Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тәлімгер болу – бір бақыт

Тәлімгер болу – бір бақыт

Бала – елдің болашағы. Балаға тәлімді тәрбие беруде ата-анасынан бөлек балабақшаның өзіндік орны орасан. Жас жеткіншектерді үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, әдептілікке баулуда, балаға әріп тануды үйретіп, бойына тәрбиені сіңіріп келген, бүгінде сол еңбегінің құрметті зейнетіне шыққан Қандөз ауылындағы балабақшаның  меңгерушісі  Зиягүл Ыдырысова  апаймен  дидарласуды  жөн көрдік.
«Бала жүрегі-кішкентай күйсандық іспетті. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Тәрбиешілердің қолында әр кезде сол кілт тұруы керек» деп Мұхтар Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу тәрбиешілердің міндеті. Өткен күндердің белгісіндей болған мектепте оқытқан шәкірттері сан саланың тізгінін ұстаса, бұрымдылары бір үйдің отын маздатқан аяулы ана, өнегелі келін атанып отыр. Бүгінде солардың әрбірі сәлем беріп келе қалса құрақ ұшатын апайдың баладай аңғал, ақжарқын мінезі кім-кімді де баурап алатыны көрініп-ақ тұрады. Табиғатынан  бейнеткеш оның алаңсыз күндері жоқтың қасы.
Кейде сөз патшасы – өлеңнен ұйқас құрап, жадында сайраған әуендерге қосып ыңылдап  жүретіні оның шығармашылыққа жақындығын аңғартады. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уордтың: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» деген нақылы тауып айтылған. Бүгінгі жас – келер күннің жарқын келбеті, болашағы. Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өзіне сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік, дүниетанымы терең азамат етіп тәрбиелеуде балабақшаның алатын орны ерекше. Біздің кейіпкеріміз осы тәрбие орталығының белді маманы.
«Елдің есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле» дейді халық даналығы. Сондықтан да жауапкершілік жүгі ауыр осынау қажырлы іске бой ұрған Зияш апай ауыл-аймақ арасында үлкен құрметке ие. Ол жұмыс жасайтын Қандөз ауылындағы №22 «Балдырған» балабақшасы тоқырау уақытында жабылып қалған болатын.  Зиягүл Әбілпаттақызы өз ісіне шын берілген білімділігі мен біліктілігінің арқасын­да 2005 жылы осы балабақшаны қайта аш­ып, елдегі ата-аналардың  тілегі оңғарылды. Балабақша табалдырығын аттаған кішкентай бүлдіршіндерді қабылдаған күннен бастап, тәрбиешілерге жүктелетін бірінші міндет- бала тілін дамыту. Әсіресе, құдіреті күшті, құнары мол ана тіліміздің қолданысындағы сөздерді бала санасына сіңіруде бақшаның орны орасан. Өзі еңбек еткен «Балдырған» балабақшасында бұл мақсатқа аса мән берілген. Күнделікті  балаларға тіл дамыту үшін әртүрлі сабақтармен қатар қызықты ойындар өткізіп тұруды бір ізге келтірілген. Осы тұрғыда алғанда батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту –  бүкіл ата-бабамызды, бар тарихымызды ұмыту» деген қағидасын басты ұстаным етіп алғанын байқау қиын емес. Расында да тіл арқылы бала бойына ұлттық құндылықтарымызды, дәстүр-салтымызды, өзге де өркениеттік ұстанымдарды ұғындыруға ұмтылған әрбір сәтті былайша әңгімелеп берді.
– Ұғына білген адамға тәрбиеші қызметінің ауыртпалығы мен жауапкершілігі оңай емес. Осы саланы таңдау арқылы ел болашағының дамуына елеулі үлесін қосатын бал-бөбектерімізді бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге ат салысқанымды мақтан етемін. Балабақша табалдырығын алғаш аттаған балалар –  біреудің маңдай алды жарығы, енді бірі – жар дегенде жалғызы, бір үйдің еркесі мен серкесі ғой. Сондай жас бүлдіршінге қалам ұстатып, әріп танытудың, жан-жақты білім берудің қиындығына төзе білу аса сабырлық пен шыдамдылықты қажет етеді. Білім де, тәрбие де балабақша қабырғасында қалыптасады. Баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет. Менің түсінуімше, бала тәрбиесіне жан-тәнімен берілген жан ғана өмірдің мән-мағынасын, қоғамдық ортадағы өзіндік орнын, тұтастай ұлттың ертеңіне қоса алар өзіндік үлесін тереңнен салмақтай алса керек. Қалаған ісіңді, мойныңдағы міндетіңді бар ынта-ықыласыңмен атқара білсең, күнделікті тіршіліктің мағынасын да жете ұғынатының анық. «Кәсібің – нәсібің» дейді қазақ даналығы. Шын жүрекпен қалаған кәсіп арқылы ғана өмірлік несібеңді, абырой-беделіңді, қоғам алдыңдағы құрметіңді еселей аласың. Ал, тәрбиеші болу – сырт көзге қиындығы көрінбейтін оңай секілді көрінгенімен, бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызы барлығын сол кәсіпті таңдағандар, осы жолда еңбек етіп жүрген жандар жақсы түсінеді, – дейді бала бағбаны.
Жарық өмірге ізгілік нұрын себуге ұмтылған ұстаз еңбегі қашанда шәкірті жүрегінде. Баланың бойындағы қабілетін дамыту арқылы өзін, әлемді тануға, қоғам алдындағы жауапкершілікті, адамгершілік қадір-қасиетін сезіндіруде ұлан-ғайыр еңбекпен астасып келетін ащы тердің кермек дәмі қашан да мұғалім мәртебесін биіктетпек.
Міне, ардагер ұстаз Зиягүл Ыдырысова бала тәрбиесінен бөлек, ағайын-туыспен етене араласып, отбасы жылуын сақтай білген жан. Ол өзі өте қонақжай, қарапайым мінезді, кішіпейіл жан. Оның 36 жыл отасқан зайыбы Сқақов Өнбірбай екеуі екі ұл, бір қызды өсіріп, келін түсіріп, немере сүйіп отырған  ақ  жаулықты әже.
P.S. «Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның жүріп өткен ғұмырындай» демекші, ауылдың алғысына бөленіп отырған ардагер ұстазбен әңгімелесіп отырып, уақыттың қалай өткенін байқамай да қалыппын. Самайына ақ кіргенше ұстаздық етуден жалықпаған абыройлы ұстазға көкірегіңізді қайғы-мұң шалмай, ұзағынан өмір сүріңіз деген  ақжарма тілегімізді білдіріп, қош айтыстық.
Әсел Рзаева
28 наурыз 2021 ж. 591 0