Қақпаншы Анарбек
Анарбек Дүйсенов балықтар қай жерде жайлайды, қандай жерлерде дамылдайды дегенді жақсы меңгерген. Оған құралайды көзге атқан мергендігін қосыңыз. Аңның ізін кесіп, қандыауызы қанжығасыз қалған емес.
Ертеректе Анакеңнің сүрмерген аңшы екенін әйгілеген бір оқиға болады. Оның мәні мынада – ұзақ ауылдан Анарбектің аңшылық өнерін естіген азаматтар арнайы келеді. Топ арасында бір мерген бар екен. Меймандар қос мергенді сайысуды сұрайды. Содан дария жағалап, тоғайды бетке алады. Екі аңшы он оқтан алып, екі бағытқа қозғалады.
– Шыға бере менің алдымнан бір қырғауыл ұшты. Атып тигізе алмадым. Мұны бәрі көрді. Сосын қалған тоғыз оққа тоғыз қырғауыл алдым. Итім бір жерге шұқшиып қадалды да тұрды да, бас салды. Сөйтіп, мендегі қырғауыл да он болды, – деп еске алады аңшы.
Екі мерген қаптағы қырғауылды төгеді. Екеуінен де он-оннан қырғауыл шығады. Он реттен артық оқ атылмағаны мылтықтың дауысы арқылы белгілі. Аңшы ішінен тынып, сыр бермей, індемей тұрады. Бір кезде қонақ мерген: «Әй, жігіттер, мен жеңілдім. Тоғыз оққа он қырғауыл алған мына кісі ұтты», – деп кесім айтады.
Бірде бір танысы тоғайда жүрген асау айғырын атып беруін сұрайды. Анекең жылқыны атуға болмайтынын айтады. Қонағы өлердегі сөзін айтып, көндіреді. Жылқы киелі ғой! Бір жамандықтан секемденіп, тыпырши бастайды. Аңшы жылқының қасиетіне сүйсініп, атудан бас тартады. Бұдан оның мылтықты ермек үшін ұстамайтынын аңғаруға болады. Бұл – қас аңшыға тән мінез болса керек-ті.
Қазір жетпістің бесеуіне келіп отырған аңшы: «Бала кезімнен қариялардың бас қосқан жерлерінде қолдарына су құйып, әңгімелерін тыңдап өстім. Сондай отырыстарда бұрынғы өткен кезеңдердегі қақпаншы, аңшы кісілер туралы айтылатын еді. Әділбек деген менің әкемнің ағасы бар. Сол кісі қақпан салуды үйретті. Сол кісі киікке қақпан құрып жатып «оң аяғына ма, әлде сол аяғына түсірейін бе?» дейтін және айтқанын дәл келетін.
Осындай аңшылар ашаршылық кезінде бір ауылға азық тауып берді. Ұлы Отан соғысы басталғанында Әділбек атамызды арнайы рұқсатпен әскерден қалдырып, екі колхозға қақпаншы етіп қойған.
– 1956 жылдан бастап Әділбек атама еріп, қақпан салғанды көре бастадым. Өзгент көлінен киіктер сәскеге дейін су ішіп кетіп жатады, бірақ, атам суатқа қақпан құрмайды, құмға таман шығып құрады. Кейіннен білдім ғой, жануарлар суын емін еркін ішсін, үркіп, мазалары қашпасын дейді екен ғой. Қанағат тұтып, бір-екі киіктен артық ұстамайтын. Қақпанға түскен киіктерді ауылға таратып беретін. Әдепкіде ауыл айналасына, кейін ауылдан ұзақтап, қасқыр қақпан сала бастадым. Бұл өзі біржағы өнер, бір жағы.
Өз басым қасқырды қатты сыйлаймын. Оның ақылды әрі айлакерлігіне, сезгіштігіне тәнтімін. Тектілігі ғой, қасына келген аңшыны менсінбейді, өзін өте паң ұстайды, қыңсыламай, қабағын бермей, тағдырым осы шығар дегендей боп тұра береді, – дейді қарт аңшы әңгімесінде.
Аңшы сөзін одан ары жалғап: «Қақпан салу ол еңбек, алдымен із кесесің, қай жақтан келіп кетіп жүр, тырнауығын табуға тырысасың. Жерсінген қасқыр айналып жүріп белгі тастайды, оны қасқырдың тырнауығы дейді. Тырнауықты белгілі бір жерге жасайды. Ол жерге басқа аңдар жолай алмайды. Міне, осындай белгілерін зерттеп, сосын қақпан құрасың. Аңшының бір қағидасы бар, ол – ауылға жақын жерге балалаған қасқырға қақпан салуға болмайды, өйткені, қасқыр аса кекшіл болады. Бірлі жарым бөлтірік қақпанға ілінсе, қаншық қасқыр ауылдың малын қынадай қырады. Мені алаңдататыны ата кәсіптің бірі – түрі қақпаншылық өнер кенжелеп барады, – деді.
Шынында, Әкімбай, Сәрсенбай секілді ұсталар соғатын қазақы қара қақпандар жоғалып бара жатыр. Қақпаншының азайып, қақпанның өзінің құрып бара жатқанының басты себебі жастардың ұлттық өнерге құлшынысының төмен болуы әсер етуде.
Анекең әңгімесін шарасыз кейіпте, мұңая аяқтап,үнсіз қалды. Мен ол кісіні жұбататын сөз таппадым. Апыл-ғұпыл қоштасып жүріп кеттім, есік алдында Анекең мен жетімсіреген қазақы қара қақпан қалды.
Абибулла ШЕР