№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Азаматтың адалдығы ар тазалығында

Азаматтың адалдығы ар тазалығында

Басшы болмысы іскерлігімен ғана емес, көркем мінезімен ең бастысы, турашылдығымен, адалдығымен өлшенеді. Мұндай қасиет дарыған тұлғалар қай кезде, қай қоғамда болмасын абырой биігінен көрінетіні рас, ізінен ергендерге үлгі бола алады. Біз Сәндібек Қалдыбаевтың өмір жолы, қызметтік ғұмырдариясынан осы бір өнегелікті таныдық. Дара болмысы адалдықты, табиғаты тазалықты сүйетін ауылшаруашылығы саласының ардагерімен «Сенбілік сұхбат» алаңында жолығып, өткен мен бүгінгіні сабақтастырып, қоғам бейнесін қария көзбен қарап, біраз дидарласып қайттық.
Бізді қуантқаны, жетпістің желкеніне мінген кейіпкеріміз газеттің шынайы жанашыры, ойлы оқырманы екен. Төл басылымдағы әрбір мақаланы талдап, таразылап отыратыны таңғалдырды.
– Сізді бүгінгі буын бағыңызда жайнаған жауһарларыңызбен, сұлу гүлдеріңізбен таниды. Әңгімен осыдан бастасаңыз.
– Иә, гүл өсіру менің кәсібім емес, бұл менің – хоббиім. Шыны керек, табиғатта тазалықты дәл осылай сүйетін өсімдік жоқ. Менің гүл өсірудегі мақсатым да сол, олардың осы қасиетіне қарап, әдемілікті, қарапайымдылықты дәріптегім келеді. Сол арқылы өскелең ұрпаққа үлгі беруге де болады. Кейде күйбең тіршіліктен шаршағанда олардың жайқалып тұрғандарын көріп, бәрін ұмытқандай күй кешемін. Елге ақыл айтар жасқа келгенде осы тіршілік иесі маған күш беретіндей көрінеді.
Әзірге гүлдің 16 түрін өсірудеміз. Раушан гүлі бәрінен қымбат, ең тамаша түрі. Әйелім екеуміз оларға ерекше мән беріп, мәпелеп отырамыз. Өйткені бұлар да бала секілді қамқорлықты қажет етеді.
– Қызмет жолыңыздың 40 жылын ауданның ауылшаруашылығы, оның ішінде, зоотехника саласына арна­ған екенсіз. Қос ауылдың әлеуетін арттыруға қаншама жылдар сарп еттіңіз.
– Иә, 1975 жылы Өзбекстанның Самарқанд қаласындағы ауылшаруа­шылығы институтын бітіріп келгеннен кейін, «Красная звезда» совхозына, қазіргі Сүттіқұдық ауылында бөлімшенің зоотехнигі болып еңбек жолымды бастадым. 2013 жылы Жайылма ауылдық округінің әкімі қызметімде жүріп, зейнетке абыроймен шықтым.
Жалпы өзім 1950 жылы Жайылма совхозына қарасты шаруа отбасында дүниеге келдім. Әкем соғыстан кейін, зейнет жасына шыққанша совхоздың малын баққан адам. 1957 жылы Құттықожа мектебінің табалдырығын аттадым, 1964 жылы аудан орталығында ашылған №3 мектеп-интернатқа ауыстым, 10 сыныпты №51 М.Қаратаев атындағы мектепті тәмамдадым. 1969 жылы екі жыл әскер қатарында болып, борышымды өтедім. Осылай өмірім өріле берді.
– Сізді танитын замандастарыңыз білікті маман деп оң бағасын беріп жатады. 
– Менің еткен еңбегімді өлшейтін, таразылайтын халық ғой. Ол өткеннің еншісінде, сонда да сәл тоқтала кетейін. 1985 жылға дейін аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі болып еңбек еттім. Ол кезде Зұлпыхар Мұсаханов саланы басқаратын еді, ол кісінің тәртібі бізді тура жолдан тайдырмады, екінші мәрте әскерде болғандай болдым. Уақытпен жүретін, тәртіп пен тазалықты үйретті. Түскі асқа бір сағат уақыт беріп, үнемі қадағалап отырды.
Райком бюросының шешімімен 1985 жылы сол Красная звезда совхозына қайта бас зоотехник болып ауыстым. Ол кезде коммунистпін, не керек 7 жыл сол қызметте болдым. 1992 жылдан 1996 жылға дейін Жайылма кіші кәсіпорнына ауысып, 1996 жылдан 2013 жылға дейін Жайылма ауылының әкімі болып еңбек еттім.
– Қиындықсыз, қателіксіз қыз­мет болмайды, тоқсаныншы жыл­дардағы тоқырауды қалай еңсердіңіздер?
