№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Есірткі бизнесі тыйылмай тұр

Есірткі бизнесі тыйылмай тұр


Сананы тұрмыс билеген қоғамда сандаған жастар санасыздыққа бой алдырып жүр. Есірткіге еліріп, болмашы ақшаға бола арынан аттап, өзіне де, қоғамға да зиянын тигізуде. Жаңақорғанда темір торға қамалған азаматтардың дені ел ағасы жасқа жақындаған жандар. Сондықтан бүгінгі тақырып айтыла-айтыла ауыр, жазыла-жазыла жауыр болған есірткі жайында болмақ.


Дабыл қағып мәселенің түйіткілді жағы мен шешілу жолдарын жеткізген аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғани Тұрсекеев мырза қоғам болып күресу қажеттігімізді алға тартты. Биылғы жылдың 8 айындағы көрсеткіш көңіл көншітпей тұр.
– Жыл басынан бері 115 қылмыстық іс тіркелді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 50 пайызға төмен. Десе де қуануға әлі ерте. Қылмысты болдырмау бағытында «STOP-трафик» іс-шарасы 3 рет, «Допинг» іс-шарасы 1 рет, «Дәрмек» іс-шарасы 1 рет өткізілсе, қазіргі кезде Республика көлемінде «Қарасора – 2020» жедел профилактикалық іс-шарасы бойынша бөлім қызметкерлерімен біршама жұмыстар ұйымдастырылды. Рейд барысында 22 қылмыс анықталса, оның 8-і есірткіні егіп, өсірудің дерегі. Есірткі алқаптарын заңсыз егіп өсіру деректеріне талдау жүргізсек 2-і Кейден, 2-і Төменарық және Жаңақорған кенті, Қосүйеңкі, Қожакент, Келінтөбе ауылдық округтерінің аймақтарында 1 деректен орын алды. Аталған қылмыстар бойынша 9 азамат жауапқа тартылуда, – деді полиция полковнигі Ғани Асанұлы.
Сондай-ақ, азаматтардың есірткі затын өзімен бірге заңсыз алып жүрудің 13 дерегі анықталған, 12-і теріс қылықтар, 1-і ауыр санаттағы қылмыс. Аталған қылмыстар бойынша 14 азамат жауапқа тартылған. Есірткі, психотропты заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізудің 1 дерегі анықталған.
Оның айтуынша елді мекендерде есірткінің түр-түрін егуді жолға қойған тұрғындар бар. Қорасына егіп, оны сатумен айналысатындар міндетті түрде ерте ме кеш пе жауапқа тартылатынын баса айтты.
Әр ауылда кез-келген дау-дамайға нүкте қойып, елді елдестіретін қариялар бар. Сосын ішкі істер органының өкілі, бекітілген жастар жөніндегі маман бар. Біздің базынамыз, қарағайдай қауымы бар ауыл тентегін жолға салса, ауырлау қылмысты ауыздықтауға сеп болар ма еді деген ой ғана.
Тұңғиыққа бойлап, басқа әлемді ойлап, ешнәрсеге бас қатырмай, есірткіге еліріп жүргендердің қатары азаймай отыр. Мұның себебі не? Себебін алыстан іздемей-ақ қояйық. Ала жаздай есірткісін егіп, қыстың қамын сайлаған пайдаланумен қысымен қолын қусырып отырмай жеңіл сауданы өзіне икемдеп алатынға ұқсайды. Бұл тоңып емес, тойып секіргеннің кері. Арысын ойламай, берісімен бақытқа кенелемін деп батпаққа батып, кейін темір торға тоғытылған талай боздақтар бармағын тістеп қалып жатыр. Бұл қылмыстың шеңгеліне жабысқан жанның шығуы екіталай деседі.
Сайып келгенде, қасиетті кітап Құран Кәрімде «Өздеріңді өлтірмеңдер, шынында Алла сендерге рақымды» делінген. Ал біз айтып отырған есірткі адамның өз-өзін өлімге тігуінің құралы.
Ұлт саулығы – мемлекет байлығы. Сондықтан да бұл қылмысты азайтудың алдын алу қоғам үшін өзекті болып отыр. Келешек ұрпақтың баянды болашағының кепілі дені сау, салауатты өмір салтын ұстанған ұрпақ. Олай болса ел болып есірткі қылмысының етек алмауына үлес қосайық, ағайын!

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
14 қазан 2020 ж. 548 0