Тәрбиешілер топ жарды
Өзін-өзі дамыту – заман талабы. Ұрпаққа тәрбие берумен қатар өз-өздерін шыңдауға көшкен тәрбиешілер қауымы түрлі байқауда топ жарып жүр. Мұны №8 «Айгөлек» бөбекжай балабақшасында өткен «Нұрлы ісімен нұрландырған» атты ең үздік топ тәрбиешілері мен тәрбиеленушілердің арасында өткен сайыстан аңғардық.
Бес бөлімнен тұратын сайыс балабақшаның ең үздік тәрбиешісі мен ең өнерлі балақайын анықтады. Өздерін ерекше нақышпен таныстырған үміткерлер жеребе бойынша өнер көрсетуді бастады. «Өнерің өрге жүзсін» бөлімінде әр қатысушы өз өнерін ортаға салып бақты. Бірі төгілдіре ән шырқаса, енді бірі мың бұрала би биледі. «Ісмерлік қолымыздан келеді» бөлімінде қолдан жасалған түрлі бұйымдар көрмесі таныстырылды. Балаларды дамытуға арналған түрлі туындылар да көрермендерді тәнті етті. Тәрбиешілердің қарауындағы бүлдіршіндермен бірге жасаған көрнекі бұйымдары көрермендерден өз бағасын алды. «Әдемі-ай» сән байқауына ерекше дайындықпен келген үміткерлер өзінің көктемге арналған топтамаларымен таныстырды. «Ең сүйікті асымыз» кезеңінде әр топ өз қалауынша ас мәзірін дайындады. Бірі ыстық тамақ, бірі салат, енді бірі ерекше талғаммен тәттілер ұсынды.
Тартысқа толы сайыста сыннан мүдірмей өткендер марапат мінберінен көрінді. Бас жүлдеге «Үздік тәрбиеші» номинациясымен Динара Үсенова мен тәрбиеленушісі Сабина Кенжебек лайық деп танылды. Бірінші орынға «Өнерлі тәрбиеші» Ұлбосын Жанболатова мен шәкірті Аманай Үсен, «Көрікті тәрбиеші» атанған Айгүл Әйтенова мен Дария Шәмілқызы екінші орынға тұрақтады. «Сабырлы және нәзік тәрбиеші» атауына Оразкүл Айтбаева мен шәкірті Айша Қайып пен «Шебер тәрбиеші» деп танылған Ақмарал Жетпісбаева мен шәкірті Дияна Еркінқызы үшінші орынды қанағат тұтты.
Тәрбиешілердің шығармашылығына дем беріп, түрлі іс-шараларды тұрақты ұйымдастырып, жаңа бағдарламаның өзектілігін іспен көрсетіп жүрген №8 «Айгөлек» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Ләззат Алтаева:
– Заман талабына сай, тәрбиешілер де өз шығармашылығын дамытуы қажет. Осы тұрғыда біздің ұжым үнемі жақсы істердің басы-қасынан табылып, жұмысқа ерекше шабытпен кірісуде. Бүгінгі өткен сайыс та ауызбіршілік пен ынтымақтың арқасында өтті. Меніңше, тәрбиешілер өз тобының бүлдіршіндеріне үлгі болып, жақсы қасиеттерін дамыта бергені абзал, – дейді.
Мақпал МАРҚАБАЙ