– Еңсеру оңай болмады, оған дейін де Одақтың қылышынан қан тамып тұрған дәуірде мол тәжірибе жинап, күш-жігерімізді қайрап алдық. Елге қызмет ету жолында қолымыздан келгенін жасадық. 1994 жылы болу керек, қал қарың жауды. Әсіресе, тау беткедегі қардан малдан көбірек шығындалдық. Жылқы жануарының ерекшелігі қара суыққа құйрығын тосып тұрады екен. Ал аяз олардың сындырған дәретін қатырып, соңында тұрған жерінде қатып, қозғала алмай қалады. Біз мамандармен мұзды «поялампамен» ерітіп, тірі қалғандарын тиеп, ауылға алып келдік. Емдедік, қайта тіршілікке қостық. Сол жылдары қыс қаһарына қатты мінді. Техниканың аз заманы еді, тіпті шөп болмай, Павлодар облысынан алып келетінбіз. Міне сондай қиын-қыстау кезеңде де кеуде көтеріп жүрдік, елдің еңсесін түсірмедік. Сыр өңірінде 4 ірі қой совхозы болса, соның бірі біздің Красная звезда болды, 60 мыңның үстінде қойды түлеттік. 
– Қазіргі сіз басқарған саланың серпініне баға бере аласыз ба?
– Бұрындары жоспарлы жұмыс жасадық, ет өткіздік, еңбекақыны маңдай термен алдық. Баға қатаң бақылауда болды. Қазір субсидия мемлекеттен берілуде, мал басы да шүкір көбейіп келеді. Бірақ еттің бағасы шарықтап барады, мемлекет береді, неге өтемі болмады. Кейбіреуінде таңбаланбаған төрт-түлік те жетеді. Балам, әр нәрсенің де сұрауы, өтеуі болады. Осыны ұмытпаған жөн.
– Манап Көкеновпен бірге сапарлас болған десе-ді.
– 1985 жылын Әуелбеков Сыр өңіріне келгенде партконференция өткізді, мен ауданнан делегат болып қатыстым. Жалындап тұрған жас жігітпін, ауданнан сөз сөйлегеннің бірі мен болсам, екіншісі ақын Манап Көкенов еді. Міне, сол уақытта ол кісіні жақын тани бастадым, айтыстың ақтаңгерімен дидарласқан да уақыт болды.
– Ел ағасы шақтан асқан Сәндібек Қалдыбаев қазір қайда жүр, қандай шаруада?
– Әр заманның адамы болады, мен қоғамдық жұмыстарға көп араласпаймын. Қайбір жылдары Құрманғазы көшесінің көше комитеті етіп сайлап, елдің мұңын айттым. Жаяу жүргіншілер жолын салуға ықпал еттім де, комитеттікті өткіздім. Жол жастардікі, қария болған соң тек ақыл айтып, жөн көрсетіп, ізімізден ерген азаматтарға бағыт-бағдар білдіруіміз керек. Жөн-жосық әр шаруаға килігіп, әркімнің әрекетін әшкерілеу ұят, ата сақалы аузына түссе де, болмашыға мұрын тығып жүретіндерді жек көремін. Уақыты келді ме, жолды берген жөн.
Қазір есік алдында гүлден бөлек 25 түп жүзім, 12 түп алма 5 тал алмұрт, жейде, тұт және т.б. жеміс ағаштар өсіріп отырмын. Мамандығым агроном емес қой, бірақ бар кәсіпте, жұмыста адамның интуициясы болады дейді. Барлығын бірінші күннен интуитивті сеземін. Осы маған сай іс.
– Адамзаттың бет-бейнесін, азаматтың болмыс-бітімін немен өлшеуге болады? Өмірден түйген тағылымыңыздан тарқатсаңыз.
– Мал бір жұттық дегендей, қызмет, мансап, абырой-атақ бір күндік ғана. Алла сынап береді, өзі алады. Азаматтың адалдығы – ар тазалығында. Ең бастысы жүрек таза болуы керек, көңіл мейірімге, сана сұлу сөзге, ой жақсылыққа жығылуы тиіс, сонда ғана ер-жігіттің азаматтығы айқындалады. Мен де көріп, естіп жүрмін, қазір қоғам құбылып тұр, әсіресе жігіттердің жасқаншақ болып бар жатқаны жаныма батады. Жастар жанып тұрса деймін, бірақ бір айтар ақылым – ата-ананы тірі кезінде құрмет тұту керек. Ол кісілердің парызын ешқашан өтей алмайсың, тек ризашылығын алып қалудың өзі баға жетпес байлық. Өйткені жәннат есігі әке-шешенің разылығында.
– Соңғы сауал болсын. Апамыз қай саланың жүгін көтерді?
– Апаң ардагер ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 30 жылдан аса сабақ берді. Есімі – Айман Үржігітова. Жаратқан адам баласын өмірлік серігімен жаратады екен деген рас ғой. Шүкір, менің асыл жарым, тілеушім, әрі деушім осы апаң. Екеуміз 5 ұл-қызды өсіріп, немере сүйіп отырған жайымыз бар. Балалардың барлығы да жоғары білімді. Жуырда бір немерем ағылшын пәні бойынша мамандықты қызыл дипломмен бітіріп келді. Жалпы алғанда, өмір өткелінен өтіп, адамның жасы келген сайын уайым да, ауру да жиілей береді екен ғой. Бірақ, бәріне шүкір етіп отыру керек. Менің айтарым осы, балам.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
07 ақпан 2021 ж. 330 0