Әлеуметтік желі: билік пен бұқараны байланыстыратын құралға айналды ма?
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашықтық пен жариялықты ұстаным етіп, әлеуметтік желілерде жазбаларын жиі жариялайды. Мәселен, instagram-да 1,7 миллион, twitter-де 182 мың оқырманы тіркелген. Мемлекет басшысы әлеуметтік желіде ақпаратты бөлісумен қатар, министрлер мен әкімдерге тапсырма беріп, қазақстандықтарды онлайн қабылдауға мән береді.
Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша барлық деңгейдегі әкімдер мен сала басшыларының әлеуметтік желідегі белсенділігі артып, әлеуметпен кері байланысы күшеюі тиіс-ақ. Біз осы бағыттағы бастамаларды байыптадық.
АҚШ-тың 45-ші Президенті Дональд Трамптың 88 миллионнан астам оқырманы бар twitter-гі аккаунты ең қуатты қарумен тең болғаны жарысын емес. Трамптың әлеуметтік желідегі жазбалары өзектілігімен әлем қауымдастығының назарын аударып, журналистер мен блогерлер сүйенетін дерек көзіне айналды. Яғни виртуалды өмірдің салмағы артып, желіге желіккендер саны күрт артты. Бүгінде әлеуметтік желіге тіркелмегендерді уақыт талабынан қалып кеткен, заманауи ақпараттық трендтерді меңгермеген адам ретінде қабылдайды әрі баға береді.
Екінші жағынан, әлеуметтік желі – жаһандағы жаңалықты әп сәтте тарататын, ой-өрісі кемел, өзіндік көзқарасы бар тұлғалардың жүйелі сөз қозғайтын, елді бірлікке үндеп, жұртты берекелі тірлікке шақыратын ақпараттық платформаға айналды. Содан болар, қоғам қайраткерлері виртуалды өмірде белсенділік танытуға күш салып келеді.
Үшінші жағынан, әлеуметтік желі – бизнестің негізгі құралына, ажырамас бөлшегіне айналды. Қазір үйінде отырып-ақ қыруар қаржы табатын адамдар аз емес. Оған әлеуметтік желі арқылы онлайн оқу, онлайн қызмет көрсету түрлерін қосыңыз.
Қысқасы, әлеуметтік желі төртінші индустриялық революцияны жаңа деңгейге, жаңа биікке көтеріп, адамзатты тың бағытқа бұрған құрылғы ретінде есептеуіміз тиіс. Бұл – әлемдік сарапшылар мен зерттеушілердің ортақ пікірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық деңгейдегі басшыларға заманауи коммуникация құралдарын кеңінен қолдануға кеңес бергені сол еді, сала басшылары, кент пен ауылдық округ әкімдері, мектеп пен колледж директорлары жаппай желіге тіркелді. Бірақ белсенділігі қандай? Мәселе осында. Неге десеңіз, жыл көлемінде бір рет те жазба жариялап, өзіндік көзқарасын білдірмеген басшылар басым.
Жалпы әлеуметтік желілердің ішінде facebook-те белсенділік жоғары. Онда үнемі у-шу, қызу талқылау болып жатады. Сондықтан болар әкімдер мен сала басшылары facebook-ке тіркеліп, виртуалды өмірде белсенділік танытуға талпынуда.
Шенділер мен шекпенділердің аккаунттарын бағамдау барысында елдің бас ұстазы Асхат Аймағамбетовтың facebook-тегі парақшасына зер салдық. Министердің іскерлігі мен жаңашылдығы, талапшылдығы мен шешімталдылығын парақшасындағы жазбасынан көруге болады. Білім беру саласындағы жаңалықтарды қарапайым тілде жеткізіп, сала мамандары мен ұстаздар қауымына бағыт-бағдар көрсетеді.
Міне, біздің білім беру саласындағы басшыларға осындай ыждағаттылық жетіспей жатқандай. Шындап келгенде, мектеп директорлары әр ауылдың беткетұтар тұлғасы һәм зиялы азаматы. Иә, мектеп басшылары білім беру саласындағы жаңашылдықтар мен жаңалықтарды желіге жариялап, ұстаздарды ортақ істе белсенді қатысуға бағыттап, ата-аналарға түсіндіріп отырса құба құп.
Әрине көпке топырақ шашпаймыз. Аудандық мәслихатқа депутат болып сайланған №195 мектеп-лецейдің директоры Жанат Жүсіпованың facebook-тегі жазбалары баршылық. №51 мектеп директоры Жеңіс Ибрагимов, №52 мектеп директоры Абдуқадыр Тұрар, №110 мектеп-лецейінің директоры Әділмырза Таждинов, №196 мектеп директоры Талғат Есқабылов, №223 мектеп директоры Болат Әбен және т.б жазба көп жарияламаса да өзгенің жазбаларына лайк басып, пікір білдіруде белсенді.
