№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАМАНБАЙ БАТЫР ЕСІМІН ҰЛЫҚТАУ – ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ

ЖАМАНБАЙ БАТЫР ЕСІМІН ҰЛЫҚТАУ – ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ


«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда өткеніміз бен тарихымызды қайта қарап, барымызды қастерлеу, жоғалтқанымызды жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Осы орайда, ел тарихында өз орны бар, Сыр өңірі мен Түркістан тарихында ойып алар орны бар Жаманбай Жаулыбайұлы туралы жазғанды мақұл көріп отырмын.
2002 жылы Түркістан қаласында Жаманбай батырдың ағасы Қоңыр сопының 400 жылдығы деп дүрілдетіп (Бірақ, бұл дерек аздап дұрыс көрсетілмеген. Ширек ғасырға жуық айырмашылық бар. Б.А.) бабаның өз кіндігінен тарқаған ұрпақтары ас берген соң, іле республикалық бірсыпыра басылымдардың бетінде інісі Жаманбай батырдың да 400 жылдығын атап өту керектігі жайлы ел назарын аударарлық мақалалар жарық көрді. Солардың арасында менің есімде қалғаны 2003 жылы еларалық «Қазақ елі» және «Қазақ батырлары» газетінде қосарлана жарияланған «Жаманбай батырдың жанашырлары жоқ па?» деген мақаланы құптап «Заң газетінде» «Түркістаннан Жаманбай батыр тарихын бөле қарауға болмайды», «Үкіметте мін жоқ, әкімдікте үн жоқ», «Жазылмаған тарихымның жолдарын, ауызекі аңызыңнан іздедім» және т.б тақырыптармен бірнеше зерделі топтама мақалалар жарияланды. Не керек, қолға алынған осы игі бастаманың аяғы Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Б.Жылқышиевтен қолдау тауып, соның нақтылы дәлелі – 2007 жылдың қазан айында Жаманбай батырдың 400 жылдық мерейтойын республиклық дәрежеде атап өту жөніндегі ұсыныстары ҚР Премьер-Министрінің 2005 жылғы 18 сәуіріндегі №94-ө Өкімімен бекітілгенін, тіпті, тойды өткізуге шығын жұмсау сметасы жасалғанын, Түркістанда мерейтой аясында «Жаманбай батырдың Түркістан тарихындағы орны» атты республикалық ғылыми практикалық конференция өтетінін, батырға арнап ескерткіш орнату мен мұражай ашу мәселесін де қолдайтындықтарын редакцияға хабарлап, ол жөнінде жасалынған нақтылы іс шара сол кезде газет бетінде қоса жарияланған.
Жарияланған осы мақалаларды қостап 2006 жылдың 23 тамызында аталған «Заң газетінің» №153 нөмірінде «Жаманбай батыр Жаңақорғанға да жат емес» Қызылорда облысының әкімі Икрам Адырбековтың назарына» – деген тақырыппен менің де мақалам жарық көрген болатын. Мақалада Оңтүстік Қазақстанда қолға алынған бұл шараның Қызылорда облысында да жалғасы табылуы керектігі алға тартылған. Өйткені, Жаманбай батырдан өрбіген ұрпақ бүгінде осы облыстың Жаңақорған ауданының басым көпшілігін қамтып отыр. Демек, жаңақорғандықтар да бүкіл исі түркі жұртшылығының мақтанышы Жаманбай батырды ұмытпауы тиіс.
