» » Тұрғындар тілеуі ескерусіз қалмайды

Тұрғындар тілеуі ескерусіз қалмайды


   Жаңақорған кенті жыл сайын жаңарып келеді, әлі де жаңара түсетіні анық. Өйткені кұрмеуі көп мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде. Ең бастысы, елдің тілеуі, талап-тілегі мен ұсынысы ұдайы қадағалауда тұр. Руслан Рүстемұлы ауданға әкім болып келгелі тұрғындармен жиі-жиі жүздесіп, көкейіндегі сауалдарға жауап іздеп келеді. Қорғантоғай мен Ипподром аумағындағы көшелерге осындай мақсатта барып, жергілікті жұртпен кездесті. Топ құрамында аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопыбеков пен Жаңақорған кентінің әкімі Есдәулет Сейілов бар.
Алдымен аудан басшысы Қорғантоғай аума­ғының тұрғындарымен кездесіп, атқа­рылып жатқан жұмыстарымен хабардар етті.
– Мен үшін ел ұсынысы ұдайы қадағалауда тұруы маңызды. Яғни нәтижесі сұралып, бақылау болғанда ғана іс сапалы атқарылады – деп бастады сөзін аудан әкімі.
2015 жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолынан Жаңақорған кентіне кіретін басты көшенін бойы абаттандырылып, ағаш отыр­ғызылып, жарықтандыру жүргізілді. Бүгінде Шал­қиядан келетін жолаушылар енселі, ордалы қонысқа келе жатқанын сезінеді. Дариядан өтіп келетін тұрғындар осындай көңіл-күйді сезінгені абзал. Әкім осы турасындағы ойын ортаға салды.
– Биыл көп шаруа атқарылды. Бұрын небәрі бір-екі көшеге жөндеу жүргізілсе, биыл 31 кө­шеге орташа жөндеу жүрді, жарық бағаналары қойылды, жүргінші жолы жасалды. Енді келер жылдан да үміт көп. Біз отыздан астам көшенің жөндеу жұмысына жобалық-сметалық құжат дайындап, ұсыныс бердік. Оның ішінде Алтынсарин көшесін жарықтандыру, ойын алаңдарын салу, жүргінші жолын жүргізу секілді дария беттің қақпасынан кенттің көрікті келбетін көрсетуді жүзеге асырсақ дейміз, – деді Руслан Рүстемұлы.
Мұнан кейін тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін айтты. Электр энергиясын жүйелеу, күл-қоқыс төгетін полигонды реттеу және т.б байланысты ұсыныстарын айтты. Әсіресе, кенттің шеткі аумақтарына жарық бағаналарын орнату маңызды екені сөз болды. Сондай-ақ Қорғантоғай көшесі асфальтталғаннан кейін жоғары жылдамдықпен жүйіткіген көліктердің саны артқаны, соған байланысты шара қолдануды сұрады.
Келесі кезекте Ипподромдағы Тағаев көше­сіне жол тарттық. Бірер жылдан бері көше тұрғындарының көтеріп жүрген мәселесі – көшені асфальттау және жарық жүргізу.
Руслан Рүстемұлы 2021 жылдың жоспарына сәйкес көше құрылысына қатысты ойын жеткізді, аталған аумақта кезінде инфрақұрылым мез­гілінде тартылмай, елдің ерте қоныстануы сал­дарынан осындай мәселе туындағанын түсін­дірді. Және бұл мәселенің кезең-кезеңімен шеші­ле­тініне сендірді.
2006 жылы жерлер беріліп, үйлер түскенімен бұл аумақта әлі күнге дейін жол жоқ, көше жарығы қосылмаған. Осындай талап-тілектерін жеткізе келген тұрғындарға алдымен кент әкімі Есдәулет Сейлов былай түсіндірді:
– Бұл көше сәл ертеректе берілген, содан бері инфрақұрылымы жасалмай жыл сайын жоспардан қалып кетіп жатты. Сіздердің көтеріп отырған мәселелеріңіз орынды. Дегенмен келесі жылдың жоспарында осы көшенің жарығы мен асфальті бар. Сондықтан енді аз уақыт күте тұруға тура келеді, – деп қысқа қайырды.
Біздің түсінгеніміз, келер жылы Тағаев тұрғындары асфальт пен жарыққа қол жеткізетін болады. Аудан басшысының қызметіне сәттілік тілеген көпшілік осы мәселе ертерек шешілсе деген ниетін жеткізді.

Әлібек Жарықбаев


21 желтоқсан 2020 ж. 924 0