Басты бағдар – балық шаруашылығын дамыту
Қазір балық бизнесі берекелі кәсіп көзіне айналды. Бірақ бұл шаруа біздің ауданда әлі де ақсап тұр. Оған себеп те жоқ емес. Токпен соғу, жарғыш қолдану, су деңгейінің төмендегі, балықтың аз келуі, барлығы әсер етуде дейді шаруалар. Осындай кедергілерге қарамастан, шаруаны дөңгелетуге ниетті қожалықтар жетерлік. Солардың қатарында 15 жылдан астам балық өсірудің қыр-сырын меңгеріп, дамытудың жолында жүрген келінтөбелік – Шарапбай Битанов.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесіне сүйенсек, әр адам жылына кемінде 16 келі балық өнімдерін тұтынуы тиіс. Өйткені, теңіз өнімдерінің құрамындағы омега-3 май қышқылдары қан тамырларының бітелуіне жол бермей, ағзаның қалыпты жұмысын қамтамасыз етеді. Өкінішке қарай, Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 келіге де жетпейді. Демек, бізге көбірек балық өнімдерін тұтыну керек, бірақ сатып алу құны шарықтап барады.
– Шыны керек, қазіргі ахуал мәз емес, мемлекет тарапынан қадағалап, заңдылықтар күшіне еніп, айыппұл салынып жатса да заңсыз әрекеттер тыйылар емес. Оның үстіне, дария деңгейі түсіп көлдерге су жетпей қалып жатады. Сондықтан көп қожалық қашыртқыдан су тасымалдауға мәжбүр. Жалпы балықтың көбею кезеңі көктемде. Әсіресе, сәуір мен маусым айы аралығында оларды аулауға болмайды, көлдерге осы кезде тыныштық беруге тиістіміз. Екінші мезгіл – күз айында, күріштік суы тартылған уақытта шабақтарды құтқару жұмысына басымдық бергеніміз дұрыс. Осылай амалдап, кәсіптің керегесін кеңейтіп келеміз.
– Балыққа субсидия беріле ме?
– Субсидия болғанда мемлекеттен қолдау бар, ол үшін дәреже, яғни статус керек. Су айдындарында көл-тауарлы балық шаруашылығымен айналысатын шаруаларға субсидия беріледі. Бірақ менің «Қалғандария-2» көлім бұл тізімге жатпайды. Өйткені көлдің сағасы бұрынғы дария жолы, яғни көлге Сыр өзенінен су құйылады. Ал, оған қарамай тауып жатса, онда шаруа шаш етектен болайын деп тұр. Шаруаны кеңейтуге дайынбыз, әзірге қарауыл, балықшымыз бар. Ерсұлтан атты балам мен Қалдыбек Сәдібеков деген ауыл азаматы үшеуміз қазір шаруаның басы-қасындамыз.
Жалпы Сыр өңірінде 185 көл болса, соның 25-і Жаңақорған ауданына тиесілі, 23-нің иесі бар. Енді су айдындарында көл-тауарлы балық шаруашылығымен айналысуға дайын шаруалар мемлекеттен қолдау ала алады. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Жасұлан Тұраповтың айтуы бойынша, осы бағытта аудан көлемінде алты көл енгізіліпті. Нәтижесі алдағы уақытта байқалады.
– Өзім тауда өсіп, егін шаруасына кейіннен араластым. 1997 жылы Келінтөбеге көшіп келіп, шаруашылыққа дем бере бастадым. 8 жылдай дала төсінде тер төктім. 2006 жылы иесіз қалған көлді қамқорлығыма алып, балық шаруасын дөңгелетуге іске кірістім. Көл суы таза, қысы-жазы осында жүремін. Қыста ойықтар ойып, ауа кіргізіп тұрамыз. Биыл қардың қалыңдығы 40 сантиметрге жетті. Көктем мен күзге дейін көбіне тазалыққа басымдық береміз, қоқыстан тазартып, табиғатты ластамауға тырысамыз.
– Барлық түрі бар, толсталов, сазан, кәрас, реш, лақа, жылан балық және тағы басқа. Соның ішінде сазан өтімді, сұранысы жоғары балық. Жалпы өзім көлге тек ау саламын, онда да алтылықтан жоғары болғаны дұрыс, өйткені шабақтарға обал болады. Көлдің аумағы – 110 гектар. Ашығын айтқанда, балыққа да қамқорлық керек, төрт-түлікке қандай мейірім берсек, бұлар да сондай күтімге зәру. Өйткені жоғарыда айтқандай вольті көп токпен балық аулау заңсыз. Күні-түні көл маңын торауылдап жүреміз, адамдар көбіне түнде жарықсыз келіп, жымысқы әрекетін жасайды, сондықтан барынша сақ болған жөн, – деді «Битанов-Ш» кожалығының төрағасы.
Жалпы табиғатына үңілсек, балықта адам ағзасына өте пайдалы дәрумендер көп. Кейіпкеріміздің айтуы бойынша, сұраныс көбіне сазан және Амурдың ақмарқасы, мекіре сынды түрлеріне келіп түседі. Солардың ішінде ең пайдалысы мекіре балығы дейді ол. Өйткені етінде басқаларына қарағанда адам ағзасына пайдалы дәрумендер мен микроэлементтер кездеседі.
– Жыл сайын Аралдан арнайы бақылау тобы келіп, тексеріп тұрады. Олар балықтың құрамын анықтап, сатуға, жеуге, жалпы экспорттауға болады деген рұқсат қағазын береді. Олармен келісім-шарт негізінде бірлесе жұмыс жасаймыз, – деді Шарапбай Егентайұлы.
Қорыта айтқанда, балық бизнесінің аудандағы ахуалын осылай түйіндедік. Ең бастысы, кәсіпкердің балық шаруасын дөңгелетіп, ел игілігіне дұрыс пайдалану жолында тер төгіп келе жатқаны қуантады. Кәсіп жасау дұрыс, бастысы тіршілік иесіне адамзаттың зияны тиіп кетпесе болғаны. Бұл кейіпкеріміздің қатаң бақылауында, әрі қамқорлығында.
Әли ТЕМІРБЕК