған квотаның саны биыл мыңға дейін көбейген.
Осы сауалдар төңірегінде экстракорпоралды яғни, дене­ден тыс ұрықтандыру әдісін елімізге, тіпті Орта Азияға алғаш рет алып келген, биология ғылымдарының докторы, репро­дуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова былай дейді:
– Қазіргі кезде жасанды ортада өмір сүріп жатырмыз. Ішкен тамағымыз да, жұтқан ауамыз да, киген киіміміз де табиғи емес. Оған телефоннан, компьютерден, ұшақтан алып жатқан радиацияны қосыңыз. Екіншіден, әлеуметтік бедеулік деген бар. Жастар жұмыс, ақша деп жүріп отбасын кеш құрады. Ол да денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Ал қабыну процестері әйел мен еркектің ұрығының сапасының төмендеуіне, ұрық жолдарының бітеліп қалуына немесе қызметінің бұзылуына алып келеді. Әйелдің бала көтеру мүмкіндігі табиғатынан аз. Айталық, 20 жастағы әйелдің бір етеккір циклында бала көтеру мүмкіндігі – 15-20 пайыз, 30 жаста – 10 пайыз, 40 жаста – 5 пайыз. Ал экстракорпоралды ұрықтандыру әдісінің нәтиже­лілігі бұдан бірнеше есе жоғары. Осыдан 20 жылдай бұрын жасанды ұрықтандыру арқылы бала көтеру көрсеткіші бір жасағанда 10-15 пайыз болды. Ал қазір 60-80 пайызға жетті. Яғни, денеден тыс ұрықтандыру жасаған 10 әйелдің алты-сегізінде эмбрион жетіледі деген сөз. Қазіргі таңда бұл сала қарқынды дамыды. Дүниежүзіндегі адам ұрпағын өрбіту саласында қолданылатын жаңа заманға сай небір технологиялар шықты. Жыл сайын әлемнің ең мықты мамандары жиналып, осы саланы әрі қарай дамытудың жай-күйін талқылайды. Соның арқасында талай жетістікке жеттік. Мысалы, бұрын ата­лық пен аналық ұрықты криоконсервациясы жасау, яғ­ни, қатырып қою тәсілі жоқ-тын. Жатырды ширықтырып, ұрық шығатын фолликуланы өсіру үшін біз әйелге небір гормондық дәрілер береміз. Кейде жас әйелдерде бірден көп фолликула өсіп шығады. Сол айда ұрық салған кезде жатыр қабылдамай, ұрық дамымай қалатын кездер болатын. Қазір осы қатыру тәсілінің арқасында нәтиже жоғары. Бедеуліктің бірден бір себебі, түсік жасату болып тұр. Біздің орталыққа бала көтермеуге байланысты келген әйелдердің тарихын қазып отырсаң, 80 пайызы бұрын түсік жасатқандар болып шығады. Тіпті қатарынан 4-5 рет іштегі шаранасын алдырып тастағандар да ұял­май келіп тұрады. Себебін сұрасаң, бәрі де әлеуметтік және отбасылық жағдайға әкеп тірейді. Бұдан бөлек, жатыр мен жатыр түтікшелеріндегі патология, жыныс мүшелерінің қабынуы, эндометриоз, етек­кірдің бұзылуы, гормондық бұзылыстар, тағы көптеген факторлар да бедеулікке себеп болады. Еркектің белсіздігі ұрпақ өрбіту жүйесіндегі қабынулар: аталық бездің, қуық­асты безінің қабынулары әсер етеді. Сондай-ақ, қазір тамақтың да құрамы өзгерді, экология да бүлінді. Мұндай сыртқы факторлардың да тигізетін ықпалы бар. Тіпті, ұялы телефонды шалбардың қалтасына салып жүру де еркектің белсіздігіне ұшыра­тады деген де пікір бар», дейді репродуктолог-эмбриолог ма­ман.
Ал, ауданымыздағы әйел­дер денсаулығы жөнін­де акушер-геникологы Жанар Өмірбекова­ның пікірі төмендегідей:
– Бедеуліктің себептері өте көп. Өзім шипажайда гениколог дәрігермін. Маған жылына 2000 мыңға жуық әйел осы мәселемен келіп қаралады. Бұрындары егде жастағы ерлі-зайыптыларда мәселе туын­дайтын болса, қазір жастар арасында өте көп. Біріншіден жатыр түтікшесінің өтімсіздігі, аналық жұмыс жасушасының дұрыс жұмыс істемеуі, гармон­ның өзгеріске ұшырауы яғни кейбір әйелдерде етеккір келмейді. Сонымен қатар, әйелде де, еркекте де кездесетін инфекциялық аурулардың да әсері жоғары. Егер ерлі-зай­ып­тылар бір жыл бірге өмір сүріп, балалы бола алмаса, ол бедеулік деп есептеледі. Бұндай жағдайда әйелді де, ер адамды да тексеруден өткіземіз. Содан кейін ғана емдеу жолдарын бастаймыз. Сол себепті де, әр адам өз денсаулығына мұқият қарау керек. Киген киім мен ішкен тамаққа дейін мән беріп, салауатты өмір салтын ұстану қажет», – дейді.
Бедеулік пен белсіздік – үкім емес. Бастысы, дер кезінде емделу. Халқымыз ба­ла­лы үйді базарға теңеп, дүниеге ұрпақ әкелуді, үрім-бұтағын жалғастыруды ең үлкен бақытына балаған. Осы бағытта болашақ ана – қыз бала тәрбиесі бәрінен маңызды екенін ана ретінде қосар біздің де пікіріміз бар. Мектеп жасындағы қыздарды «Қырық үйден тыйып», «ойнақтап жүріп от баспауға» тәрбиелеуге қоғам болып жұмылуымыз керек.

Әсел РЗАЕВА
13 қаңтар 2021 ж. 675 0