Осылай айтқан соң Жаманбай батыр туралы мына деректі жұрт жадына қайта салғанды мақұл көріп отырмын. 1723 жылы Қаратаудан бүкіл қазақ, (Ұлы жүз бен Орта жүздің ру, тайпалары), осылардың қабатында осы маңда тіршілік еткен Көктің ұлы, Көтенші және Құлшығаштан басқа қоңыраттың ұрпағы саналған 29 баласы ұрпақтары да «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінен босқыншылыққа ұшырап, «Елімайлап» зар жылап, Орталық Азия мен Жиделі Байсынға бас сауғалап жер ауып көшкенде, қасиетті жерге келген қасіреттің ықпалында кетпей, қайта сол бір ен даланы күңіренткен зардан ботадай боздаған өздерінің бойына қайрат-жігер жинай білген, содан «Түбі түркінің ата жұрты атанған туған жұртымызды жау қолында қалдырмаймыз» – деп Түркістанды жау қолына қалдырғылары келмеген жау жүрек Жаманбай мен оның есімін ұран еткен бес баласы және туыс бауырлары «ұлы көшке» ермей қалған. Сол тарихи қасірет «ұлы көш» орын алған кезде тарихи шындық, бүгінгі қазақ жұртынан Түркістан маңында Жаманбай мен оның ұрпағынан басқасы ауып кетеді. Бұл сөздің дәлелі, кезінде Қарабурамен қатар өмір сүріп, қазақтың ата жауларымен қасық қаны қалғанша шабысқан, үлкен ұлы Құрманға сол әулиенің сұлу қызы Жансаяны құда түсіп алып берген, Жаманбай батыр сүйегінің Қаратаудың ең биік шыңы «Жамантасқа» қойылуы, зиратының сонда орналасуы, шығысы – Созақ, батысы – Қарақалпаққа дейінгі аралықты батыр ұрпақтарының күні бүгінге дейін өз ата мекені етіп отыруы.
Осы дерек, осы тарих бүгінгі ұрпақтар ауызынан мақтанышпен айтылуы керек! Бүгінгілер, Жаманбайдың бес баласына таңылған «Қыл белбеу – Құрбан» сөзін де терең ұғына білулері керек. Жаманбайдың жалғыз ағасы әулие Қоңыр сопының зиратында жазылған «Жиенбет – Батырым, Борай – ақылым, «Қыл белбеу Құрбан – Құдайдан кейінгі жақыным» – деп ол кісінің өз ауызынан айтылып, ел құлағында қалған жанды сөзінде ұққанға үлкен мән бар. Құрбан да – әулие. Әулие кім? Өз заманында елді аузына қарата білген дана, сол елді әділ жолмен басқарған имани тұлға. «Қыл белбеу» – соны қуаттап, сол кездің ең мықты үзілмейтін орамы-қыл арқанмен белін буып, жауға қарсы тұрған қас батыр азаматтардың сұсы. Белін мықтап бумай қай батыр қас дұшпанына қарсы тұрған. Белді буар белдіктің әкесі ол заманда қыл белбеу аталған. Өз заманында осылай тіршілік еткен Құрбан Ата әулие мен оның төрт тірегіндей болған інілерінің есімдерінің өзі өзгелерге өнеге сабақ болуы керек. Ноғай есімі – кезінде қоңыраттан шыққан, Ноғай ордасын билеген, әйгілі Ноғай батыр бабаларының есімін ұлықтап тұрса, Жауғашты батыр – атына заты сай, туған жеріне аяқ басқан жауын түре қуып, мысын қашырған тұлға. Сол кездегі елден ерен қара күштің егесі атанған Таңатар болса, қас батыр ғана жанына серік етіп жауына қырғидай шүйілген киелі қаруының қауқарлы атымен Шоқпарлы атанса, кенже інісі, салмағын атан түйе әзер көтерген Мәмбет те жаужүрек ағасындай ата жауын қирата тиер алдаспан айбаты үшін Қира баһадүр атағын алған. Тіпті Құрбан деген есімнің өзін баласына – діңгегінде діні бар Қоңыр сопының туған інісі Жаманбай батыр сияқты адам ғана қойса керек. Бұлар кешегі Алтын Орданың абыройын сақтап қалу үшін жанын берген Едіге мен ханнан да қаһарлы болған иманды Нағанайдың нағыз ұрпақтары. Ата жұрттарынан күні бүгінге дейін тапжылмаған бұл батырдың ұрпақтары 1726 жылы Жоңғарға қарсы жер-жерден құралып келген үш жүздің құрылтайы өткен «Таңбалы тасқа» жиналғандарды дастархандарын жайып күтіп алғандар, одан кейінгі Абылай ханның тұрақты әскерінің де негізін құрағандар екенін Шоқан Уалихановтың өзі куәлік етеді. Ізденген жан Жаманбай мен оның батыр ұлдары туралы әйгілі Майлықожа, Құлыншақ, Шәді мен Нұртілла ақынның жырларын оқып, қанығуларына да болады. Жаугершілік заманда осылай бүтін бола білген Жаманбай ұрпақтарының сол ынтымағы ешуақытта селдір тартпауы керек.
