» » » Өмірін өнерімен өрнектеген

Өмірін өнерімен өрнектеген

   

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Мен бүгінгі заман­дастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас-қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең... Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады», деген тұстары аталмыш жобаның болашақ ұрпақ үшін маңыздылығын аңғартып тұр.
Мемлекеттің өнер саласындағы биік белестері мен заңғар жетістіктері қашанда жаһан назарында десек, онда ел мәртебесін көкке көтеріп, ұлттық мәдениетті әлемге әйгілеп, соның арқасында қазақ халқының рухани құндылықтары мен өзіндік дербестігін танытуда өнер иелерінің алар орны ерекше. Әсіресе, түрлі мәдени шараларда ауданның абыройын асқақтататын да осы мәдениет майталмандары. Мәселен, бүгінде ауданда ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылатын мерекелік шараларды Кенже Әкімбаеваның қатысуынсыз елестету мүмкін еместей көрінеді. Өйткені, бір өзі бірнеше өнер түрін бойына сіңірген талант иесіне аудан халқы біржола бауыр басқандай.
«Аудандағы 100 жаңа есім» жобасына лайықты деп танылған кейіпкеріміз Қарақалпақстан республикасында туылып, кейіннен елге оралған. Орта білімді өзге елде алған қазақ қызы ол жақта да бойындағы талантын көпке көрсетіп, өзінің өнерге деген сүйіспеншілігі мен дарынын халыққа танытқан. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар туған елге оралған ол Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы өнер колледжіне оқуға түсіп, музыка саласы бойынша білім алады. Одан әрі Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде білімін жетілдіреді. Жастайынан өнерге ғашық болып өскен Кенже Төребайқызы бойындағы дарынын түншықтырмай, өнер қызметкері болуды таңдайды. Ауданға келін болып түскеннен кейін, 1996 жылы аудандық мәдениет үйіне нұсқаушы болып жұмысқа орналасады. Міне, содан бері 22 жыл өнерді жанына серік етіп, киелі сахнаның ауыр жүгін абыроймен арқалап келеді.
– 1993 жылы тұрмыс құрып, Жаңақорғанға келін болып түстім. Кейіннен осы мәдениет үйіне жұмысқа тұрдым. Жолдасым да өзім секілді өнер адамы болғандықтан менің сахнаға шығуыма қарсылық танытқан жоқ. Жалпы, өнер кез-келгеннің басына қона бермейді. Сондықтан, Алланың берген талантын түншықтырмай, осы салада еңбек етіп, халық алдында жүрміз. Бізді көтеретін де, төмен түсіретін де халық. Қойған көріністеріміз бен салған әнімізді көпшілік бағаласа біз үшін ең үлкен абырой осы, – дейді Кенже Төребайқызы.
Жалпы, өнер таңдап қонатын бақ. Ал, бүгінгі кейіпкеріміз бір бойына өнердің бірнеше түрін меңгерген. Ол – әнші, жүргізуші, «Халық» театры мен «Жаңаша» әзіс-сықақ отауының әртісі, Елбасы Жолдауының маңыз­дылығын халыққа насихаттайтын «Дала жұлдыздары» үгіт бригадасының мүшесі.
– Барлығымыз бір мемлекетте, бір аспан астында бейбіт өмір кешкеннен кейін осы бейбітшілігімізді сақтау жолында да еңбек етуіміз керек. Мейлі ұстаз, мейлі дәрігер немесе өнер адамы болсын Елбасының сарабдал саясатын қолдауымыз керек деп ойлаймын. Сондықтан, бүгінде біз «Дала жұлдыздары» үгіт насихат тобының құрамындамын. Топтың басты мақсаты – мемлекет басшысының Жолдауына қолдау көрсету, – дейді кейіпкеріміз.
Иә, жанын салып еңбек еткеннің жұлдызы жана­тынына Кенже Әкімбаеваның өнегелі өнер жолы дәлел. Ол өнер жолына араласқан алғашқы қадамынан бастап халыққа танылып, көпшіліктің ілтипатына бөленіп, құ­зырлы орындар мен мемлекеттік биік марапаттарды иемденіп, облыс, аудан әкімінің «Алғыс хатын» алған.
«Өнер – таусылмас азық, Сарқылмас байлық» демекші, өнерін өміріне балайтын өнерпаз бір шаңырақтың ұйытқысы, аяулы ана. Жолдасы Сайран Ділманов екеуі үш ұл-қызға тәлімді тәрбие беріп, олардан немере сүйіп отырған ұлағатты ата-ана. Өнерпаздардың басын қосқан шаңырақта артынан ерген ұрпақтары да осы саланы таңдаған. Мәселен, үлкен ұлы Айдарбек Молдабек ауданға танымал әнші болса, келіні Самал мен кіші ұлы Бекжан да киелі сахнаның мәдениетін білетін әншілер.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
02 ақпан 2023 ж. 1 344 0