ЖІГІТКЕ ҰСАҚТЫҚ ЖАТ..
ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығы. Алматы қаласы. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті. Болашағын ұстаздықпен байланыстырған студенттерге оқытушылар қазақ тіліне байланысты тапсырма берді. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алатын сутденттер іске кірісіп, Медеу ауданын кезді. Ондағы мақсат – көше бойындағы қате жазуларды анықтау. Назардан қоғамдық көліктердегі жазулар да тыс қалмады.
Сонымен, семинар басталды. Оған Медеу ауданы әкімдігінің жауапты маманы арнайы шақырылды. Студенттер ономастика тақырыбын дәлелді, дәйекті қозғап, идеологиялық мәні терең көше баннерлеріндегі қателерді жіпке тізді. Нәтижесінде, кейбір көшелердің атауы мен жарнамадағы қателер дұрысталды.
Сырттан бақылаған жігіттер студент қыздардың қайсарлығына таң қалысты. Тіпті, өзге ұлт өкілдері де ризашылығын жеткізді. Алайда, қарекет жалғасын таппады. Неге?..
Бұл жөнінде көп ойландым.
Бәлкім қолдау болмаған шығар. Мүмкін қысым көрді ме?
Жо-жоқ. Қазақстанда қазақтың мүддесін қорғау қылмыс болып-ты ма? Беттен қағып, аяқтан шалған да жоқ. Қайсар қыздарды дендеп енген ұялы телефон жұтты. Иә, қоғамдық белсенділігін, білім-білігін «Фейзбук», «Ютуб», «Инстаграм» және «ВК-ға» жұмсап, вертуалды өмірдің торына түсті. Соның салдарынан жігіттен жігер, қыздан қылық кетті. Әлеуметтік желі біреудің кемшілігін талқылап, елдегі жағымды-жағымсыз жайларды жазатын платформаға айналды. Тіпті, ұят нәрселерді жариялаудан қысылмайтын болдық. Фейзбуктағы сәукеле киген тыржалаңаш қыздың қылығы соның нақты мысалы.
Осы іспеттес жайттарға (сурет, видео) пікір білдіретін жігіттер тым көбейіп барады. Жеке парақшаларына да «қарындасы» жайлы ұятты посттар жазып, ұялудың орнына мазақ ететіні несі? Міне, біздің қателігіміз осында...
Неге қара көздерімізді көпке көрсетіп, ойымызға келгенді жазамыз. Бұл – мақтанатын нәрсе ме? Қайта намысты қажайтын көрініс емес пе?!
Қазақ қыздарының мұндай жеңіл қылыққа баруына кінәлі кім? Бірінші, әке-шеше. Екінші, қорған болатын ағалары...
Осы жерде мынандай ой қылтияды. Жігіттер, біз майдаланып бара жатқан жоқпыз ба?
Айнара Досанова «ВК» жеке парақшасында:
– Кей жігіттер ұсақталып барады,
Соны алаңдап жаным бүгін жаралы,
Бұрынғылар найза ұстаса ел қорғап,
Қазірлігер боянуды қалады, – деп налиды.
Психологтар мен әлеуметтанушылар ерлі-зайыптылардың жиі ажырасуына ерлердің ұсақтылығы, жауапкершілігінің аздығы да себеп болуда дейді.
«Жігіттен намыс кетсе, қыздан ұят кетеді» деген аталы сөз бар. Себебі, қоғамның тізгіні ер азаматтың қолында. Сондықтан, жігіттерге ұсақтық жараспайды...
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.