№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Біз ұсақталып барамыз-ау...

Біз ұсақталып барамыз-ау...

Бірде досым: «Маған мына үш сауалдың жауабын айтшы» – деді. Жігіттердің кейбірі неге жүйесіз сөзге, өсек-өтірік пен мақтангершілікке құмар? Азаншы болуға емес, қазаншы болуға әуестене бастады? Үшіншіден, әкелік парызды, әкелік міндетті алып жүруден неге жасқанады?
Жауап беруге қиналғаным рас. Зерделеп те көрдім...
Иә, қазір әлеуметтік желі, теледидар мен телефонға телмірген жас көп. Оның іші түрлі негативті дүниелерге толы. Отбасы мен ошақ қасындағы әңгіме, ру мен ұлттық қадір-қасиетке нұқсан келетін, жастарды жаман жолға жетелейтін ағым аз емес. Мейлі ол заманның заңдылығы шығар, бірақ соның ішінде біздің жігіттер, нардай азаматтар ұсақ-түйек тірліктің қам-қарекетінде жүреді. Әсіресе, әлеуметтік желі, facebook-ті ашсаңыз, сол қазақтың қара көздері. Бәріне топырақ шашуға болмайды, тұлпар тізгіндеп, ел үшін дейтін жігіттер де бар.
Анау «Қалауым сен», «Астарлы ақиқатты» айтпағанда, әлеуметті желіде қисынсыз сөйлемдер сорпадай сабылып жүр. Бұл біздің жігіттерге тән қасиет емес ғой. Кезінде Бұқарбай батыр 17 жасында қолына қылыш алып, ел қамына кірісті. Бізге найза алып, атқа қонудың қажеті жоқ. Тек аузымызбен емес, ісімізбен кім екенімізді көрсетейік. Иә, шындық айтқанның айыбы жоқ, тек бетке айтып, туралығын көрсетейік. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ».
Біз қашан сөзден іске, жалқаулықтан білімге көшеміз. Әрине мәселенің барлығы жастарда емес, аға буынның жетісіп тұрғаны шамалы. Соны көріп, соны оқыған бізден аналарымыз бен қаракөз қарындастарымыз не күтеді?
Шыны керек, біз ойлы ой айтудан гөрі, қағытпа қалжыңды қуалап кеттік. Әсіресе, «Іnstagram-ды» ашсаңыз болды, әйтеуір әзілдің ордасы көп. Ол да керек, бірақ жөн-жосықсыз қалжыңның зиян көп. Күлдіреміз деп бүлдіріп алмайық. Ашығын айтқанда, Іnstagram тамақтың, facebook өсектің, ВК төсектің құрбанына айналып барады. Оларды дұрыс пайдаланудың орнына опық жеп қалмасақ игі.
Кейде отырып ойланасың, осы біз кімге ұқсап барамыз деп. Қазақ ірілене түсудің орнына ұсақталып бара жатқандаймыз. Үлкен мен кішінің арасында ізгілік пен сыйластық жоғала түскендей. Бір сөзбен айтсақ, қазақтың мінезі өзгерді, міні көбейді. Бойына қулық, бұлтақтау, кезең асырып жіберу сияқты жат әдеттер ене бастады. Адалдықтың, шыншылдықтың, татулықтың, адамгершіліктің, турашылдықтың орнын жаман қылықтар басып келеді. Тәуелсіздігіміз қолымызға тисе де ұлттық санамыз әлі де бұрынғы қалыптан шыға алмай отыр. Рулық деңгейдеміз...
Қазақта «болар елдің баласы он бесінде баспын дер, болмас елдің баласы отызында жаспын дер» деген аталы сөз бар. «Нағыз ер елу елдің қамын жейді» деген сөз де бекер айтылмаған. Осының барлығы да сайып келгенде ер азаматтың намысшылдығы сөз болады. Ер азамат ұсақталудан сақтану үшін ең алдымен, сөз ұсақтығынан сақтану қажет. Қажеті жоқ, болмашы сөздің жетегінде кетіп, еріп кетпеуді қадағаласа, демек ол азаматта намысшылдық қасиеті басым. «Адам боп тудым анадан, адам боп өлу арманым» деген ұлы Абайдың сөзі бар.
Барлығы уақыттың еншісінде, біздікі ақыл емес, бірлікке үндеу. Әсіресе әлеуметтік желіде құр өсек айтып, елді жамандап, ерсіз болудан қашайық. Екіншіден, «әйел базаршы, күйеу қазаншы» болатын заманға да кетіп бара жатқандаймыз. Осылай жалғаса берсе, еркектен қасиет, әйелден өсиет кетеді. Сосын әкелік міндетті мойнымен көтеріп жүруге қауқарсыз ерлер көбейді. Екінің бірі ажырасу, ол бөлек әңгіме, бірақ қанынан жаралған балаға алимент төлеуден қашатын әкеден не үміт, не қайыр күтуге болады. Біздің айтпағымыз осы, біз былай ұсақталмайық, жігіттер. Ел жүгі біздің мойында.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
18 ақпан 2021 ж. 526 0