» » Жастық жігер жалындасын

Жастық жігер жалындасын


Кезекті іс-шараға жедел жету үшін қоғамдық көлікке отырдым. Жол бойы көлік ішіндегілердің әңгімесіне құлақ түрмеске әддің жоқ. Сонда айтылғандар ұзақ уақыт санамда жаңғырып жүрді. Егде жастағы кісінің «Қазір жастар не болып кетті? Үлкенді сыйлауды білмейді, тәйірі!» деді орын бергісі келмеген жасқа қарата айтқан сөзіж жастарға жалпы қарата айтылғандықтан маған да ауыр тиді. Сондықтан санамда ұзақ жаңғырып, ойыма маза бермеді. Сосын журналист ретінде сауалнама жүргізіп, жастардың қоғамдағы орнын айқындауды ойладым.


Қоғамдық орындарға арнайы барып, ел ағаларын сөзге тарттым. Қоғамның ойы екіге бөлінді. Бірі жастарды жақ­таса, екіншілері даттайды.
Алғашқы жолықтырған азаматтың бірі Қали Сағымбаев: «Өз басым жас­тарға көңілім толады. Олар техно­логияның тілін тез меңгеріп алады. Арақ ішіп, көше кезіп жүретін жастарды кезіктіре бермейсің», – деді.
Ал Гүлдария Асанбаева есімді кент тұрғыны: «Қай заманда болмасын аға буынын кейінгілерге көңілі толмай­тынын көруге болады. Жастарға өз басым сенемін. Қазір жастардың білімі, біліктілігі жоғары. Тек телефонға көп үңілмесе деймін. Күн ұзақ телефон құшақтап жүреді. Осыдан қауіптенемін», – деп ойын ашық жеткізді.
Марат Есенжол есімді азамат: «Айналамдағы жастарға қарасам тын­дырымды іс атқарып жүргенін көруге бо­лады», – дейді.
Әрине, көптің арасынан жас тол­қынға көңілі толмайтындар да кез­десіп жатады. Сондай ойды Мұрат Ергешовтен естідім. «Жастар жалқау. Жатыпішер. Оған мысал көп. Көбісі ауыр жұмыстан қашады», – деді ол.
Сан алуан пікірге қаныққаннан кейін, жастар саясатын жүргізуге жауапты Жастар ресурстық орталығының ди­рек­торы Наурызбай Орынбасаровты әң­гімеге тарттым.
– Шынымды айтсам, біздің ауданның жастары белсенді, білікті, білімді. Оны елдік істерге белсенді араласып, өз ойын ашық білдіріп жүретінінен көруге болады. Еріктілер жылы аясында 100-ден аса іс-шара өткізілді. Волонтерліктің 7 бағыты бойынша атқа­рылған шараларға 2000-ға жуық жас қатысты. Пандемия кезеңінде ерікті жастардың бастамасымен маска тігіп, тарқату (2000 дана), тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлікпен қамтамасыз ету (300-ден аса отбасы), ауруханаға оттегі концентраторы аппараттарын беру (14 дана) жастардың тарапынан орындалды, – дейді аудан жастарының көшбасшысы.
Жалпы аудан жастарының әлеу­меттік мәселелерге белсенді араласып жүретінінен әлеуметтік желі арқылы хабардармыз. Оның ішінде, Мақтарал ауданында зардап шеккен тұрғындарға 6 жүк көлігіне қажетті гуманитарлық көмек жіберілгенін жақсы білеміз. Ерік­тілердің бастамасымен Жаңақорған кентінде бір тұрғын үй пайдалануға берілсе, Келінтөбе ауылында 1 үй­дің құрылысы жүргізілуде. Қоғам бел­сенділері жастардың бизнес сауа­тын ашып, әлеуметтік желілер арқылы жар­нама жүргізудің тиімділігін үйретіп жүр. Мұның нәтижесі де жоқ емес.
Жастар тақырыбын сөз еткенімізде жастарға мотивация беріп жүретін «Жаңарған Жаңақорған жастары» қо­ғам­дық қорына тоқталу орынды. Қор­дың басшысы Еркінбек Айнақожаев:
– Біздің еріктілер тобының атқа­рып жүрген істері газетке аз шық­қан жоқ. Сондықтан ол жөнінде тоқталмай-ақ қойяын. Біздің қордың мақсаты – салтымыздағы қамқорлық, қайырымдылық сынды дағды-дәстүр­лерді жаңғыртып, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созу, – деді.
Жақында жастар ұйымдарының жетекшілері үкіметтік емес ұйымдар жәрмеңкесіне қатысып, өздері жасаған әлеуметтік жобалардың тиімділігін қорғағанын көріп сүйсінген едік. Жас­тар ауданның дамуына үлес қосуға пейілді екенін байқатты. Кездесуде аудан басшысы Руслан Рүстемов бел­сенді жастардың жобаларын қолдауға болатынын айтты.
Енді жастардың рухани-мәдени тә­лім-тәрбиесі жайында ел ағасы Сайдулла қажы Омаровты сөзге тарт­қан едік. Оның сөзінше, жастар мешітке жақын жүріп, үнемі иманын күшейтуге мән береді. Мұндай жастардан жаман­дық шықпайды.
Қоғамдық көлікте жастар тарапына айтылған ауыр сөзді ауданға белгілі тұлғалардың пікірі арқылы сейілткендей болдым. Бірақ, бес саусақ бірдей емес дегендей, адамның бәрі бірдей емес. Жастардың арасында тентегі де тәлім­дісі де бар.

Әсел РЗАЕВА
02 желтоқсан 2020 ж. 357 0