Осы ретте, жаңақорғандық Жаманбайдың ұрпақтары өздері тұрып жатқан аудандарында, ауылдарына батыр бабаларының есімін ұлықтап жатқаны құптарлық жайт емес пе?! Оның үстіне, бүгінде Бесарық ауылдық округіне қарайтын Талап пен Кеңес аталатын екі ауылдың тұрғындары түгелдей Жаманбай батырдан өрбігендер. Бір ескертер жайт, 2006 жылы осы округке Бесарық атын беруде асығыстық орын алды. Олай детінім, «Бесарық» өзенінің екі жағына иін тіресе аралас-құралас орналасқан бұл екі елді мекен де кешеге дейін «Жаманбай болысы» деп аталған болыстық құрамында болған ауыл.
Болыстықтың қарамағында 1880 жылдарға дейін 11 елді-мекен болған. Сол кешегі патшалық кезінде мың құбылған шованистік саясатпен бұл ауылдар бірде Түркістан уезіне қараса, бірде Перовскі уезіне, тіпті Қоқан, Бұхара, Жызақ уезіне де қараған кездері болған. Болыс атауы да бірде Сауран, Жаңақорған, Сырдария атанса, бірде №3, бірде №5 ауыл деп те өзгертілген. Бұл деректі нақты білгісі келетіндер, ғылыми еңбек «Қоңырат тарихы мен шежіресі» («Курсив» баспасы, 2016 ж) кітабы мен сол шежіренің жазылуына негіз болған тарихи мұражай қорынан (ӨРОММ, ҚРОММ) табуына болады. Қолға алынып отырған бұл тіршілік, түптеп келгенде тарихта бұрын болған ауыл атын ел егемендігін алуымызға орай, өшкен тарихымызды әділдікпен қайта қалпына келтіру ғана болып шығады.
Мұрағаттағы шежіре ауызға алынып қалды ғой, осы орайда тәрбиелік мәні бар мына бір дерек-оқиға ұрпақ жадында жүрсін деп түсіндіріп айта кеткенді мақұл көріп отырмын. Тарихын айтсақ, бүгінгі Бесарық ауылдық округінің жер көлемі Қаратаудан Сыр асып сонау Қарақалпаққа дейінгі жайылған аралық Жаманбайдың бес баласының ортаншысы Ноғай ұрпақтарының еншісіндегі ата қонысы. Ағасы Құрманның балалары о баста суы мол Қаратаудың батыс тұмсығындағы Құттықожа бастауында орналасқан бір ұлы Киікшінің екі баласының арасына суға байланысты реніш кіріп, содан Шегірі өз ұрпақтарымен Отырар асып көшіп бара жатқанда, әкесінің інісі Ноғай ағасы оны көрші үлкен ағасы Жауғашты ауылына жеткізбей, алдарынан сауға сұрап шығып, көшті тоқтатып, өздерінің иелігіндегі атына заты сай «Бесарық» атанып бес арық болып ағып жатқан судың, Жауғашты бауырымен шектесер шығыс бөлігіне жайғастырып, сол бір арық суды өздеріне еншілеп беріп, бауырлық ынтымақтастығын көрсеткен. Содан Шегір ұрпақтары күні бүгінге дейін осында өсіп-өніп келеді. Содан бергі арада он аталық уақыт өтті. О баста бауыр болғанымен, бүгінде жеті атадан асқан соң, қыз алысып, қыз беріскен көрші екі үлкен ауыл болды. Ел көбейсе, тіршілік түйткілі бар, дос бар, дұшпан бар, арада әңгіме де көбейеді емес пе...
