№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қайда асығамыз?

Қайда асығамыз?


Расымен қазір адамдардың бәрі асығыс. Әсіресе темір тұлпар тізгіндегендердің желдей жүйіткуін, мақтангершілік деп түйіндейміз, жоқ ол да жетер жеріне асығып барады. Ол ол ма, қызметте, бастық болуға асығамыз, кәсіп бастасақ, бай болуға, спортпен айналыссақ чемпион болуға, ән айтып, жұлдыз болуға асығып тұрамыз. Сонда арадағы байланыс, яғни ізденіс, талпыныс, еңбек қайда қалды?


Осыдан 10-15 жыл бұрын барар жерімізге жаяулатып жетіп, тірлігімізді түгендеп, жұмысымызды да жүйелеп қайтатын едік. Бірақ қазір заман ағымына ілесіп, ойымыз шашырап тұрса да, төрге озуға ұмтылып тұрамыз. Ол да дұрыс шығар, мұратына талпынған жететін дәуір бұл. Қаладағы кептеліс, кезек күту уақытымен есептессек біз ауданда тұрып олардан да асығыспыз ғой, шіркін!
«Ақшаң көбейген сайын баратын жер де көбейе береді» деуші еді аға буын өкілдері. Сол айтпақшы, біз асыққан сайын, барлық нәрседен кеш қалып бара жатқан сияқтымыз. Заман көші, өркениет талабы бізді бәсекеге баулып келеді, біз оған ілесуге, ұмтылуға тырысып бағудамыз. Бірақ ерте жетуге, өзгемен иық тіресуге тырысқан сайын кейде опық жеп жатамыз. Сын айтамын деп сындырып аламыз, көтеремін деп құлатып аламыз, түсіндіремін деп жылатып аламыз. Қанша жылдам жүгірсек те, еш нәрсеге үлгермейміз. Артынша күш-жігеріміз біткен кезде «Осы біздер қайда асығамыз? Мәре сызығы қай жерде екен?» деп өз-өзімізге сұрақ қоямыз.
Бенджамин Франклиннің «Уақыт – ақша» деген сөздері есіңізде ме? Осы күндері ол өміріміздің ең басты қанатты сөзіне, тіпті, ұстанымына айналған сияқты. Біз өзінің шартын айтып отыратын супер белсенді, әрі қатал қоғамда өмір сүреміз. Нақтырақ айтқанда, тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін адам ғана болашақта үлкен жетістікке жетеді деген стереотип қалыптасқан. Жоқ барлығын өзің қалағандай өмір сүріп, өзің жолыңмен жүрсең ғана жетістікке жетуге болады. Бұл менің де өмірлік тәжірибемнен өтті.
Ұлықбек Есдәулет ағамыздың керемет өлең жолдары осы ойымды дөп басады.
Асықпайтын уақытта асығамыз,
Ақиқатты несіне жасырамыз.
Жолға шықсақ – жетуге асығамыз,
Жете салып, кетуге асығамыз.

Таңда – бала-бақшаға асығамыз,
Түсте – алар ақшаға асығамыз.
Мүлт кеткенді тергеуге асығамыз,
Біреу өлсе – жерлеуге асығамыз.

Таныса сап, дайынбыз достасуға,
Амандассақ қаяумыз қоштасуға.
Үйлене сап жатамыз ажырасып,
Асығамыз болуға тағы ғашық.

Жағаласып, сандалып, сабылысып,
Жүгіреміз қашанда алып ұшып.
Төзім құрып қалған ба, тағат тозып,
Әлде жүрегіміз кеткен бе сағатша озып.
Уақыт жоқ, уақыт жоқ деп, уақытқа бас ұрамыз,
Осы біздер қай жаққа асығамыз?

Асықпайын десек іс те өнбейді, амалсыз адымдап, жылдамырақ жүгіріп жетуге желпініп келеміз. Біз асықпасақ та қоғам алға жылжиды, өмір ағын судай аға береді. Бір кем дүние...

Әлібек ТЕМІРБЕК
20 қаңтар 2021 ж. 822 0