ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТТІҢ СІЗ БІЛМЕЙТІН 5 ҚЫРЫ
Біз бүгін 1-желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіз білмейтін 5 қырын тізбектегенді жөн көрдік.
1. Нұрсұлтан – гольф шебері.
Елбасы Хайнань аралдарындағы демалыстарының бірінде гольф ойнау шеберлігімен жергілікті халықты қатты таңғалдырыпты. Гольф допшасын бастау алаңшадан көмбе алаңшадағы шұңқырға бір ұрғаннан кіргізген. Таңдайларын қаққан қытай мамандары сол жерге ескерткіш те орнатпақ болған көрінеді.
2. Нұрсұлтан – ақын.
Оның суырып салатын қасиеті бар екенін айналасындағылар жиі айтады. Ал өлеңдерімен тек жақындары ғана таныс болса керек. Халық назарына әлі ұсыныла қойған жоқ. Жұрт тек «Елім менің», «Үш қоңыр» секілді әнге айналған өлеңдерін біледі.
3. Нұрсұлтан – құралайды көзге атқан мерген.
Елбасы аң аулағанды, саят құрғанды жақсы көреді. Әрі оның мергендігі туралы түрлі аңыздар бар. Бірге оқыған досы, белгілі заңгер, күні кеше дүниеден өткен Мақсұт Нәрікбаев ол туралы: «Бір жолы атқан оғының жарты шақырым қашықтықта тұрған жануардың жүрек тұсынан дәл тигендігін көрдім. Тек хас мерген ғана осылай ата алады ғой», – деген болатын кезінде.
4. Назарбаев – альпинист.
Нұрсұлтан тау баласы болғаннан кейін бе, альпинизмге қатты құмартқан. Кішкентай күнінде Үшқоңырдың тау-тасын жиі аралап кетеді екен. Кейін Президент болғаннан соң да кәсіби альпинистерге ілесіп, бірнеше шыңды бағындырған. Соның ішінде теңіз деңгейінен 4010 м биіктіктегі Абай шыңының орны ерекше. Бүгінде Алматы маңында Нұрсұлтан шыңы бар.
5. Нұрсұлтан – шебер шаңғышы.
Бала кезінен шаңғыны жақсы көрген Нұрсұлтан Үшқоңырдың биігінен, небір қиын жолсыз жерлермен сырғанағанда алдына жан салмаған екен.
Дайындаған Айсұлу АЛДАНАЗАР.
Пікір 2