Мына сілтеме жасап көрсетіліп отырған мұражай құжаттарына көз салсақ, ағайынды осы екі туыстың арасына орыстардың жымысқы арандату әрекетімен 1874 жылы Түркістан уезінің «Алты ата» және «Жаманбай» болыстары арасында Бесарық өзені бойындағы су үшін дау болғаны туралы тарихи хаттама құжат сақталыпты. Осы жылы «Алты ата» болысының құрамындағы 500 үй ноғай руы мен «Жаманбай» болысы құрамындағы Шегірдің 150 үйі арасында орын алған су дауы мәселесін шешу үшін, осы екі болысқа қарайтын уездің 11 болысынан 22 би төтенше сьезге шақырылған. Дауға билік айтуға «Жаңақорған» болысынан Тасболат Кенжин, Айжарық Арғынбеков, «Тама» болысынан Келдібай Аталақов, «Сырдария» болысынан Қуандық Қартабаев, «Божбан» болысынан Алдаберген Мырзабаев, Қоқанбай Тұяқбаев, «Маңғытай» болысынан Шоқат Бабатаевтар қатысқан. Өз билігі мен мәртебесін көтеруде мәселені ушықтыра түсу үшін сол кездегі Уезд бастығы Чебаторев өз жарлығымен Төбе би Бәймен Сағындықовты сьезд барысында басқа бимен ауыстыруға дейін барыпты. Аға болу оңай емес, сол кезде де ноғай ұрпақтары өздерінің ағалық жолынан жығылмаған. Ноғай басшылары: «Атамыз қауыштырған Шегір бауырларымызбен алдағы уақытта да ынтымақта өмір сүреміз, таластары екінші арық болса оны да береміз» – деген бауырлық пәтуа айтқан соң, Бесарықтың шығыс жағындағы екі арықты шегірлерге, батыс жағындағы үш арықты ноғайларға беру туралы билер сьезінің шығарған шешімін уезд бастығы Чеботарев бекітіп беріп, сол Жарлық күшіне енгізілген.
Мұрағаттағы бұл деректі неге алға тартып сөз етіп отырмын. Бұл деректе де күні кешеге дейін бұл жер «Жаманбай болысы» – деп жер атауы көрсетіліп тұрғанын айтумен қатар, туыстық, бауырлық, ынтымақтың бастауында Жаманбай батырдың аты мен рухы тұрғандығын, оны ұрпақтары сол қалпында құрметтеп өтуі керектігін ақсақалдықпен ескерту. Қазір осы екі атаның баласы бір әкімшілік аясында ұйысып отырған соң, тарихи ескі атауымен «Жаманбай батыр ауылдық округі» аталып жатса, өткенге құрмет, кейінгіге сабақ болсын деген ой.
Кезінде Жаңақорған әкімшілігінен алған осы жауап хаттан соң, өмірімнің соңғы қырық жылында Алматыда тұрып жатқан менің бұл мәселемен айналысуға уақытым болмай кетті. Барсам мәселе аяқсыз қалып қойыпты. Қолға алынған қай нәрсенің болмасын іздеушісі болмаса осылай аяқсыз қалатыны мына заманда қалыпты жағдайға айналып отыр ғой. Сондықтан өзім көтерген мәселеге қайта оралып, қайта мақала жазып, соңын
Бисмиллаһир И рахманир Рахим
Түбі Түрік – Түркістанның маңында,
Жаны айналған самал жел мен сағымға.
Батыр баба Ер Жаманбай жайғасқан -
Бар ғұмыры өткен от пен жалында.
Тұмарындай – Қазақстан төсінің,
Қарашықтай қорғап Түркі бесігін,
Ұрпағына аманаттап қалдырған
Ұмытпайық, ер Жаманбай есімін!
Ұмытпайық, ұмытпайық бабаны,
Бізге керек әруақтардың сабағы.
Тәу етем деп Түркістанды іздеген,
Ол бәрібір – Жаманбайды табады! – деп түйіндегім келіп отыр. Есімі жырға айналған, ел аузында жүрген баһадүр Жаманбай Жаулыбайұлының есімін ұлықтау – ұрпақтар парызы!
Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,
жазушы.
22 қаңтар 2018 ж. 1 741 0