Әрине, әлеуметтік желі арқылы директордың ісіне баға беруге болмас, дегенмен ауданның ағартушы тұлғалары ретінде жазба жариялап тұрғаны артықтық етпесі анық.
Сыншы Бағашар Тұрсынбайұлының сөзімен айтқанда, тілдей қағазға біртұтам ойыңды жазуға ниеттенсең де, Құдай аузыңа сөз салмаса, бәрі бекер. Иә, Құдай аузыңа сөз салмаса, нені айтасың, мағына қайдан табасың? Дегенмен әр саладағы бастамаларды көпшілікке қарапайым тілде жазуда жазушы немесе журналист болудың қажеті шамалы.
Бұл ретте, аудан әкімі Руслан Рүстемовтің facebook-тегі белсенділігі қалам ұстаған қауымға үлгі-өнеге. Аймақтың бай тарихын зерделеп, тұлғатану тағылымында қалам тартып жүр.
Мәселен, «Ақынның аманаты», «Өнер көкке жеткізер», «Тұнба таланттың тұмары», «Сәтті қадам серпілісі», «Тарихи орындардың қадірін білейік», «Бәсеке бастауы білімде», «Ақын шаңырағына арнайы бардым», «Өз өнімімізді қолдайық!», «Кітап оқу қажеттілік», «Ескерткіштер – елдіктің белгісі», «Бір үзім нанның» авторы хақында бір үзік сыр», «Бексұлтанның бекзат болмысы», «Бұқаралық спортты дамыту басты назарда», «Кітабы жоқ ақын», «Айдархан Бибасаров шежірелі қаламгер еді», «Көркем сөздің көсемі суреткер жазушы жайлы сезім пернесі», «Жылжабар жазба», «Бағыт-бағдарымызды айқындады», «Парыздан биік шың жоқ» сынды жазбасында алаш қайраткері Серқұл Алдабергенов, классик жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов, ақын Адырбек Сопыбеков, жазушы Айдархан Бибасаров, композитор Бексұлтан Байкенжеев, режиссер Әмір Мәжитов және ақын Тұрар Сүлейменовтің адами қасиетін, тұлғалық болмысын, қаламгерлік қуатын жан-жақты ашып жазды. Сонымен қатар мемлекеттік бағдармалардың негізгі мұрат-мақсаты, тарихи орындардың маңызын, білім берудегі жаңашылдар мен аудан спортының арғы-бергі тарихын, бүгінгі спортшылардың жетістігі, кітап оқудың маңызы жайлы ойтолғауларын ұсынып, оқырманын жақсы бағытқа бұрып келеді.
Әкім Руслан Рүстемов желідегі белсенділігін былай түсіндірді:
«Заманауи коммуникация құралдары билік пен халықтың, түрлі әлеуметтік топтардың арасындағы өзара байланыстың тетігіне айналды. Бүгінде қоғамдағы түрлі топтар арасында әлеуметтік желі жедел ақпарат алмасу, ой бөлісу платформасы ретінде қалыптасты. Сол себепті желі арқылы бастамаларды бұқараға таныстырып отыру маңызды».
Солай бола тұра, әлеуметтік желінің игілін көріп, әлеуметке сапалы қызмет етуге асықпай отырмыз. Оны ауданның сала басшылары, кент және ауылдық округ әкімдерінің әлеуметтік желідегі белсенділігінен аңғаруға болады.
Иә, әкімдердің жұмысы көп дейік, бірақ атқарылып жатқан іс-шаралардың мәні мен маңызы жайында бөлісіп, бастамаларымен бөлісіп отырса жараспай ма?
Президент айтқандай, әлеуметтік желі арқылы халықпен емін-еркін пікір алмасып, кері байланыс жасайтын басшылар да бар. Бұл қатарға Ғалымжан Сопбеков, Мәжит Балқожаев, Болат Ибрагимов, Әбілғазы Төлегенов, Аягөз Айдосова, Жомарт Шәуенов және т.б жатқызуға болады.
Facebook-тегі аккаунттарды парақтау барысында көпшілігінің жаңармағанына біршама уақыт болғанын көрдік. Яғни коммуникация құралдары билік пен халықтың арасындағы байланыс тетігі екеніне әлі мән бермей келеді.
Бүгінде әлемнің озық елдері әлеуметтік желінің маңызына мән беріп, халыққа сапалы сервистік қызмет көрсетудің құралына айналдырды. Президенттің әкімдерге әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа түсінікті тілмен жеткізуді тапсыруның сыры – өркениет көшіне лайықты ілесіп, халыққа есеп беретін билік құру.
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА