№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Еңбектің өтеуі – шәкірттердің биігінде

Еңбектің өтеуі – шәкірттердің биігінде


Жалпы құт қонған Қожакент ауылы аудандағы елді мекендер арасында әлеуметтік-экономикалық даму жағынан озық, әрі жыл сайын жаңарып келеді. Осындай үлгілі ауылда өнер саласы өрге озбауы мүмкін емес. Әсіресе жастардың жолы жарқын, бағындырған белесі биік.

Өнерден өз биігінді бағындырып, шәкірт тәрбиелеу үшін өнер академиясын немесе консерваторияны аяқтау міндет емес. Дегенмен арнайы білімнің артық болмайтыны әуелден белгілі. Бірақ әрбір адамның тағдыр жолы әрқилы қалыптасады. Өнерге деген талпыныс пен талант адамды оның шыңына жетелейді де тұрады. 
Кейіпкеріміз Шымкент шаһа­рындағы Оңтүстік Қазақстан саз колледжінде алған білімін жетілдіріп, тәжірибесін толықтырып, ізденімпаздығының арқасында талант­ты да, талапты шәкірт тәр­биелеп келеді. 15 жылдан астам уақыт ауыл мәдениетіне үлес қосып келе жатқан ол осы жылдар ішінде көптеген жетістікерге жетті, марапат биігінен көрінді.
– Өнер жолы ауыр жол болса, сол салада шәкірт жүрегіне жол тауып, тәрбие бере білу үлкен шеберлікті талап етеді. Әсіресе ән әлеміне бағдар алу ауыр сала. Әріптесім Фархаттың бұл бағытта ізденісі мен еткен еңбегі зор. Ол өз ісінің білікті маманы, нағыз кәсіби қызметкер. Оның шын болмысы мен еңбегін шәкірттерінің жетістігімен өлшеуге болады. Осындай ұстаздан әлі талай шәкірт түлеп ұшатынына сенеміз, – дейді Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Зулфия Шалабаева.
Талант Тәңірдің тартуы, ол қанмен келетін қасиет. Әкесі жылқы баққанмен, домбыраға жақын болса, анасының бойына әншілік өнер дарыған екен. Отбасында алдыңғы аға буын өнер саласында жүргеннен соң Фархат та осы жолды таңдайды. Оның домбыраға жақындығы 5 жасында байқалады. Есейе келе тек домбыраны серік етіп қана қоймай, ән әлеміне де бет бұрады.
– Отбасында 10 ұл-қыз болсақ, барлығымыздың бойымыздан өнерге деген байланысты тануға болады. Бірақ әркім өз саласы бойынша елге қызмет етудің жолында, дегенмен көбіміз мәдениет саласына көш түзедік. Қазір ұлым Ержігіт біз таңдаған жолда келеді. Оның да бойындағы талант 5 жасында байқалды. Содан бері тәрбиелеп келемін. «Ақкөгершін», «Бозторғай», «Ғұмырдария» сынды байқаулардың жеңімпазы. Қазір ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алады. Жалпы менің биігім шәкірттерімнің жетістігімен өлшенеді, – деді ол.
Шәкірт демекші, Президент оркестрінде Айдана Иманбердиева есімді шәкірті әншілік қызметте жүрсе, «Шабыт» өнер академиясында Қалдар Қадырбек тәлім алады. Мәулен Рахымжан мен Атихан Әлібек Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің студенті. Бұдан да бөлек шәкірттері көп, олардың байқауларда жеткен жетістіктерін саралауға уақыт тапшы болды. Домбыраның қыр-сырын меңгерген үздік үйірме жетекшісінен домбыра үйірмесінің бүгінгі тыныс-тіршілігін, оның ұрпақ тәрбиесіне сіңдірудің жолын сұрадық. 
– Балаларды жалпы қанша жастан домбыраға берген дұрыс?
– Олардың қабылдау деңгейі әртүрлі болады. Сол себепті нақты қай жастан бастап домбыраны  үйрету керектігін айту қиын. Жалпы, 7 жасынан бастап берген дұрыс. Өйткені баланың бойында мұғалімнен сабақ алудың алғашқы алғышарттары қалыптасады. Осы кезеңде бала қалам ұстап, жазу жаза алады, яғни ұсақ қол моторикасы дамыған, жаттыққан болады. Жүсіп Баласағұнидың «Өнер-білім берем десең басынан, бер оқуға балаларды жасынан» – деген ұлағатты сөзі бар ғой. Сондықтан өнер мен білім уақыт талғамайды.
– Домбыраны барлық балаға үйретуге бола ма, әлде таңдау керек пе?
– Әрине, барлық балаға үйрету болады, бірақ олардың қабілетіне қарай үйрету әдісі түрленуі тиіс. Бұл баланың үйрену мақсатына да байланысты. Егер бала кәсіби домбырашы болуды көздесе, онда әрине оның есту, ырғақ ұстау, дыбыстарды ажырату және т.б. қабілеттерін тексеріп барып қабылдайды. Ал өз қызығушылығымен қолға алса, онда жеңілдеу жолымен үйретуге болады. Негізінде, домбыра үйретудің қазір қалыптасқан үш жолы бар: нота, санау және құйма құлақ. Осы үш жолдың бірін баланың қалауы, қабілеті, мақсатына қарай таңдап алып үйретеді, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Әбіш Кекілбаевтың «Өнерде шәкірттік сезімін жоғалтқан адам ұстаз бола алмайды» дегені өте орынды айтылған. Ал біздің кейіпкеріміздің бойынан шәкіртке деген шынайы махаббатты, ілтипат пен мейірімді көруге болады.
Әли ТЕМІРБЕК
27 ақпан 2021 ж. 416 0