» » ЖАҢАҚОРҒАНДА ҚАНША НҰРСҰЛТАН БАР?

ЖАҢАҚОРҒАНДА ҚАНША НҰРСҰЛТАН БАР?



1991 жылы қазақ жұрты еңсесін көтеріп, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасып, даму жолына түсті. Бейбітсүйгіш ел Президент ретінде Нұрсұлтан Назарбаевты таңдады. Елбасы баба аманатына адалдық танытып, халықты келешекке сеніммен қарауға үйретті. Осы ретте, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан дүние есігін ашқан перзенттер тұлғалы азамат болсын деген ырыммен Нұрсұлтан есімін алды.
Қолда бар дерекке сүйенсек, ең көп Нұрсұлтандар Түркістан облысында тұрады. 1991-2016 жылы оңтүстікте дүниеге келген 10 265 сәбиге Нұрсұлтан есімі берілген. Одан кейінгі орында Алматы облысы, Жамбыл, Қызылорда облысы тұр. Көш соңында Солтүстік Қазақстан облысы. Сондай-ақ Елбасының аты һәм тегімен аттас елімізде 1991-2015 жылдар аралығында 99 Нұрсұлтан Назарбаев дүние есігін ашқан.
Ал, Сыр өңірінде 3500-ден астам сәбиге Нұрсұлтан есімі бұйырыпты. Соңғы 10 жылда Қызылорда қаласында дүниеге келген 402 нәрестеге Нұрсұлтан есімі қойылған. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда 40 мыңға жуық Нұрсұлтан бар. Әрине, мұның қатарында Астана, Азиада, Бәйтерек, Атазаң, Қазақстан есімді балалар өсіп келе жатқанын айта кету керек. Хош. Республикадан Жаңақорғанға ойыссақ.
Аудандағы Елбасы есімімен аттас азаматтарды білмекке аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мұрағатына ат басын бұрдық. Бөлімнің бас маман Гүлнар Абдуллаеваның көмегімен мұрағаттан біршама мәлімет алдық. Сала маманының сөзінше. Тәуелсіздік алғаннан бастап, бүгінгі таңға дейін Жаңақорған ауданында 218 Нұрсұлтан есімді ұл бала дүние есігін ашқан. Олардың ішінде, кәмелетке жасқа толған жасы да, мектеп жасындағы оқушыларда, және мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер бар. Әр жылдарды саралағанда Елбасының құрметіне есімі қойылған сәбилер саны жыл өткен сайын артқанын аңғардық. Мәселен, 1991 жылы дүниеге келген жеті нәресте Нұрсұлтан атанса, ал, 2015 жылы туылған он үш балаға осы есім беріліпті. Ал, 2018 жылы 3 нәрестеге Нұрсұлтан есімі бұйырыпты.
Иә, қазақ халқы қашанда баланы өмірінің жалғасы санап, ұлттың болашағына, егеменді елдің ертеңіне балаған. Артында салиқалы да саналы ұрпақ қалдыруды негізгі міндетіне санап, парасатты ұл мен пайымды қыз өсіруді басты құндылығы деп білген. Дүниеге ер бала келсе, артымда «отанымның иесі келді, өмірімнің жалғасы», деп шаттанған. Ал, қыз баланы шаңырағының шаттығы санап, аялаған. Негізінен жаңа туған перзентке ат таңдауда қазақтан асқан дана халық жоқ шығар. Тарихқа көз жүгіртсек, бабабалар балаларына қол бастаған батырдың, сөз бастаған шешеннің есімін берген. Әрине, ел ертеңі болып табылатын бүлдіршіндер қандай есім иеленсе де, елін сүйетін азамат болып өссін.
Түйіндей айтқанда, бейбітшілік пен татулықтың байрағы әрдайым көкте желбіреп, ауданның демографиясы кеңейіп, әр отбасында шаңырақты шаттыққа бөлейтін, елдің ертеңгі тұтқасының иесі болар Нұрсұлтандар көбейе берсін дейміз.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
30 қараша 2018 ж. 1 000 0